Онлайн газет



ЕЛ БАЙЛЫҒЫН ЕСЕЛЕУГЕ ҮЛЕС ҚОСУ-БАСТЫ МАҚСАТ

Қ.ТЕЛЕУОВ,
Көптерек ауылының әкімі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерейлі табыстармен қарсы алу – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Ол үшін Елбасы алға қойған міндеттерді, Үкімет қабылдаған бағдарламаларды орындауға ұжымды ұйыстырып, ел байлығын еселеуге үлес қосу керек.
Әсіресе, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында атап көрсетілгендей, азық-түлік қауіпсіздігін жасауға үлес қосу – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің басты міндеті.
Көптерек ауылдық округі – мал және егін шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 25320 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатына пайдаланатын жер көлемі 18175 гектар. Барлық егістік жер көлемі  2278 гектар болса, оның суармалы жері 1175  гектар, тәлімі 1103 гектарды құрайды. 2016 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ауылда 386 отбасында 2381 адам тұрады.
Ауылда Кеңес атындағы орта мектеп, 50 балаға арналған «Айгүл» балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, ыңғайластырылған ауылдық клуб, кітапхана және «Қазпошта» бөлімшесі мекемелері тұрғындар үшін қызмет көрсетуде.
Ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілік байқалуда. Осы бағытта ауылдағы шаруашылық иелері мемлекеттік әртүрлі бағдарламалар бойынша жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік желісін кеңейтуде. Ауыл бойынша негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысатын 100 шаруа қожалық тіркелсе, сонымен қатар, 6 азық-түлік дүкені жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа қызмет көрсетуде.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жасап жатқан қамқорлығы ұшан-теңіз. Оның ішінде, туған халқының тұрмыс-тіршілігін нығайту мақсатында жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында Мемлекет басшысының қолдауымен  елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы ауылда бірнеше шаруа қожалықтары өз жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, «Алтын асық» бағдарламасы аясында «Төлепберген ата» шаруа қожалығы 12,5 миллион теңге  несиеге 500 бас қой алып, мал шаруашылығын дамытып келеді. «Сіргебай ата» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20,0 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, осы қаражатқа 100 бас ірі қара малын сатып алып, ет және сүт өнімдерін өндіру мақсатында ірі қара мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс істеуде. Сондай-ақ өткен жылы “Жұмыспен қамту жол картасы-2020” бағдарламасы аясында ауыл тұрғыны Даурен Сыдықов жеке ісін ашу үшін 1 миллион 600 мың теңге несие қаражатқа 6 бас жылқы сатып алып, өзін-өзі тұрақты жұмыспен қамтыса, биылғы жыл бағдарлама шеңберінде ауыл азаматы Асылбек Жазылбеков сүт өндіру және етті мал бордақылау мақсатында 6 миллион теңге несиеге қол жеткізіп отыр.
«Шилі қарын» шаруа қожалығы асыл тұқымды 1 бас бұқасына 154,0 мың теңге субсидия алса, 15 бас бұқасын етке өткізіп, 360,0 мың теңге алды. Сонымен қатар, 148 бас сауын сиырына 1 миллион 891 мың теңге алса, 1777 бас аналық бас қой малына 2 миллион 665 мың теңге алды. «Кенжебай ата» шаруа қожалығы 1878 бас (саулық) аналық бас қой малына 2 миллион 817 мың теңге, «Сіргебай ата» шаруа қожалығы  2278 бас (саулық) аналық бас қой малына 3 миллион 39 мың теңге, «Әлия» шаруа қожалығы 1100 бас (саулық) аналық бас қой малына 1 миллион 126 мың теңге, «Төлепберген ата» шаруа қожалығы 711 бас (саулық) аналық бас қой малына 728,4 мың теңге субсидия  алды. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдау деп айтуға болады.
«Өңірлерді дамыту” бағдарламасына сәйкес, өткен жылы бюджеттен 2 247,0 мың теңге бөлініп, осы қаражаттың есебінен ауылдағы Ораз, Абай, Жамбыл және Ғ.Мұратбаев атындағы көшелерге ағымды жөндеу (шағал тас төсеу) жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар жергілікті қоғамдастық өкілдерінің келісімімен және жиналыстың қорытынды шешіміне сәйкес атқарылып, үстіміздегі жылы да өз жалғасын тапты. Нәтижесінде М.Әділбеков, Қ.Сатпаев, А.Суханбаев атындағы көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.
Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінен түскен қаражаттың есебінен, яғни 254,0 мың теңгеге «Кеңес» орта мектебіне бейнебақылау орнатылса,биылғы жылы жалпы құны 1 миллион 501 мың теңгеге аталмыш білім ордасына өрт қауіпсіздігіне байланысты дабылқаққыш орнатылды.
Мәдениет саласында да оң өзгерістер орын алуда. Бүгінде Көптерек ауылдық кітапханасында кітап  қоры-7779 данаға жетіп, кітапханадағы кітап қоры 288 дана әдеби және балаларға арналған жаңа кітаптармен толықтырылды. Ауылдық ыңғайластырылған клуб та өз деңгейінде халыққа қызмет көрсетуде.
1991 жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткіш орнатылса, 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған стелла бой көтерді. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткішті ағымды жөндеуден өткізу үшін аудандық бюджеттен 478,0 мың теңге бөлініп, ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен Ұлы Отан соғысына қатысып, «Кеңес» колхозында еңбек етіп жүріп, қайтыс болған 94 еңбек және соғыс ардагерлерінің аты-жөні мрамор тасқа жазылып, ардагерлерді еске алып тұру үшін монументтік естелік тақтасы қойылды.
Ендеше,біздің де Тәуелсіздікпен бірге түлеп, көркейіп, гүлденіп жатқан ауылдың бұдан да әрі ажарлана түсетіндігіне сенім мол.

Обновлено 27.12.2016 09:49
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1600
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада3761
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда20391
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2272060

Серіктестер