Онлайн газет



“Ұшқан ұямды ұмытпаймын”

Белгілі жазушы, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры Доқтырхан  Тұрлыбектің журналистік  еңбек жолын  «Ауыл жаңалығы» газетінде бастағанын ауданда тұратын аға буынның өкілдері жақсы біледі. Елге келген бір сапарында бұрынғы әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

-  Доқтырхан аға, бір кездерде өзіңіз қызмет атқарған Байзақ ауданына қош келіпсіз. Кейінгі  буынның өкілдері Сіздің «Ауыл жаңалығы» газетінде еңбек еткеніңізді біле бермейді. Мұнда қай жылдары қызмет атқардыңыз?
- Жазуға мектеп қабырғасында жүргенімде икемім бар еді. Сол кездің өзінде республикалық «Қазақстан пионері» газетіне, аудандық, облыстық газеттерге хабар-ошар жазып, «тілші бала» атанғаным бар.Мектепті бітірген соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түспек болып, талпыным көрдім, бірақ, оқуға түсудің реті келмеді.1972 жылы сол кездегі Свердлов ауданындағы механикаландырылған құрылыс колоннасында электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрдім. Сол жылы аудандық газет еңбек адамдары туралы очерк жазуға бәйге жариялады.Өзіммен бірге жұмыс істейтін Серік деген жігіт туралы очерк жазып, бірінші бәйгеге ие болғанымда қуанышымда шек болмады.Көп ұзамай-ақ мені «Ауыл жаңалығы» газетінің редакторы Ғани Әлиев өзіне шақырып, әдеби қызметкер қызметін ұсынды. Бір айлық сынақтан өтіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистикадағы алғашқы қадамымды бастадым. Сол жылдары Асылхан Рахманов,  Жолдыбай Исақов, Зейнолла Қаржасов, Қабылбек Құсайынов, Софья Зайнуллина сияқты қаламы төселген журналистермен бірге қызмет атқарып, үлкен тәжірибе жинақтадым.
Мен әсіресе тұңғыш редакторым Ғани Әлиевке шексіз ризамын.Сол кісінің ағалық қамқорлығын көп көрдім, сырттай КАЗГУ-дің  журналистика факультетіне оқуға түстім. 1977 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы»  газетіне шақырылып, 7 жыл қызмет атқардым.

- 1984 жылы Қазақ теледидарына қызметке ауысып, екі жыл редактор болғаныңызды жақсы білеміз.1986 жылдың аяғында бұрынғы өзіңіз қызмет атқарған «Ауыл жаңалығына» қайта оралуыңыз әріптестеріңіз үшін күтпеген жаңалық болды. Не себептен қайта оралдыңыз?
- Иә бұл әріптестерімнің үшін ғана емес, көптеген  таныс жолдастарыма бұл жағдай жұмбақ болды.»Ішіп кетіпті», «жұмыстан қуылыпты» деген сөздер де шықты. Ол кезде менің желтоқсан оқиғасына қатысып, бас сауғалап қашып келгенімді ешкім біле бермейді. Заманның қиын кезі, жан баласына жан сырыңды айта алмайсың. Сол жылдары аудандық газеттің редакторы Бекет Момынқұлов еді, екеуміз Жуалы ауданындағы Петровка деген селода бірге өстік. Жерлесіме де аудандық газетке неліктен оралғанымды айта алмадым. Бір жарым жыл жұмыс істеген соң, Жамбыл облыстық радиосына, содан соң Қазақ теледидарына қызметке ауыстым. Қатардағы  редактордан «Қазақ телефильмнің» бас директорлығына дейін өстім. Ер жігіт өз өмірінде  үш  рет ақ үй, үш   қара үй тігеді деген осы.
- Қазіргі таңда Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директорымын. Қызмет бабымен көптеген шет елдерде болдым, ел көрдім, жер көрдім. 2015 жылы Түркияда өткен Бүкіл Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестиваліне қатысып, «Мәшһүр Жүсіп» атты деректі фильм үшін жүлделі-үшінші орынға ие болдым.

- Сізді республика жұртшылығы жазушы-сатирик ретінде жақсы біледі.Проза, тарихи танымдылық тақырыптарына  да қалам тартып жүрсіз. Жақында ғана «О дүниеден келген өкіл» атты сатиралық әңгімелеріңіз үшін Халықаралық «Алаш әдеби» сыйлығына ие болдыңыз. Сөз орайы келгенде Сізді шығармашылық табысыңызбен құттықтай отырып, алдағы уақытта да  жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз. Қарсы болмасаңыз, қаламгерлік ізденісіңіз туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз?
- Менің алғашқы әңгімелерім «Ауыл жаңалығында» жарияланды. Бүгінде 10-нан астам кітаптың авторымын. Кейбір шығармаларым орыс, ағылшын тілдеріне аударылды. Бір өкініштісі, қазіргі таңда шығатын кітаптардың данасы ары кетсе 2 мыңнан әрең асады. Сондықтан да кітаптарымның оқырман қолына тие бермеуі де мүмкін.

-  «Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші, өзіңіз еңбек еткен «Ауыл жаңалығы» газетінің ұжымына қандай тілек айтқан болар едіңіз?
-  Менің қайда жүрсем де, қияға қанат қақтырған, қиын күндерде қанатының астына алып, қамқор болған «Ауыл жаңалығы» газетіне, бірге қызмет атқарған әріптестеріме әрқашан да ризамын. Оларды үлкен құрмет сезіммен еске аламын.77 жылдық тарихы бар «Ауыл жаңалығының» өзіндік дәстүрі, ізденісі, үні бар газет. Сіздерге үлкен шығармашылық табыс тілеймін. 80 жылдығын тойлағалы отырған Байзақ ауданының экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын жан-жақты насихаттауда үлкен табыстарға жете беріңіздер.
- Әңгімеңізге рахмет.
Суретте Д. Тұрлыбек.

Сұхбаттасқан:  Г. Тәжиева.

Обновлено 15.05.2017 17:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін430
mod_vvisit_counterКеше1164
mod_vvisit_counterОсы аптада430
mod_vvisit_counterӨткен аптада12416
mod_vvisit_counterОсы айда29476
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2281145

Серіктестер