Онлайн газет



ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің Қазақстан халқы үшін тарихи маңызы зор. 31 мамырда байзақтықтар да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, “Байзақ баба” мешітінің наиб имамы А.Кәрімбаев жазықсыз жапа шеккендердің аруағына құран бағыштады.

Солақай саясаттың құрбандарын еске алуға жиналған жұрттың қатары қалың болды. Шараға аудан әкімі,  мәслихат депутаттары, қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, ардагерлер, ауылдық округ әкімдері, еңбек ұжымдары мен қоғамдық және саяси бірлестіктердің өкілдері қатысып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сол бір нәубатты жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам солақай саясаттың қаһарына ұшырап, 25 мыңдайы ату жазасына кесілді. Сол кезде көптеген көзі ашық халық қалаулылары мен ұлт жанашырлары қаза болды.
– Тәуелсіздік үшін Алаштың арда ұлдары солақай саясаттың құрбаны болды. Аяусыз зорлық-зомбылық көрді. Сол бір зұлмат уақытта біздің елімізге де мыңдаған өзге ұлт өкілдері жер аударылды. Қазақ жұртшылығы барлығына құшақ жайып, бір үзім нанды бөлісіп жеді. Біз олардың есімін ұмытпай, әрдайым ұлықтауымыз қажет, - деді аудан әкімі Р. Рахманбердиев. Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған кәріс этномәдени орталығының төрайымы Н.Шин да осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпай, оларды мәңгі есте сақтау біздің ендігі жердегі борышымызға айналғандығын атап өтті.
Мұнан соң еске алу шарасы гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, бөлімдер басшылары да жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті. Жиналған қауым азалы да қазалы күндердің өткелдерін тарамдап жеткізді. Зұлмат заманның зәузатын көргендердің туғандарының санасынан сол жылдардың ащы уыты өшпейтіндігі  кәміл.

*     *     *
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Түймекент орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Бөгембаеваның ұйытқы болуымен іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тарих пәні мұғалімдерінің бастамасымен «Ұмытылмас қасірет», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым», «Зұлмат жылдар» тақырыптарында дөңгелек үстелдер мен дәрістер өткізілді. Аталған шараларға мұрындық болған мектеп директоры, тарих пәні мұғалімі М.Маманұлы зұлмат жылдардың қасіреті туралы баяндама жасады. Тарих пәні мұғалімдері Л.Шайхиева, А.Уразбаева ел басына төнген нәубаттың залалына тоқталды.
Шара соңында қасіретті жылдар туралы деректі фильмдер көрсетілді.

*     *     *
Осы күні, Мәдімар ауылында 2007 жылы ауыл ақсақалы К.Нуридиновтың бастамасымен ауыл тұрғындары орнатқан ескерткіш алдында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы болып өтті.
Ескерткіш тақтаға осы ауылдан қудалауға ұшыраған 14 адамның аты – жөні ойылып жазылған. Жыл сайын айтулы күні жазықсыз жапа шеккендер ұрпақтарының қатысуымен ұйымдастырылатын шараны өткізуге Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің ұжымы мұрындық болды.
Білім беру мекемесіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Оңғаров жүргізген шарада қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталып, директордың ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Л.Бұзаубақова қуғын–сүргін оқиғасына байланысты терең мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, ауыл қариялары К.Нуридинов, ауданның Құрметті азаматы Б.Төлепбергенов айтулы нәубет жылдардан тың деректер келтіре отырып, елді ынтымаққа, бірлікке шақырды. Жиналған жұртшылық мектеп оқушылары Ж.Нуаз, М.Теміралы, А.Қалдыбай, Н.Лескеннің орындауындағы белгілі ақындардың патриоттық жырларын ұйып тыңдады.
Азалы жиында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі, «Балдәурен» балабақшасы, медициналық тірек, ауылдық округ әкімшілігі мен «Ынтымақ - 2004» шаруа қожалығы ұжымы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
"Ауыл жаңалығы".

Обновлено 04.06.2018 15:30
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін340
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада340
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39341
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246727

Серіктестер