Онлайн газет



Мереке мезіреттері

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛЫП, ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев Жақаш ауылының тұрғындары, Ұлы Отан соғысының ардагері Өнербай Молдабаев пен тыл еңбеккері Райхан Шомаеваның отбасыларына барып, мерекелерімен құттықтады.
102 жастағы қарт ананың отбасына барған аудан басшысы оны Жеңіс мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бесбаев, аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев, ауылдық округ әкімі М.Өзбеков жүрекжарды жылы лебіздерін жеткізді.
Ғасырдан ұзақ жасап отырған әженің ширақтығы, сөзге шешендігі адамды тәнті етеді. -"Небір қиын кезеңді бастан өткердік. Ішерге ас таба алмай отырсақ та өкіметтің қара жұмысының бәрін істедік. Ал, қазіргідей мамыражай заманды көргеніміз жоқ. Елбасымыз аман болсын, ел басқарып отырған өздерің аман болыңдар, шырақтарым. Сендерге менің жасымды берсін",-деп өзін құттықтап келушілерге аналық ақ батасын берді.
*    *    *
Аудан басшысы сұрапыл соғыс жылдары Отан үшін от кешіп, ерлікпен шайқасқан соғыс және еңбек ардагері Өнербай қарияның отбасына барды. Тоқсаннан асқан соғыс ардагеріне Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың құттықтау хатын табыстап, сый-құрмет көрсетті. Берлин бағытындағы сұрапыл шайқаста ауыр жарақат алып, ұзақ емделіп, 1946 жылы елге оралған Өнербай атамыз ұзақ уақыт мал дәрігері ретінде абыройлы еңбек еткен. Қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты өмір сүруде.
*    *    *
Осы күні аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бесбаев Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан қарт майдангер, Ақжар ауылының тұрғыны Бахы Рүстембековтің отбасында болды. Ардагерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың құттықтау хатын табыстап, сый-сияпаттар жасады.

 

 

 

"Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы, медиаторлар ассоциациясы және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобаның "Ардагерім-ардағым" республикалық акциясы шеңберінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың өшпес ерлігіне құрмет көрсетілді.
Алдымен батыр есімімен аталатын мектеп алдындағы  ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Мемлекеттік Гимн орындалған соң, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ш.Байтақова Жеңістің адамзат өмірінде алатын орнына тоқталып, мерейлі мерекемен көпшілікті құттықтады. Аудан әкімі аппараты ұйымдастыру  инспекторлық бөлімінің бас инспекторы С.Иманова аудан бойынша арамызда жүрген жеті соғыс ардагері мен 283 тыл еңбеккерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды әңгімеледі. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының  орынбасары С.Ермеков, алқа мүшесі С.Балабеков, медиатор Ғ.Көшекбаева, «Елім-ай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы П.Ким,  ҚР заңгерлер одағының мүшесі А.Зайнутдинов, «Азаматтық Альянстің» Жамбыл облысы бойынша құрылтайшы директоры Р.Рысқұлбекова  сөз алып,  Елбасының   биылғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басты міндеттерді Ұлы Жеңіспен сабақтастыра  отырып,  еліне қорған болған Ақәділдің ерлік жолдарынан сыр шертті. Суханбаев ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Ж.Момбаев   «Боздақтар» кітабына енген 126 ердің есімдеріне жеке-жеке тоқталып, Ұлы Отан соғысына  қатысып, туған жерге оралған ер-азаматтар   турасында сөз қозғап,  мектеп ұжымына  шағын кітабын табыстады.
Кезек ән мен жырға берілді. 6-сынып оқушылары  «Ақәділ ерлігі» атты қойылым қойып, мектеп ұстаздары мен оқушылар Жеңіс, ерлік, Отан туралы жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, әндерді әуелете шырқады. Боздақтар рухына ауыл имамы Ж.Мадибаев құран оқыды. Cуханбаев ауылдық округінің әкімі М.Өзбеков батырын ардақтаған елдің рухы үстем болатындығын  айтып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жиын соңында қатысушылар білім ошағындағы батыр мұражайымен танысып,  «Еліне қорған болған батырлар» атты бейнефильмді тамашалады.

 

 

 

Жеңістің 72 жылдығына орай Байзақ аудандық сотының төрағасы Д.Тасыбаев бастаған осы ұжымның қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері, қызылжұлдыздық Үсен Тағаевтың үйіне барып, қазыналы қарияға құрмет көрсетті.

Небәрі 18 жасында қолына қару алып, жаумен соғысқан жауынгердің сұрапыл кезеңдегі ерлігі мен одан кейінгі өмір жолы ақ дастархан басында кеңінен айтылды. 
- «Тарихи маңызы зор Ұлы Жеңіс – жастарға үлгі-өнеге. Ешкім де, ешқашанда ұмытылмайды. Бізге бейбіт күнді сыйлаған Сіздерге мың тағзым», - деген аудандық соттың төрағасы Дәулет Тасыбаев ардагерге сый-құрмет көрсетіп, деніне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Бүгінде жан жары Катерина Рухусовамен бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, олардан тараған немере-шөберелердің қызығын көріп отырған соғыс ардагері Ү.Тағаев азаматтарға алғысын жеткізді.

*    *    *
Жеңіс күні  қарсаңында аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Т.Кадимова бастаған топ мүшелері қарт жауынгер Рахымжан Мамыралиевтің отбасына арнайы барып, сый-сияпат табыстады.Топ мүшелері, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы С.Иманова, кәсіпкер Л.Жабатаева  өз сөздерінде Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған кешегі-жауынгер, бүгінгі-ардагерлеріміздің ерліктері мен еңбектері ұрпаққа үлгі екендігін жеткізді.
93 жасты еңсерген жетібайлық Рахымжан атамыз өзін құрметтеп келген қыз-келіншектерге алғысын айтып, батасын берді.

 

 

 

Сапта жүріп ән айтты

Ұлы Жеңістің 72 жылдығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай аудандағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында «Сапта жүріп ән айту» байқауы өткізілді.
Жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, патриоттық сезімін оятуды көздеген әскери шараға қатысқан мектеп оқушылары мемлекеттік және орыс тілдерінде сапта жүріп ән айту, үйге берілген тапсырманы орындау және спорттық жарыстардан сынға түсті.
Байқаудың басты шарты салтанатты киім үлгісін киген оқушылар бұл күні орталық алаңды сымдай тізіле жүріп өтіп, ерекше өнер көрсетті. Нәтижесінде биылғы аудандық «Сапта жүріп ән айту» байқауының бас жүлдесін С.Абланов атындағы орта мектептің командасы жеңіп алып, облыстық жарыстың жолдамасына ие болды.
Ғ.Мұратбаев мектеп-гиманзиясы І орын, Үлгілі, Мырзатай, Қазақсатнның 40 жылдығы орта мектептері ІІ орын иегерлері атанса, Бурыл, Көктал орта мектептері мен Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушылары ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Бет қатталып жатқанда: Облыстық жарысқа қатысқан С.Абланов атындағы орта мектептің командасы киім үлгісі бойынша үздік үштіктің бірі атанды.

“Ауыл ақпарат”.

Обновлено 15.05.2017 17:04
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін255
mod_vvisit_counterКеше1164
mod_vvisit_counterОсы аптада1419
mod_vvisit_counterӨткен аптада12806
mod_vvisit_counterОсы айда29301
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2280970

Серіктестер