Онлайн газет



Күн тәртібінде: жасөспірімдер қылмысы

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Заң бойынша ұрлау, тонау, ұрып-соғу, біреудің мүлкіне қол сұғу, бопсалаудың өзі де қылмыс болып табылады. Ал, сол қылмысты жасаған адам түптің түбінде өз жазасын алары ақиқат. Халық даналығында «Қылмыс түбі – жаза» деп бекерден-бекер айтылмаған.
Заманнан дейміз бе, адамнан да болар, қазіргі таңда қылмыс хроникасы өршіп тұр. Тіпті көріп те, айтып та жүрген - адам өміріне қастандық жасау фактісі қалыпты жағдай ретінде қабылдануда. Әсіресе, соңғы кезде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар жиі орын алуда. Сондықтанда бүкіл республика, облыс және аудандар көлемінде жастардың қолымен жасалатын қылмысты болдырмау, алдын алу  өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне қойылуда.
Бейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжілістер залында жасөспірімдер мәселесі май шаммен қаралды. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының  «Байзақ ауданындағы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыспен күрес жөніндегі атқарылған жұмыстардың 2012 жылғы қорытындысы бойынша» кеңейтілген отырысында комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов баяндама жасады.
Өз баяндамасында  Мақсат Аманжолұлы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын-алу - қоғамның басты міндеті екендігін айта келе, аудан бойынша ішкі істер бөлімінде есепте тұрған балалар, білім ошақтарындағы жай-күй, құқықтық және тәрбие жөніндегі жұмыстарды дұрыс жолға қоя алмаған мектептер, ондағы осы іске жауапты қызметкерлердің немқұрайлылығы, өткен жылы орын алған қылмыстар, онымен күрес жолында атқарылған іс-шаралар туралы сөз қозғады.
Баяндамашының сөзіне сүйенер болсақ, 2009 жылы – 49 бала, 2010 жылы – 36, 2011 жылы -32, ал, 2012 жылдың ақпан айына дейін - 48 оқушы  аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұрғандығы анықталды. Атап айтқанда, Жамбыл орта мектебінен – 11, Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясынан – 1, Ақшолақ орта мектебінен – 1, кешкі мектепте -4, Ю.Гагарин орта мектебінен – 3, Ленин орта мектебінен – 1, Мырзатай орта мектебінен -3, Амангелді орта мектебінен-1, Гоголь орта мектебінен -2 оқушы тіркеуде тұр. №3 кәсіптік колледжінен – 7, ал, қалған 12 бала қалалық оқу орындарының білімгерлері және 2-еуі еш жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын жасөспірімдер. Айта кетерлік тағы бір жәйт, жасөспірімдер арасында топтық төбелес, ұл балаларды былай қойғанда, қыздардың араласуымен де қылмыс жасалып жатыр екен. Осыған орай қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, педагогтардың, психологтардың және ата-аналардың, жалпы қоғам мүшелерінің бала тәрбиесіне деген жауапкершілік арттырылу үстінде. Жасөспірімдер арасында нашақорлықтың, маскүнемдік пен  темекі шегудің алдын-алу да - маңызды міндет. Осы орайда аудан мектептерінде АІІБ, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мен білім бөлімінің мұрындық болуымен жедел іс-шаралар, рейдтер, акциялар ұйымдастырылған. Мақсат Демесинов осы және өзге де мәселелерді тілге тиек етіп, қылмыспен күрес жолында жұмыстарды жандандыру жалғасатындығын атап өтті.
- «Балалардың қандай болып туары ешкімге байланысты емес, бірақ дұрыс тәрбие беру арқылы олардың жақсы болып шығуы біздің қолымызда» деп жай айтылмаған, олай болса кәмелетке толмағандар арасында тәртіпбұзушылық пен қылмыстың алдын-алу бәріміздің ортақ міндетіміз» деді ол.
Мұнан кейін Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Абдезов қылмыстық топтарды анықтау мен жою бойынша жасалынған жұмыстарды тілге тиек ете, жұртшылықты білім ошақтарында жұмыс жасайтын инспекторлармен таныстырды, оларға жүктелетін міндеттерді, қойылатын талаптарды түсіндіріп берді.  Ахатхан Төреханұлы жасөспірімдер қылмысына тосқауыл қою жолдары жөніндегі ойымен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қатты.
Жарыссөзге шыққан аудан әкімдігі білім бөлімінің бастығы З.Дүзенова мектептерде болған оқыс оқиғалардың басты себеп-салдарын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі М.Шүкеев тақырып төңірегінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы төрағасына төтесінен бірнеше сұрақтар қойып, олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмысты күшейту керектігін айтты. Кәмелетке толмағандар ісіне жауаптыларды жеке-жеке тұрғызып, тиісті тапсырмалар берді.

 

Фото: Н.Сүгірбеков

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін344
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6361
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31928
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202658

Серіктестер