Онлайн газет



ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ ҮЛГІСІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде күн санап саяси – әлеуметтік, экономика, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы салаларында көптеген жетістіктерге қол жеткізіліп жатқаны белгілі.
Осы орайда, Ынтымақ ауылдық округінде де айтарлықтай игі жетістіктер орын алуда.
Атап айтқанда, Мәдімар ауылының кіре берісінде негізі қалана бастаған демалыс паркі, көше бөліктерінің жарықтанып, жолдардың жөнделуі, орталықта орнатылған «Даңқ кешені» мемориалы, Мәдімар болыс мешіті мен ескерткіші, Саяси қуғын – сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, ауданның Құрметті азаматы Нілзия Рақышеваның бастамасымен ашылған «Алғашқы механизаторлар аллеясы», «Өркенді елдің өр тұлғасы Әлім Қолдасовқа - 100 жыл», «Әнші даланың дара перзенті Жақсылық Сәтібековке - 80 жыл» сияқты мәдени іс-шаралар соның айқын дәлелі.

ӨМІРДЕРЕК
Нұрланов Райыс 1918 жылы, Қазан төңкерісі дүрбелеңі тұсында дүниеге келген. Әке – шешесінен ерте жетім қалып, Әулиеата қаласындағы «Балпық сарайы» балалар үйінде тәрбиеленген оның балалық және жастық шағы коллективтендіру, байларды тәркілеу, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін сынды толып жатқан нәубеттерге байланысты қиындықтармен өтеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына алынып, артиллерия полкі құрамында соғысады.
1946 жылы майданнан елге оралған соң ауыр жылдар зардабынан төмендеп жүдеген ауыл шаруасын қалпына келтіру жұмысына белсене араласып кетеді. 1976-1955 жылдар аралығында трактор бригадасының механигі болып істеді. Колхоздар біріге бастаған жылдары шаруашылықтың маңызды салаларында жемісті еңбек етті. Бірнеше жыл егіс бригадасында есепшілік қызметте болса, кейінірек тауарлы сүт фермасын басқаруға  жіберіліп, онда да өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылады.
Ол кісі зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай шаруашылықтағы қолынан келетін жұмыстардың басы – қасында болып ақыл кеңесімен бөлісіп отырды. Өмір жолы қиындықтар мен күрестерге толы, жігерлі қайраткер, Құрметті колхозшы, «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «ІІ – дәрежелі Ұ.О.С» ордендерінің және 30-ға тарта түрлі дәрежелі медальдердің иегері, Мәскеуде өткен ауыл шаруашылық көрмесінің 4 дүркін жүлдегері, ардагер  Райыс Нұрланов артында айшықты із қалдырып, 1993 жылы дүниеден озды.
Айтулы шараның жалғасы іспеттес тағы да бір игілікті іс - ауыл тұрғыны болған, еңбек ардагері Райыс Нұрлановтың 100 жылдық еске алу болды. Ырысты мекеннің айбынды ардагері атанған  Райыс ақсақалдың ұрпақтары «Еңбек ардагерлері аллеясы» құрылысын қолға алып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынды.
Тақта тастың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев:
«Орнында бар - оңалар» деген даналық қағида бар. Бүгінгі күні ардагер ағамыздың ұрпақтарының күшімен тұрғызылған, оның есімін ұлықтауға арналған тағы бір тамаша нысан – «Ардагерлер аллеясының» ашылу салтанатына куә болғалы отырсыздар. Бұл бүгінгі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өміршең жобасының бір тамаша көрінісі деп білемін"-дей келе, нысанды сыйға тартып отырған ардагердің ұрпақтары, ұл – қыздары мен жанашырларына алғыс сезімін жеткізді. Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, ауылдық округ ақсақалдары алқасының мүшесі Төлен Мырзахметов аллеяның лентасын қиып, тақта тасқа гүл қойды.
Бұдан соң Райыс атаның 100 жылдық мерейтойына арналған іс – шара ауылдық клубта өз жалғасын тапты. Шара қатысушылары алдында ауылдық округ әкімі Мейірбек Ноғаев Райыс Нұрланов қарияның өміржолы туралы баяндама жасаса, ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Шохайбаев келген қонақтарға ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, "Тараз" триосы мен ауыл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
Ауыл тұрғындарына және қонақтарына ас таратылып, Райыс ақсақалдың рухына құран бағышталды. Сондай-ақ, шара ұйымдастырушылары ауыл қарияларына құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
Соңынан спорттық ойындар: ерлер, әйелдер күресі, көшеаралық арқан тарту жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға Дипломдар мен ақшалай жүлделер табыс етілді. Атаның ұрпақтары күз айында өтетін Ұлттық ойын көкпарға екі жүз мың теңге, кіші футбол алаңшасына жиырма мың теңге ақшалай демеушілік жасап, ауылдастардың алғысына бөленді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
“Ауыл жаңалығы”.

Обновлено 26.07.2018 12:13
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2098
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада4259
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда20889
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2272558

Серіктестер