Онлайн газет



АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ

Өлең - менің өмірдегі серігім,
Өзгелердің бәрінен де жерідім.
Сол өлеңнің жолдарынан іздесін,
Өлгеннен соң іздесе егер мені кім... деп, саналы ғұмырын журналистика саласы мен поэзияға арнаған ақын Қайыпназар Шотбасовтың атындағы байқау осымен екінші рет ұйымдастырылды. Алдымен ақын шығармашылығына арналған аудандық байқау мектеп оқушылары арасында өткізілген болса, араға екі жыл салып қайта жалғасын тапқан шара жас мұғалімдер арасында өрбіді.

"Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы мектеп-гимназиясында Шотбасовтар әулетінің, “Ауыл жаңалығы” газеті редакциясы мен аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйытқы болуымен  Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, журналист, жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жүлдегері Шотбасов Қайыпназар Жалғасбайұлының 70 жылдығына орай, жас мұғалімдер арасында өткізілген байқау  өлеңқұмар көпшіліктің көңілінен шықты.
Еңбек ардагері Күнтуған Ақназаровтың ақын ағасына арнауы және №3 Байзақ колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Заман Молдабаевтың “Байзақ жері - байтағым” әнімен ашылған салтанатты шарада Қайыпназар ағаның бұрын-соңды жарияланбаған жырлары топтастырылған “Дүние-дүрмек” атты кітабының тұсауы кесілді. Жаңа жыр жинағының тұсауын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, журналист Қали Жолдасов, ақынның інісі Әлім Батырханұлы, “Қазақстанның 40 жылдығы” атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Есентаева қиды. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінің әншісі А.Жылысбекова “Сұлу құмыра” әнін шырқады.
Ақын ағаны ардақтауды өз міндеті санаған ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр аталмыш шараны жүргізіп отырса, бұдан бұрын мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған “Қайыпназар қайырымдары” байқауының бас жүлдегері Ұлбосын Нұржаубаева ақынның “Білмеймін, неге ақындар ерте өледі?” өлеңін нақышына келтіре орындады.
Бұл күні байқауға аудан аумағындағы  білім беру мекемелерінен он бір үміткер қатысты. Ережеге сай, жас мұғалімдер ақынның басылымда жарияланған он өлеңін жатқа білуі тиіс болса, берілген билет арқылы бір өлеңді мәнерімен орындап, басқа өлеңдерінің бірінен үзінді сұралды.
Байқауға төрелік еткен ақын Жанатбек Тұрғынбайтегі, "Ауыл жаңалығы" газетінің бас редакторы Гүлмира Тажиева, білім бөлімінің әдіскері Қарлыға Маутаева байқау үміткерлерінің мәнерлеп оқу шеберліктерін, дауыс мәнері мен тіл тазалығына және сахна мәдениетіне баса назар аударып отырды.


Бірінен соң бірі сахнаға көтерілген жас ұстаздар ақын Қ.Шотбасовтың «Қайырлы таң, қазағым!», «Байзақ жері - бақыт төрі», «Айналайын атыңнан қазақ деген», «Қандай жақсы», «Асыл адам», «Мәңгі бақи өлмеуге сөз жаралған», "Сәлем айт бізден Тамдыға", "Әйелге тағзым", "Мен сені шын сүйемін" атты шығармаларын мәнерлеп оқып, көпшілікті  риза етті.
Әділқазылар шешімі шыққанға дейін кеш қонақтары алдында әдебиетші Тоймұрат Қожамұратов өзінің арнау өлеңін және Меруерт Қайыржанқызы ҚР Журналистер Одағының мүшесі, қарағандылық ақын Нұрғали Қарабековтің ақынға арнаған жыр шумақтарын оқыды. Журналист Қали Жолдасов іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға Қазақстан Жазушылар Одағының Алғыс хаттарын табыстады.  Ақынның жары Аманкүл Алдашова өз ризашылығын білдірсе, байырғы қаламгер Ж.Әлқожаев, өзге де азаматтар Қ.Шотбасов туралы естеліктер айтты.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған байқаудың нәтижесінде Сарыкемер мектеп-гимназиясының мұғалімі Заида Момышева бірінші орынды иеленсе, қос бірдей екінші орынды "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Айбол Сатыбалдиев пен Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектебінің мұғалімі Жаңыл Қарасаева өзара бөлісті.
Жүлделі үшінші орындар Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясынан Асия Ерғалиеваға, Көктал орта мектебінен Нұрғалия Ештаеваға  және Бурыл орта мектебінен Жанна Балтабаеваға бұйырды. Жеңімпаздар және өзге де байқауға белсене қатысушылар ұйымдастырушылар мен демеушілер  тарапынан дайындалған Дипломдар, Алғыс хаттармен марапатталды. Оларға бағалы сыйлықтар, естелік кітаптар табыс етілді.
Соңында ақын Қайыпназар Шотбасовтың рухына құран бағышталып, дәм таратылды.

М. МАНЕКЕЕВ.
Өз тілшіміз.

Обновлено 04.12.2017 10:20
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін454
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада454
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда40644
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2248030

Серіктестер