Онлайн газет



БАЙЗАҚ - ОБЛЫС БОЙЫНША БІРІНШІ ОРЫНДА

Тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақ десек,  Президент жыл сайын  Қазақстан халқына жолдаған  Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп,  «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетеді.
Сапа – оқушының тынымсыз еңбегінің, ал,оқытушының шығармашылығымен ізденісі, жүйелі жұмысының нәтижесі екені сөзсіз. Осы сапа көрсеткіші ҰБТ қорытындысымен бағаланады. Жыл сайын мектеп түлектері

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Әр тестілеу сайын мыңдаған ата-ана мен ұстаз бұл айрықша емтиханның нәтижесі қалай болар екен деп қобалжиды. ҰБТ - мектептің, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың оқу кезеңінде атқарған күллі қызметіне баға беретін өзіндік бір ерекше шара болып табылады.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында біздің ауданның мектеп бітіруші түлектері облыс бойынша бірінші орыннан көрініп отыр. Бұл, түлектерді он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатып, сапалы тәрбие, саналы білім берген ұстаздардың, оқушылар ата-аналарының, аудан әкімдігі білім бөлімі қызметкерлерінің еселі еңбектері деп айтуға болады. Ендігі кезекте, аудан әкімдігі білім бөлімінің бізге берген қорытынды мәліметтеріне назар аударсақ.
Ағымдағы оқу жылында аудандағы жалпы білім беретін орта мектептерді 804 оқушы бітірсе, олардың 496-сы ҰБТ-ға қатысқан. Осы түлектердің 492-сі  қазақ тілінде, 4 оқушы орыс тілінде сынақ тапсырған екен. Жалпы орта мектептердің түлектері осы жылдың 21, 23, 25 маусымы күндері ҰБТ-ға үш лек бойынша қатыстырылған. 21 маусым күні бірінші лекте 10 мектептен 133 оқушы, 23 маусым күнгі екінші лекте 10 мектептен 242 оқушы, 25 маусым күні 12 мектептен 121 оқушы, жалпы 496 оқушы толығымен қамтылған.
Мектеп бітірушілерді ҰБТ өткізу пунктіне тасымалдау қызметін “Альмухамедов Серік Тажмедович” жеке кәсіпкерлігі техникалық сараптамадан өткен автокөліктермен атқарса,  түлектердің  сынаққа қатысуын және алдағы уақытта ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын күшейтіп, қатаң бақылауда ұстау мектеп директорларына тапсырылды. Сонымен қатар, ҰБТ өткізілетін күні әр мектептің медбикесі мен психологы қатысып, ҰБТ өткізу кезеңінде түлектер арасынан менингококкты инфекциямен сырқаттанудың алдын-алу шаралары толық қамтамасыз етілді.
Денсаулығына байланысты бөлек аудиторияны талап еткен Жамбыл атындағы орта мектебінің түлегі  Нұрдос Жанболатұлына аудан әкімдігі білім бөлімі тарапынан Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы О.Жолдасоваға хат жолданып, мәселе оң шешімін тауып, ол ҰБТ қорытындысы бойынша 101 балл алды.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден 0-49 балл аралығында жинаған оқушы, яғни, шекті деңгейден өте алмағандар саны – 4 (0,8%) оқушы болды. Аталған бітіруші түлектер  ағымдағы жылы тамыз айында КТ қатысатын болады. Сондай-ақ, 50 – 100 балл аралығында жинағандар саны – 253 (50%) болса,  100 - 140 балл аралығында – 239 (48,2%) оқушыға жетті. Ең жоғары – 136 баллды Көктал орта мектебінің оқушысы Асылзат Дәуренқызы қол жеткізді. ҰБТ-дегі орташа балл 100,6, өткен жылмен салыстырғанда 17,4 баллға артты (2017 жылғы орташа балл - 83,2) құраған болатын. 2018 және 2017 жылғы ҰБТ-ның орташа балл көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, өсу динамикасы 29 орта мектепте байқалып, 3 мектепте орташа балл көрсеткіші төмендеп отыр екен.
«Алтын белгі» белгісіне үміткерлердің барлығы, 15-сі де 100-ден жоғары балл алып, өз білімдерін дәлелдесе, “Үздік аттестат” үміткерлерінің 17-сі 100-ден жоғары балл алса, 3 оқушы төмен нәтиже көрсеткен. Биылғы оқу жылы байзақтық мектеп бітіруші түлектер үшін жемісті жыл болды. ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалған мектеп бітірушілер облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Біз де аудан тұрғындары атынан сынақтан сүрінбей өткен түлектерге ақ жол тілейміз.

Бет қатталып жатқанда:
Бітіруші түлектердің назарына:  Жоғарғы оқу орындарына түсу үшін өтініштерді қабылдау мерзімі кешенді тестілеуге 1 маусым мен 20 маусым аралығында, шығармашылық емтихандарға 20 маусым мен 7 шілде, арнаулы емтихандарға 20 маусым мен 14 тамыз, қайта ҰБТ және КТ тапсыру 25 шілде мен 3 тамыз аралығында болса, конкурсқа қатысу 18-26 шілде және студенттер қатарына 25 тамыз болып бекітілген.
Осы орайда, емтихандарды тапсыру мерзімі, кешенді тестілеу 14-18 шілде, шығармашылық емтихандарға 8-13 шілде, арнаулы емтихандар 20 маусым мен 14 тамыз және қайта ҰБТ және КТ тапсыру 15-19 тамыз аралығында өткізілетінін ескертеміз.

 

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
“Ауыл жаңалығы”.

Обновлено 02.07.2018 11:20
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін571
mod_vvisit_counterКеше1241
mod_vvisit_counterОсы аптада6816
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда14457
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2266126

Серіктестер