Онлайн газет



“АҚТАС ӘУЛИЕ” БҰЛАҒЫ- ДЕРТКЕ ДАУА

Отбасыңда бір адамға кесел жабысып ауырса, ем іздеп әуре-сарсаңға түседі екенсің. Осыдан екі жыл бұрын сегіз жасар немеремнің балтырына жара шығып (псориаз) көрсетпеген дәрігеріміз, апармаған емші-балгеріміз қалған жоқ болатын. Аяғындағы жарасы одан бері өршіп үсті-басына, мойнына дейін жайылып кеткен еді.

Оңтүстік Қазақстан облысында «Ақтас әулие» деген жараға шипа бұлақ бар дегенді шымкенттік бір танысымнан естіп, биыл мамыр айының 26-шы жұлдызында немеремді алып бес күн емделіп қайттық. Бұл да бір Алланың пендесіне деген шапағаты шығар, екі күннен соң жаралары ақтаңдақтанып, төгіліп түсе бастады. Қазір, аяғында бір-екі жерінде ғана қалды. Суды күнде ішкізіп, аяғын жуып жатырмыз. Құдай сәтін салса, таза жазылар деген үмітіміз зор.
«Ақтас әулие» бұлағы қатар жатқан екі таудың орта тұсынан шығып жатқан бұлақтар екен. Бірі - Ата бұлақ, екіншісі - Ана бұлақ. Екеуінің арасы 600 метрді құрайды. Құрамында отыздан аса химиялық элементтер бар дейді. Түске дейін ер адамдар Ана бұлақта, ал, әйелдер Ата бұлақта ем қабылдайды. Түс ауған соң ауысып түседі екен. Екі бұлақтың басы да темір қоршаумен қоршалып, етек жағынан таспен қалап, көлшік жасалған. Бар адамдар жоғары жағынан суын ішіп, етек жағындағы көлшікке жатуы тиіс. Сосын күнге қыздырынып қайта түседі. Сонау сексенінші жылдары үкімет санатория ашпақ ниетпен бұлақ суларын Пятигорск ғылыми-зерттеу институтына жіберіп, ол жақтан асқазан-ішек, бауыр және экзема, псориаз сияқты тері ауруларына емдік қасиеті жоғары деген жауап та алынған екен. Бірақ, Одақ тараған соң бәрі де жайына қалып, тек, 2004 жылы Сералиев Омархан деген жеке кәсіпкер сатып алып, иелік етіпті. Басына киіз үйлер тігіп, вагон үйлер қойып, асхана салып, елге қызмет етуде екен. Жатар орын әр адамға, күндігіне мың жарым теңгеден жоғары қарай. Үш мезгіл ақылы ыстық тамағы бар. Ем алу кезеңі мамыр айынан бастап қазан айына дейін. Орналасқан жері: Шолаққорғаннан Шымкентке баратын үлкен жолдың жиырмасыншы шақырымында «Ақтас әулие» деген белгі тұр. Осы жерден күннің батысына қарай 18 шақырым екі таудың ортасындағы тастақ жолмен барады. Біз Тараздан шығып Ақкөл, Байқадам арқылы жүргенімізде арақашықтығы 240 шақырым болды.
«Ақтас әулие» бұлағының дертке дауа емдік қасиетін өз көзімен көріп келгесін, біреу болмаса біреуге септігі тиер, ауруына ем болар, деген ниетпен көпшілікке жеткізгім келді.

Аманғазы ХАЛЫҚОВ,
Тегістік ауылының тұрғыны.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1001
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада1001
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40002
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247388

Серіктестер