Онлайн газет



білім саласын басқарған бірінші ұстаз

Бүгінгі таңда, ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толып, осы торқалы той аясында түрлі іс-шаралар аталып өтілуде.
Ауданның экономикалық, қоғамдық, саяси-әлеуметтік деңгейі еселеп артты. Өлкеміздің осындай деңгейге жетуіне аудан халқы, ауданды басқарған аптал азаматтар, аудан интеллигенттерінің айтулы өкілдері үлкен үлес қосты.
Рухани байлығымыздың негізгі қайнар көзі - білім саласы болса, олар елдімекендерде мектептер ашып, жастарды оқуға тартып, олардың білім алуына қолдан келген мүмкіндікті жасап, саланың дамуына жол ашты. Осы саланың басында ауданның педагог-ұстаздары оқу-ағарту ісін ұйымдастыруда аянбай еңбек етсе, игі шараның басында жүрген айтулы азамат Ұябай Табылдиевтің есімін ерекше атап өткен орынды.
Ұябай Табылдиев - 1901 жылы сол кездегі Сырдария губерниясының Әулиеата уезіндегі Мақпал болысының бірінші ауылында туылған. Он төрт жасына дейін әке-шешесінің тәрбиесінде болып, ауыл молдасынан дәріс алып, арапша сауат ашып, хат таныған. Білімін тереңдету үшін 1924 жылы Әулиеатаға келіп, интернатта жатып оқыған ол 1927 жылы орта мектепті бітірген соң ұлттық мамандар даярлайтын алты айлық курсты бітіріп, іс жүргізуші дәрежесіне ие болған. 1927-1931 жылдары Меркі ауданының үшінші ауылындағы бастауыш мектепте мұғалім болып істейді.
Ұябай Табылдиев 1931-1933 жылдары аралығындағы  ашаршылықтың  қиындығына  төтеп беріп, Әулиеатадағы өлкелік Қазпедтехникумында оқып, оны табысты аяқтап, бірінші дәрежелі оқытушы және балалар үйінің тәрбиешісі мамандығын алады. Бұдан соң ол Тастөбе, Билікөл интернатында оқытушы әрі тәрбиеші болып істеп, кейін интернаттың директоры қызметін абыроймен атқарған. 1935 жылы Ақыртөбе мектебінде мұғалім болып істеп жүргенде «Жас өркен» ұжымшарындағы мектептің директоры болып тағайындалады.
Табиғатынан зерек, білімге құштар, алғыр азамат 1938 жылы Алматының педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Келесі жылы жаңадан құрылған Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады.
Ұябай аға ауданда білім бастауы - оқу-ағарту ісін тұңғыш ұйымдастырған, аса маңызды мемлекеттік міндетті мойнына алған, халық-ағарту саласының алғашқы өкілдерінің бірі болған. Ауылдық жерлерде мектептер ашып, жастарды білімге тартып, сол мектептерге ұстаздар даярлау жұмыстарын жүргізеді. Аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудан орталығы Михайловка селосындағы жалғыз орта мектептің директоры болып тағайындалып, мектепке жаңа ғимарат салдырады.
1941 жылы Ұ.Табылдиев аудандық партия комитетіне қызметке ауыстырылады. 1942 жылы шілде айында Армия қатарына алынып, саяси қызметкерлер даярлайтын Ташкенттегі алты айлық курста оқып, лейтенант шеніндегі офицер атанады. Әскери бөлімнің саяси жетекшісі қызметін атқарады. Жауынгерлер арасында тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп, олардың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастыру, жеңіске деген сенімге баулиды. Майданда жан-алысып, жан беріскен ұрыстардың бірінде желтоқсан айында Воронеж маңында болған үлкен шайқаста ерлікпен қаза табады.
Облысымыздың Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Байзақ аудандарында халық-ағарту ісіне тікелей басшылық жасап, ерекше еңбек еткен атпал азамат Отан үшін, туған халқының бостандығы жолында опат болады.
Айтулы азаматтың жанұясында 1931 жылы дүниеге келген Кеңесбай атты ұлы орта мектепті аяқтап, Алматыдағы тау-кен институтын геология мамандығы бойынша бітіріп, ғылым жолын қуып, кез келген қазақ баласы таңдай бермейтін химия саласының геология мамандығы бойынша ғылым докторы атағына ие болған. Ол осы салада талай ұлттық кадрлар даярлаған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп, өсуі тиіс» - деп, атап өткендей, білім бастауында тұрып, оның қайнар көзін ашып, ауданда халық-ағарту ісін тікелей ұйымдастырған, бірінші басшы болған, Алаштың айтулы перзенті Ұябай Табылдиев қандай құрметке болса да лайықты азамат.
Ауданымыздың өткен 60 жылдық мерейтойында аудан жұртшылығы Ұ.Табылдиевті үлкен ризашылықпен құрмет тұтып, еске алды.
Оның халық-ағарту ісіндегі зор еңбегін бағалап, аудандық білім басқармасы кеңсесінің кіре-беріс маңдайшасына мәрмәрға қашап салынған портрет бейнесі ілініп қойылды. Осылай, аға ұрпақтың есімін ұлықтап, есімізде мәңгі сақтайық.

Әділхан  САДУАҚАСОВ,
ауданның Құрметті азаматы.

Обновлено 06.06.2018 11:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1074
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада1074
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40075
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247461

Серіктестер