Онлайн газет



ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КЕРУЕН

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Ата-баба арман еткен егемендікке қол жеткізген еліміздегі татулық пен бірлік, ұлттар арасындағы ұлы достастықты нығайту мақсатында жолға шыққан «Тәуелсіздікке 25 жыл» атты аудандық автокеруен сәрсенбі күні Көктал, Мырзатай, Сазтерек, Жалғызтөбе елдімекендеріне ат басын бұрды.
Құрамында мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бар ақпаратттық керуен алдымен Көктал ауылындағы мәдениет үйіне табан тіреді.
Әнге, жырға жаны құмар көкталдықтар бұл күні өнер ордасына көптеп жиылыпты. Мемлекеттік Гимн шырқалғаннан кейін,тұрғындарды еліміздің ең ұлық мейрамы – Тәуелсіздік мерекесімен аудан әкімі атынан құттықтаған ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов 25 жылда жеткен жетістіктерді, ауданның айшықты шараларын ауызға алды. Білім, спорт, денсаулық сақтау саласы мен мәдениеттегі мәнді тірліктер, ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілушіліктер туралы әңгімелеген Мырзахан Махамбетұлы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында жастарға зор жауапкершілік артылып отырғандығын атап өтті.


Мұнан соң сахнаға көтерілген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабай Рәпілбеков көкталдағы көңіл марқайтар шараларды, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіндегі Елбасының ерен еңбегін сөз етсе, тәуелсіздік құрдастары, Көктал орта мектебінің ұстаздары Ақбота Ізтілеуова, Мұстафа Акиповтар мемлекетімізде жастарға жасалып жатқан жанды қамқорлықтарға тоқталып, жас маман ретінде өздері де қолдауға ие болып жатқандықтарын мақтанышпен жеткізді. Ал, жас ақын Мұхаммедәлі Бакаев өзінің Елбасыға, Тәуелсіздікке, Астанаға арнаған жүрекжарды жырын көпшілік алдында оқып берді.
Айтулы шара аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары мен жергілікті өнерлі өрендердің концерттік бағдарламасымен жарасым тапты. Бұл күні сонымен қатар, Көктал спорт мектебінде бокс, қазақ күресі, ұлттық ойынымыз – асықтан жарыстар ұйымдастырылды.
*             *             *
Автокеруен Мырзатай ауылдық округіндегі Диқан тірек мектебіне де келді. Мерейлі мерекеге сай безендірілген залда ұстаздар мен ата-аналар бір-бірін алдағы торқалы тоймен құттықтасып жатса, оқушылар «Тәуелсіздік күнімен!», «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы құтты болсын!» лозунгілерін ұстап, шараның маңызын одан сайын асқақтата түсті.
Өз құттықтауларын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мырзахан Махамбетов, ауылдық округтің әкімі Нұрахан Әбдуалиев, қазыналы қария Амангелді Әлібаевтар жеткізсе, жас буын Ақерке Бекназарова тәуелсіздік - қазақстандықтардың басына біткен бақыт, оны қадірлей білу кейінгі ұрпақтардың басты міндеті екендігін тілге тиек етті. Мұнда да жергілікті халыққа ауданнан барған өнерпаздар өздерінің ән шашуларын арнады.
*           *          *
Түстен кейін автокеруен Сазтерек елдімекеніндегі Абай ауылдық клубына барды. Жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген – Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуді мақсат тұтқан мерейлі шарада сөз сөйлеген аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Әділхан Омаров тәуелсіздік – ұлы ұғым екендігін, әрбір азамат үшін қасиетті құндылық саналатын егемендікті еңселі етуде аянбай еңбектенудің маңызын атап өтті. Әсіресе, спортпен шұғылдану, денсаулыққа ден қою, салауаттылықты сақтау – мемлекетімізді дамыған елдер қатарына қосуда игі ықпал ететіндігін сөз етті.
Ал, «Тәуелсіздік бізге не берді?» турасында ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәрсенбай Қанқожаев, тәуелсіздік құрдасы Қуат Тоқбергеновтер әңгімеледі. Егемендікпен бірге  шекарамыз шегеленгенін, Рәміздеріміз белгіленіп, тіліміз, діліміз, дініміз оралғандығын, қандастарымыз ата жұртқа қоныстанып жатқанын атап өткен аға ұрпақ пен жас буын өкілдері ауылдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекемен құттықтай келген автокеруеншілерге алғыстарын білдірді.
Айтулы шара өңіріміздің жезкөмей әншілерінің орындауындағы Отан, туған жер, Тәуелсіздікке арналған әндермен жалғасын тапты.
Ел егемендігін әспеттеген шаралардың барлығында да дәрігерлер өз қызметін ұсынды. Аудандық емхананың дәрігері Ғазиза Мамышева, хирург Жансерік Сарманбек және фельдшер Елеукен Жәнібек ауылдықтардың денсаулығын тексеріп, қажетті кеңестерін берді. Бұл күні сонымен қатар, Жалғызтөбе ауылдық округінде де мерекелік шара өткерілді.

Обновлено 29.11.2016 10:17
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін558
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада558
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда40748
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2248134

Серіктестер