Онлайн газет



Мақсат - ауыл шаруашылығын дамыту

Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің бірлескен есеп беру кездесулері Бурыл, Мырзатай ауылдық округтері мен Көктал ауылында болып өтті. Ондағы кездесулерде Бурыл ауылдық округінің әкімі Е.Әліқұлов, Көктал ауылының әкімі Б.Үкібаев, Мырзатай ауылдық округінің әкімі Н.Абдуалиевтің есепті баяндамалары тыңдалып, содан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Сұлтанбеков есеп берді.
Есепті жиында Дулат Сұлтанбеков өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы қолға алынған шараларды атап көрсетті. Атқарылған жұмыстардың есебін жасаған баяндамашы елдің ауызбірлігі болса, алдағы уақытта да ауданды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді.
Көкейкесті мәселелер туралы сөз алған бурылдық тұрғындар мал жайылымының тарылуы, ауыл арасындағы көшелер бойына бей-берекет тасталған құрылыс материалдары, жеңілдетілген бағамен шаруаларға берілетін жанар-жағар май, көшені жарықтандыру, жол жөндеу, Құмжота ауылына аялдамалар орнату, Бөбек ата көшесін ағымдағы жөндеуден өткізу, спорт алаңын салу жөнінде өтініш-тілектерін білдірсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қуатбеков елдімекенге бекітілген учаскелік полиция инспекторлары жұмыстарының жанданып келе жатқанын ықыласпен атап өтіп, баяндамашылардың берген есептеріне қанағаттанатынын жеткізді.
Көкталдық тұрғын, зейнеткер З.Ағыбаева өз кезегінде 1977 жылы кірпіші қаланған 320 орындық орта мектептің бүгінде үш ауысымда жұмыс істейтінін алға тартып, жаңа білім ошағын салу қажеттігін аудан басшылығының назарына салса, зейнеткер Ж.Сарсебеков Степной көшесіне Д.Қонаевтың есімін беру, нөмірі бар атауы жоқ көшелер, ауылдық клубқа газ кіргізу туралы ұсынысын айтты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Рәпілбеков 2012 жылы қабылданған "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында таза ауыз судың берілмеуі, Саялы ауданы арқылы өтетін төгінді судың зияны, ауылдық клуб жанындағы спортзал төбесінің бүгінгі жағдайына өз алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары атынан Елбасы Жолдауын біркісідей қолдайтындықтарын жеткізді.
Мырзатайлықтарды да алаңдатар мәселелер аз болмады. Алдымен орта мектептегі апатты жағдайда тұрған спорт залдың қауіптілігі, жедел жәрдем шақырту кезінде алғашқы көрсетілер медициналық көмекке қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы, электр қуатының кейбір көшелерде әлсіздігі, ауылдық дәрігерлік амбулатория, балабақша мен орта мектеп алдына шағал тас төсеу, газ қызметі саласына қатысты сұрақтарын жолдап, тоғыз жолдың торабы саналатын елдімекенге банкомат пен терминал қойылса деген ұсыныстарын айтты.
Халық алдындағы есепті кездесулерде Бурыл, Мырзатай ауылдық округтері мен Көктал ауылының тұрғындары жылдық жұмысқа "қанағаттанарлық" деген баға берді.
*       *       *
Кестеге сәйкес, дүйсенбіге белгіленген есепті кездесулер Көптерек ауылы мен Темірбек ауылдық округінде жалғасты. Бұл жиындарда Көптерек ауылының әкімі Қ.Телеуов пен Темірбек ауылдық округінің әкімі А.Амировтер және аудан басшысының міндетін атқарушы Д.Сұлтанбеков есепті баяндамасын жасады. Дулат Сұлтанбеков өз баяндамасында өткен жылы аудан аумағында атқарылған ауқымды жұмыстарды, Елбасы Н.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Жолдауынан туындайтын міндеттерді және есепті жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын сапалық және сандық көрсеткіштермен сипаттай келе, ауыл және мал шаруашылығына нақты мысалдар келтірді.
Кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар мол болды. Атап айтқанда, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Ермаханбетов көп жылдан бері айтылып келе жатқан таза ауыз су, ағын су, газдандыру, ауыл мен қала арасына қатынайтын қоғамдық көлік, мал ұрлығы, көшені түнгі жарықтандыру мәселелерін көтере келе,  өткен оқу жылында мектеп оқушыларының жеткен жетістіктері мен жас ақындардың дүбірлі додаларда топ жарғанын жеткізді. Сондай-ақ ауылдық учаскелік инспектор мен дәрігерлік амбулаторияға жаңа автокөлік берілсе, 1960 жылдан бері тұрған электр бағаналарын ауыстыру туралы ұсынысын айтты. Зейнеткер Б.Танаев аудан орталығына жиі қатынайтын ауыл тұрғындарын Н.Киікбаев мектеп-гимназиясы жанындағы жолдың қинайтынын айтса, еңбек ардагері Ә.Оразов есепті жиында көтерілген мәселелердің орынды қозғалғанын алға тартып, баяндамашылардың есептеріне "қанағаттанарлық" деген бағасын берді.
Ауыл тұрғындары Қ.Айнақұлов, А.Байғұтдиев, А.Халықовтар көптің көкейінде жүрген ағын судың тапшылығы, жеті каналды жөндеу, орта жөндеуден өткен Сарыбарақ ауылына кіреберіс жол сапасының нашарлығы, "Тараз-Шахан" бағытындағы күрежолдың Кеңес ауылына бұрылысының қауіптілігін, онда жол белгілерін орнату қажеттігін, егінге қаптаған шегірткеге қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы сұрақтарын жеткізсе, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сафарқұлов ауылды газдандыру, каналды тазалау, жол жөндеу жұмыстары өз шешімін табатындығына ризашылығын білдіріп, үстіміздегі жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Үндеуі мен Жолдауын ауыл тұрғындары бірауыздан қолдайтындықтарын айтты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Сұлтанбеков пен ауылдық округ әкімі А.Амировтің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Сұлтанбеков түйінді мәселелерге көпшілік назарын аудартып, сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды.
Барлық ауылдық округтерде өткізілген есепті кездесулерге аудан прокуроры Б.Телеу, аудандық мәслихат хатшысы Н.Тлепов, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысып, ауыл тұрғындары тарапынан туындаған сұрақтарға қосымша түсініктер беріп отырды.

Б.ЖАҚСЫМБЕТОВ.
М.МАНЕКЕЕВ.
Өз тілшілеріміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін652
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада652
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39653
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247039

Серіктестер