Онлайн газет



Жеңістерімен құттықтады

А.Қайыпназарқызы,
“Ауыл жаңалығы”.

Байзақ жері таланттардан тұратынын талай ауызға алғанбыз. Өлкемізде өнер дүлділдерімен қатар, биік ареналарды бағындырып жүрген спортшыларымыз

қаншама. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем біріншілігі мен кубогының жеңімпазы, белгілі боз кілем ардагері Жақсылық Үшкемпіровтың ізін жалғай самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Мұсабеков біздің мақтаныштарымыз. Ағалар салған сара жолмен спортта биік белестерден көрініп жүрген жас спортшыларымыз жуырда тағы бір қуанышты хабар алып келді.
Байзақ ауданындағы №8 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің каратэ-до бөлімінің тәлімгері Гузаль Гафурова өткен жылдың қазан айында Ташкент қаласында өткізілген Әлем Кубогі сайысына қатысып қайтып, жағымды жаңалықпен оралды. Әлемнің 20 мемлекетінен келген спортшылар қатысқан тартысты додада Гузаль Инданезия, Иран, Ресей, Қытай каратэшілерімен кездесулер өткізіп, ақтық сында өзбек ағайындардың спортшысынан басым түсіп, алтыннан алқа тағады.
Спорттағы жетістігіміз мұнымен шектелмек емес. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Орал қаласында 1994-1995 жылы туылған жастар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Ауданымыздың намысын арқалап, ол жаққа аттанған спортшыларымыздың бірі Нәметкерім Асхат қоржынымызды тағы бір алтын медальмен толықтырды. Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды қалаларының беткеұстарларымен қолғап түйістірген Асхат Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атағын иеленіп қайтты. Осыған дейін бірнеше рет Халықаралық турнирлерде топ жарған А.Нәметкерімді №8 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Жұманқұловтың өзі бас болып спортқа баулыған екен.
Бейсенбі күні аудан әкімі М.Ж.Шүкеев спортшылармен жүздесті. Ақынын ардақтап, батырын құрметтеуді дәстүрге айналдырған аудан басшысы  №8 Үшкемпіров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қ.Жұманқұлов,  аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ә.Омаров және жас спортшы А.Нәметкерімді жеке қабылдап, ауданның спорт саласындағы жетістіктері туралы әңгіме қозғады.
Мұнан соң Мұратхан Жүнісәліұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиында 1994-1995 жылы туылған жастар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы А.Нәметкерімді жүлдесімен құттықтап, табыстар тіледі.  Каратэ-додан Әлем Кубогын иеленген Гафурова Гузалдың жеңісін мақтанышпен ауызға алып, спорттық киімдерден тұратын сый-сыйапатты табыс етті.
Бүгінде ауданның абыройын асқақтатып, алтыннан алқа тағынған Гафурова Гузаль Ақтөбе қаласында өтіп жатқан Д.Әшімхалиді еске алуға арналған Халықаралық турнирде бағын сынауда, ал,  Асхат Нәметкерім бірер күнде Филипин елінде болатын Азия біріншілігіне жол жүріп барады. Олай болса, жас спортшыларымызға “жеңісті күнде жолыққанша” демекшіміз.

 

 

Фото: А.Алдабергенов

Обновлено 02.03.2013 10:30
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1195
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7212
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32779
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203509

Серіктестер