Онлайн газет



ТАБЫСТЫ МҰҒАЛІМ, ТАБЫСТЫ ОҚУШЫ, ТАБЫСТЫ МЕКТЕП

Мектеп педагогтары мен басшыларының жаңашыл инновациялық тәжірибелерін тарату және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, білім беру ұйымдары мұғалімдерінің педагогикалық қызметін дамыту мақсатында жуырда Алматы қаласында "Инновациялық педагогикалық идеялар фестивалі" өткізілген болатын.
Аталмыш фестивальге облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен облыстық іріктеуден өткен жеңімпаздар қатарында Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектебінің директоры Есентаева Гүлмира Әуесбайқызы да қатысып қайтқан болатын. Фестиваль барысында "Табысты мұғалім, табысты оқушы, табысты мектеп" тақырыбындағы жобасын қорғаған Гүлмира Әуесбайқызымен әңгімелескен едік.

- Гүлмира Әуесбайқызы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдык мерекесі құтты болсын. Аудандағы білім беру мекемелері арасында эксперимент сынақ алаңын ашып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, бейіндеріне қарай қызығушылықтарын арттырып отырған бірден бір мекемеге басшылық етіп отырсыз. Әңгімені осыдан бастасақ?
-Рахмет. Елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын кеңінен атап өттік. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. 25 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміздің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз. Рухы биік Тәуелсіздік мерекесінде барша аудан тұрғындарының отбастарына амандық тілеймін.
Сексен жылдық тарихы бар, ең алғашқы ашылған Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектепті биыл тоғызыншы жыл басқарып келемін. Қазіргі таңда елімізде табандылықпен алға жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылуда. Соның ішінде, болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай, білім мазмұнына жаңаша қарау басты міндет болуда. Бүгінде елімізде білім берудің жаңа жүйесінің жасалуы, оның парадигмасының өзгеруі, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздеп отыр. Сондықтан осы мақсатта шығармашылық тақырыбымды "Оқу мен оқытуда жаңа үлгідегі табысты мұғалім, табысты оқушы, табысты мектеп" деп таңдадым. Бұл тақырып мектеп мұғалімдері мен ата-аналар және оқушылар үшін өте маңызды болды деп ойлаймын. Нәтижесінде мектеп ішінен эксперименттік сынақ алаңын ашып, оның тақырыбын "Толық күнді мектебінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту" деп алдық.
-Өзіңіз айтып отырған эксперименттің негізгі мақсаты және осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?
-Эксперименттің негізгі мақсаты - білім стандартын кеңейтілген түрде оқыту арқылы оқушыларды қабілетті, дарынды, шығармашыл, әлеуметтік сұранысқа бейім, ізденімпаз тұлға ретінде қалыптастыру болып табылады. Осыған орай, эксперимент алаңының жұмыс тұжырымдамасы, бағдарламасы және жоспары құрылып, бекітілді. Оқушының қабілет-қарымы, бейімділігі мен дарынына сәйкес, бүгінгі таңда он сегіз үйірме жұмыс атқарса, онда 846 оқушы қамтылып отыр. Оқушылардың шығармашылық потенциалын дамытуға арналған, бес бағытқа бөлінген жұмыстар, атап айтқанда, эстетикалық өнер бағытында: "Мұрагер" домбыра ұлт аспаптар ансамблі, "Ұлттық қолөнер", "Моншақтар әлемі", "Ұлттық бейнелеу өнері", "Көркем студия", "Қуыршақ театры", "Вокал" хоры, "Дизайн" болса, жаратылыстану бағытында: "Жасыл дәріхана", "Жас эколог", "Химия элементтері тіршіліктің бастауы", гуманитарлық бағытында: "Абайтану", "Сөз зергері", "Free English Club" (Фри Инглиш клуб), "Драма", "Жас тілші", интеллектуалдық бағытында: "Зияткер ұлт", "Жас өрен" және де спорт бағытында: "Теңбіл доп шеберлері", "Тоғызқұмалақ", "Шахмат" үйірмелері бар.
Сондай-ақ эксперименттің үшінші кезеңінде 65 оқушымыз халықаралық байқауларда, 33 оқушымыз республикалық байқауларда, 48 оқушымыз облыстық байқауларда жеңімпаз әрі жүлдегер атанғанын мақтанышпен айтуға болады.
-Оқушылардың жетістігі, әрине, білім нәрімен сусындатып отырған білікті ұстаздарға байланысты емес пе? Осы орайда, эксперимент алаңында табысқа жеткен мұғалімдер туралы сөз қозғасақ?
-  Сапалы білім беру жолындағы шығармашыл ұстаздар табысқа жетудің тағы бір формуласын шығарды. Ол, табыстылық кепілі-еңбекқорлық. Өз ісіне деген талпыныс, ізденіс-мектеп ұстаздарына тән қасиет. Мектептің әрбір ұстазы өз ісін үлкен жауапкершілікпен атқаратын, шығармашылықпен айналысатын, оқытудың тиімділігін арттыру үшін өз сабақтарында жаңалықты қолданып жүрген, үнемі ізденістегі еңбекқор жандар деп айта аламын. Атап айтсақ, Рая Қосмұратова "Ұлттық бейнелеу өнері" үйірмесінің авторлық бағдарламасын жасап, облыстық байқаудан бірінші дәрежелі Дипломмен, Алма Молданбаева "Химиялық элементтер-тіршілік бастауы" тақырыбында авторлық бағдарлама жасап, облыстық байқауда екінші дәрежелі Дипломмен марапатталып, олардың еңбектері аудан, облыс көлемінде таңдау курсы бойынша озық тәжірибе ретінде таратылды. "Моншақтар әлемі" тақырыбында авторлық бағдарлама жазған Гүлнар Айманова республикалық "Үздік бағдарлама" байқауына қатысып, үшінші дәрежелі Дипломға ие болды. Мектеп директоры ретінде өзімнің жазған "Дарынды оқушыларды анықтау жолдары" тақырыбындағы әдістемелік құралым мен "Абайтану" курсына қатысты мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулығым шықты. Бұдан бөлек, республикалық "Үздік ғылыми жоба-2016" байқауында оқушылардың ғылыми шығармашылығына жетекшілік жасағаны үшін эксперимент алаңының жетекшісі Гүлбакира Қошқарбаева Құрмет грамотасын иеленді.
Эксперимент сынақ алаңы ашылғаннан бергі уақытта біз мектеп оқушыларын тек жетістікке жетелеп, бірегей қабілеттері мен құлшыныстарын дамытуға күш салып келеміз. Еткен еңбегіңнің ел кәдесіне жарағанын сезіну үлкен бақыт екені даусыз. ХХІ ғасырда жан-жақты дамыған, білімді, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға бере алатын, өзіне сенімді азамат тәрбиелеуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Сондықтан, болашақта тұғыры биік, қазақ мектебінің іргетасы нық екеніне сенім мол.

-Әңгімеңізге рахмет. 
Сұхбатты жүргізген: М.МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 27.12.2016 09:44
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін418
mod_vvisit_counterКеше2528
mod_vvisit_counterОсы аптада5107
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда21737
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2273406

Серіктестер