Онлайн газет



АСТАНА - ЖАСАМПАЗ ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

Астана - талабы таудай жастарға жол ашқан қала. Жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен. Арман құшып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Бір сөзбен айтқанда - жасампаз жастардың қаласы.
Сөздікке жүгініп, парсы түбірінен қазақша түсінігін іздейтін болсақ, «Астана» - "табалдырық", "босаға", "кіре беріс", "сарайдың қақпасы", "салтанатты орда есігі" деген ұғымдарды білдіреді. Астана жас тәуелсіз мемлекеттің тарихына өз алтын бетін жазып үлгерді. Өздеріңізге белгілі, 90-жылдардың ортасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ешкім күтпеген жерден оңтүстікте орналасқан Алматы қаласынан республикамыздың қақ ортасына Астананы ауыстыру туралы шешім қабылдады. Көп ұзамай Астана еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірдің қайнаған ортасына айналды.
Астана – болашақтың каласы, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала, баршамыздың арман қаламыз. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Тарихы мен табиғаты, сәулеті мен бүкіл  тіршілігі дара, ғажап үлгілі күйіміздің күмбірі, көңіліміздің  жыр-гүлі жас қала - Астананың  күн сайын  көркейіп,  еңсесі биіктеген қалаға айналуы өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандыруда.  Өйткені, Астананың  уақыт өткен сайын адам танымастай өзгеріп келе жатқан сәулеттік келбетіне талай адам таң қалатыны анық. Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңның ұшар басында аңыздағы «Самұрық» құсының қола мүсіні бейнеленген «Қазақ Елi» монументі, Астананың сәулет жарасымдылығындағы көрнекті орын – Тәуелсіздік сарайы, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Думан» ойын – сауық орталығы.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, Астана - бүгінгі күні үш тілділіктің де дамыған ортасы, ондағы жастардың көбі үш тілдің де қажеттілігін,  маңыздылығын жете түсінеді.
Мен Алматы қаласы, Алатау ауданында орналасқан №178 физика-математика лицейінің түлегімін. Оқу орнын үздік бітіріп, шет тілдері университетінің "Журналистика" факультетіне түсуге дайындалып жатырмын. Әкем Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы, бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысса, анам мәдениет саласында қызмет етеді. Отбасында өзім, менен кейін екі інім бар. Былтырғы жылы шілде айында отбасымызбен Астана қаласында өткен "ЭКСПО" мамандандырылған көрмесін тамашаладық.
Сәні мен салтанаты жарасқан Астана “ЭКСПО” ғимараттары арқасында онан сайын әсемдене түсті. Көкпен таласқан таңғажайып қалашық кімнің болса да назарын аудартқаны анық. Әсіресе, айнала қоршаған ғимараттар арасында шар тәріздес, көрменің орталық нысаны «Нұр Әлем» павильонын екшеп айтуға болады. Сәулетшілердің айтуынша, бұл – диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Міне, дәл осы «Нұр Әлем» павильонында келген қонақтар Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерімен танысты. Атап айтқанда, тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, салт-дәстүріміз бен ғасырлардан қалған ғұрпымыз, талайдың таңдайын қақтырар табиғат кереметтері, толағай табыстарымыз бен жемісті жетістіктеріміздің көрмесі осы ғимаратта орналасты. «Болашақ энергиясы» жобасы да – дәл осы «Нұрлы Әлемнің» басты элементінің бірі. Сондай-ақ, бұл алып шар ішінен жаңартылған энергия көздерімен танысуға мүмкіндік туды. Жаңа технологиялар алаңына айналған бұл ғимараттағы кереметтер келушілердің таңдайын қақтырды. Мұнан басқа энергетиканың заманауи дамуы жағдайында, адамзаттың ғарыш пен Жерден пайда болатын энергияны қолдану идеясы, қазба байлықтарының таусылуы мен қоршаған ортаның ластануына әкеліп соқтырған жаҺандық энергетикалық дағдарыстың түйткілдерін ұғыну сынды тақырыптарға бағытталған тақырыптық павильондар, көрменің ашылуы мен жабылуы, форумдар мен мәдени іс-шаралар өтетін конгресс-орталығы, көрменің басты ойын-сауық алаңы болып отырған Амфитеатр, әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Франция, Жапония, Корея, Италия, Ресей, Малайзия, Таиланд, Түркия сынды алып мемлекеттерінің экспозициялары орналасқан халықаралық павильон, Болашақ Энергиясы саласының озық технологиялары ұсынылған "ЭКСПО-2017" көрмесінің басты тақырыптық павильондарының бірі – үздік тәжірибелер аймағы, әлемнің түкпір-түкпіріне үздіксіз ақпарат таратып отыратын медиа-орталық та көрмеге келушілердің көңілін бей-жай қалдырмаған еді.
Мен үшін Астана — ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті дер едім. Болашағын  Астанамен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі — ғылым-білімге деген, келесісі — жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни, бәсекелестік өте жоғары, ал, бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.
Астана — бұл кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер көрінісінің нышаны. Бұл саяси батыл қадам. Астана шаңырағы әлі де болса биіктей түспек. Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Ал, оның ертеңгі еңсесін көтеретін бүгінгі жастар деп білемін.
Өз басым Астананы ештеңеге теңгермеймін,  жалынды жастықтың ордасы әрдайым жүрегімде. Астанам, өзіңе бәрі үшін шексіз алғыс жаудырамын! Туған күнің құтты болсын!

Айнура ҚҰТТЫБАЙ,
Алматы қаласындағы №178 физика-математика лицейінің түлегі.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1057
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада1057
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16133
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267802

Серіктестер