Онлайн газет



“ЖЕҢІС КҮНІ” ТОЙЛАНДЫ

Адамзат тарихында өшпес із қалдырған Ұлы Жеңіс биыл жетпіс екінші мәрте жалауын желбіретті. Неміс фашистерін тізе бүктіріп, Жеңіс күнін жақындатқандар сапында біздің де жерлестеріміз аз емес. Өшпес даңқ пен қайсарлықтың, Отан жолындағы жанқиярлық ерлік пен асқан сүйіспеншіліктің хас үлгісіне айналған Ұлы күннің мерейлі мерекесін байзақтықтар да жоғары деңгейде тойлады.

“Қайғылы Ана” және Кеңес Одағының Батыры А.Суханбаевтың ескерткіштеріне тағзым етуге келген жұртшылықтың алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бесбаев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Қ.Бошай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және барша аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаса, от пен оқтың арасында Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мен есімі бір минуттық үнсіздікпен еске алынып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Орталық алаңда өткізілген мерекелік шараға қатысушылар алдында аудан әкімі Р.Рахманбердиев: "Жеңіс күні  адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтала беретін болады. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де - осынау мерекенің жемісі",-дей келе, кешегі сұрапыл жылдары жалын кешкен батырларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды екенін жеткізіп, еліміздің бүгінгі бейбітшілігі мен тұрақтылығы мәңгілік болсын деген тілегін арнады.
Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай, аудан мектептеріндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен оқушыларының салтанатты сапта жүруі мен оны Ауған соғысы ардагерлерінің бастап жүруі, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы ұжымы мен оқушыларының композициялық қойылымы орталық алаңға жиналған көпшіліктің ыстық қошеметіне бөленді. Мерекелік шара аудан өнерпаздары мен балалар мен жасөспірімдер орталығының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ, орталық саябақта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған «Солдат ботқасы» ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары ардагерлер құрметіне арнап өнер көрсетті.

М. МАНЕКЕЕВ.
Өз тілшіміз.

Обновлено 15.05.2017 17:08
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін288
mod_vvisit_counterКеше1164
mod_vvisit_counterОсы аптада1452
mod_vvisit_counterӨткен аптада12806
mod_vvisit_counterОсы айда29334
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2281003

Серіктестер