Онлайн газет



Ел боламын десең...

Ақпан айы басталғалы бері интернеттің қазақстандық сегменті тағы да дүрлігіп жатыр. Рас, жұрттың назарын бірден аудара қоймағанымен бұл жолғы мәселе бөлек. Жалпы, әлеуметтік желілердің, соның ішінде, "В контакте" желісінің жасөспірімдерге кері әсер ететіні жайлы талай айтылған. Діннің радикалды бағыттарына үндейтіндер де, экстремистік насихатты тарататындар да, порнография да, өмірден баз кешуді мұрат тұтып, жұртты өздерінің қатарына қосып алуға тырысатындар да сол желіде екен. Ресейдің бұл әлеуметтік желісін бақылаушылар да, қолданушылар да онда «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» екенін аңғарады. Ақыры сол жүгенсіз желінің зардабы бізге де тие бастады. Ондағы суицидке үндейтін топтардың арбауына түсіп қалған жасөспірімдер анықталуда. Қазірдің өзінде «Көк кит», «Тыныш үй» деп аталатын ойындардан «ермек» тауып, сондағы үйлестірушілердің дегеніне еріп, өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер еліміздің бірқатар қалаларында тіркелген. Олардың қатарында біздің облыс, оның ішінде, Байзақ ауданы да бар болып шықты.

Өткен аптада Сарыкемер мектеп-гимназиясының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаевтың төрағалығымен «Ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдердің психологиясына кері әсерін тигізетін ойындар мен ақпараттардың зардабы және оның алдын-алу жолдары» тақырыбын қаузаған кеңейтілген семинар-кеңес болып өтті. Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі оқушылардың құқықтары, сондай-ақ әлеуметтік желілердің теріс ықпалына түскен жағдайда балаларға көмек көрсетудің кез-келген түрлері туралы қоғамның ақпараттандырылуын арттыру, балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қызметіне ата-аналарды мемлекеттік және қоғамдық жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған шарада өзекті мәселе ой талқысына түсті. Семинар бағдарламасына сәйкес, баяндама жасаушылардың қайсыбірі болмасын бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отырған әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдердің психологиясына кері әсер ететін ойындар мен ақпараттардың зардабы жайында келелі әңгімелер қозғады.

Солардың қатарында, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Бақыт Жақсылықова,  облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметіне қарасты ювеналды полиция бөлімінің бастығы Қуаныш Қалжанов, облыс әкімдігі білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың алдын-алу бөлімінің басшысы Гүлзира Дарибаева, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы А.Абдимоминов, Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің педагог-психологы Р.Абиева, Қазақстанның 40-жылдығы атындағы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Г.Сарсенбаевалар ретімен баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Б.Жақсылықова елді дүрліктірген ғаламтор желісіндегі ойын туралы толық ақпарат бере отырып, әлеуметтану ғылымындағы "Вертер синдромы" тұрғысынан қарастыра келе, әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын топтардың жарнамасын тұтас ел болып жасап отырғанымызға өз қынжылысын білдірді. Қазақтың "жақсылықты асырып, жамандықты жасыруды" өмірлік ұстаным қылуы - қандай да бір теріс қылық, қатыгездік пен қылмыс туралы жиі айтылса, соларды жасаушылар қатарының арта түсетіндігімен байланыстырды.
Өткен жыл мен ағымдағы жылдың екі айында облыс деңгейінде атқарылған жұмыстар, жүргізілген рейдтік шаралар, қылмыс деңгейі, "Көк кит" ойынына шырмалған жасөспірімдерге қатысты деректердің облыс аумағында анықталғаны жайында өз баяндамасында жан-жақты тоқталған Қ.Қалжанов ата-аналар комитеттерінің жұмысы тек қағаз жүзінде ғана іске асып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ семинар қатысушыларын бала тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды. Ал, Г.Дарибаева жасөспірімдер мен қоғам туралы ой қозғап, өзі басшылық ететін бөлім тарапынан атқарылған жұмыстар жайлы айта келе, "Өмірге "Ия" деп айт!"  акциясының басталғанын жеткізді. 
Педагог-психолог Р.Абиева қоғамдағы білім мен елдің материалдық жағдайының жақсаруы жасөспірімдердің қоғамда дұрыс тұлға болып қалыптасуын күрделендіре түскенін, нәтижесінде осындай мәселелер жасөспірімдерде девиантты мінез-құлықтың қалыптасуына итермелейтін фактордың бірі болып отырғанын айтып, олардың бірқатарына тоқталып өтті. Өз кезегінде бала тәрбиесіндегі ата-ана мен қоғамның рөлі туралы мазмұнды баяндама жасаған Г.Сарсенбаева "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген ұлағатты сөздің астарына ой жүгіртіп, отбасындағы тәрбиенің маңыздылығына мән берді. Аудандық прокуратураның аға прокуроры С.Айтжанов аталмыш өзекті мәселеге байланысты қадағалаушы орган тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат бере келе, кәмелетке толмаған жасөспірімдерді суицидке итермелейтін "Көк кит" ойынының балалардың денсаулығына зиян келтіретін ақпараттың, насихат пен үгіттің теріс ықпалынан қорғау мақсатында арнайы бейнеролик дайындалып, білім беру мекемелеріне таратылып берілгенін айтты.
Семинар қорытындысы кез келген ата-ананың техникалық һәм ақпараттық тұрғыдан баласынан сауаттырақ болуы – ана-ананың бүгінгі негізгі парыздарынан біріне айналып отырғандығын айғақтады.
Семинар-кеңеске ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, мектеп директорларының тәрбие және құқық ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, ата-аналар комитетінің төрайымдары қатысты.

М.МАНЕКЕЕВ.
Өз тілшіміз.

Обновлено 22.02.2017 10:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін126
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1315
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40316
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247702

Серіктестер