Онлайн газет



Тәуелсіздік тойы - ұлы той

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Қазақ шежіресіне алтын әріптермен жазылған 1991 жылдың 10-шы желтоқсаны күні ҚР Жоғары Кеңесінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Міне, содан бері қарай талай белестерді бағындырып келе жатқан еліміз биыл тәуелсіздіктің 25 жасқа толуын атап өтуде.
Байзақ өңірінде осынау мерейлі мереке ерекше тойланды. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйіндегі мәдени шараға жиылушылардың қарасы әдеттегіден көп болды. Осыған қарап-ақ Тәуелсіздік тойының қадір-қасиеті, мән-маңызы айрықша екенін аңғаруға болады.
Мемлекеттік Ту ортағы шығарылып, Гимн орындалғаннан кейін мінбеге көтерілген аудан әкімі М.Шүкеев тұрғындарды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтады. Мұратхан Жүнісәліұлы тәуелсіздік – барша қазақстандықтар үшін ұлы мереке екендігін айтып, егемендікті еңселі етудегі Елбасының ерен еңбегін атап өтті. Еліміздегі елеулі істер, Астана қаласының құрылуы, ЭКСПО көрмесінің, Азияда ойындарының өткізілуі – әлем алдындағы беделімізді айшықтайтындығын, Қазақ хандығының 550 жылдығы Жамбыл жерінде аталып өткендігі өңіріміздің мәртебесін асқақтатқанын атап өтті. Аудан басшысы елдімекендегі жетістіктерге де тоқталды. Ауылшаруашылығы, денсаулық, спорт, білім, мәдениет салаларындағы ілгерілеушілікті атап өткен М.Шүкеев халқымыз татулық пен еңбектің арқасында «Мәңгілік елге» қарай ұмтылып жатқанын, сол мақсатқа жету жолында күш біріктіру керектігін сөз етті. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, бірлігіміздің бекем болуын тіледі.
Салтанатты шарада өз құттықтауын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Байытов, тәуелсіздік құрдасы, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мектептің мұғалімі Арай Жүнісова айтып жеткізді.
Мемлекеттік Ту түсіріліп, Гимн орындалып, марапаттау рәсімі басталды. Аудан әкімі М.Шүкеев, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Тлепов ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болған азаматтарға арнайы куәлік пен төсбелгіні табыстады.
Өлкеміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Базарбай Қалдыбаев, Идаш Ағаділова, Әділхан Садуақасов, Қылышбай Ахметов, Әзімхан Қилыбаев, Тазагүл Кадимова, Мінаш Баянова, Асқар Бекбауов, Рыскелді Саршаев, Бердібек Төлепбергенов «Байзақ ауданының Құрметті азаматтары» атанды.
Осындай құрметке ие болған Ә.Қилыбаев, Р.Саршаевтар аудан халқына өз ризашылықтарын жеткізді.
Тәуелсіздік тойы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жезкөмей әншілер М.Жанбаева, К.Құрымбаева, Д.Диханбаева, Ә.Әбдікеромов және өнерлі өрендер Н.Қойшыманов, Н.Оразбаев, Қ.Әділбеков, М.Аббасов, Д.Сағымбаевалар мен «Ардагер ағалар» тобы әсем ән шырқап, көптің көңілін көтерсе, «Дания» бишілер тобы мың бұрала би биледі, М.Көпешов «Сарыарқа» күйін орындады. Ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр тәуелсіздікке арнау өлеңін оқып берді. Мерекелік шара аудан орталығындағы орта мектептердің композициялық қойылымдарымен қызықты өтті.

Обновлено 20.12.2016 19:03
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2254
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада4415
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда21045
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2272714

Серіктестер