Онлайн газет



ЕҢ ТИІМДІ ТӘСІЛ - КООПЕРАТИВ ҚҰРУ

Елімізде ұсақ шаруашылықтарды біріктіру мәселесі көп жылдан бері өзекті болып келгені белгілі. Оның өзіндік себебі де бар. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде нарықтық экономиканың талабын түсінсе де, түсінбесе де шаруа қожалығын ашқан азаматтар қатары көп болды.  Бірақ, талапқа сай техника құралы болмаса, жерді игеру оңайға соқпады. Егіс даласына су бұрудың да машақаты аз емес. Осылайша өз басын алып жүре алмай жатқан фермерлерге екінші деңгейлі банктер де қаржылай қолдау көрсетуі неғайбыл. Кепілге қоятын бағалы жылжымайтын мүлкі болмаса, тіпті бас қатырмайды да. Десек те, соған қарамастан агроқұрылым иелері «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстанымнан айнығысы келмеді. Ал, бұдан тірліктің тіктеліп жатқаны шамалы болғаны анық.

Баршаға белгілі, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң күшіне енді. Жаңа заңның талаптарымен бірге  шаруашылықтарды ірілендіру мәселесінде сең қозғала бастады. Әрине, әрбір істің бастапқыда өзіндік қиындықтары болады. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін жыл басынан бері  облыс пен аудан басшылығы тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтиже де жаман емес. Қазіргі таңда өңірде 5 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып үлгерді. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, аталмыш ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қатарында: құрамындағы мүшелер саны 44 адамнан тұратын Үлгілі ауылдық округіндегі "Сарыөзек", мүшелері алты адамнан құралған Түймекент ауылдық округіндегі "Жаңабай-16", кооператив мүшелері 19 адамды құрайтын Диқан ауылдық округіндегі "Жеті-төбе", 19 адамдық құраммен біріккен Ботамойнақ ауылдық округіндегі "Жадыра и К", кооператив мүшелері үш адамнан біріккен Көктал ауылдық округіндегі "Көктал-2016" ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты.
Сонымен бірге, бүгінгі таңда Мырзатай, Жаңатұрмыс, Бәйтерек және Қостөбе ауылдық округтері бойынша бір-бірден кооператив құру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ауылдық жерлерде отбасылық сүт фермалары негізінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, Жаңатұрмыс ауылдық округінде "Бақытжан" кооперативін құруға қатысты құжаттар тиісті орындарға тапсырылып, жұмыстың келесі сатысы ретінде 2,4 миллион теңгеге бір тонналық танкер сатып алынған. Сатып алынған танкерді сүтпен қамтамасыз ету мақсатында бес азамат несие алуға құжат тапсырып, оның екеуі 12 миллион теңге қаражатын алыпты. Сондай-ақ Қостөбе ауылдық округінен 100,0 миллион теңге несие алу үшін 20 азамат құжаттарын дайындаса, "Талас" кооперативінің құжаттары әділет басқармасында тіркеуге тапсырылған. Дайындаушы ұйымды осы құрылған "Сарыөзек" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің және "Саялы құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінде құрылып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында аккредиттелген.
Расында да, «саусақ бірікпей, иненің ілікпейтіні» бесенеден белгілі. Шағын фермалардың аяғынан тік тұрып кетуі үшін мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Тиісті заң да қабылданды. Ендігі кезекте ұсақ шаруашылықтардың ұзақ ойланатын жайы жоқ секілді. Белді бекем буып, бірыңғай кооператив құрудың қамына кірісу қажет-ақ. Бұл  мемлекетке де, шаруаларға да тиімді бағыт екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

М.МАНЕКЕЕВ,
“Ауыл жаңалығы”.

Обновлено 17.01.2017 10:12
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1003
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7020
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32587
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203317

Серіктестер