Онлайн газет



СПОРТ – ЕЛ ЕҢСЕСІ, МЕМЛЕКЕТ МЕРЕЙІ

Ә. Омаров,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Кез-келген мемлекеттің қуатты болуы, ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүретін еңбекке қабілетті, тәні мықты, рухы биік, жандары жайсаң ұрпақтың қолынан келетін іс. Халық даналығындағы: «Тәні мықтының, рухы мықты», «Дені саудың-жаны сау», «Денсаулық-басты байлық», «Спорт-денсаулық кепілі» - деген сөздердің мәні осыдан туса керек.
«Мемлекетіміздің басты байлығы — ұрпақ саулығы» деп Елбасымыз айтқандай, халықтың денсаулығы басты қазынамыз екендігі рас. Қазіргі таңда денсаулықты сақтау барысын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Оның дәлелі бүгінде төрткүл дүние көз тіккен Бразилия мемлекетіндегі ХХХІ Олимпиада ойындарында ел спортшыларының жетістіктері десек жаңылыспаймыз.
Спортты-денсаулық кепілі дейтін болсақ, спорт ел намысы сыналатын саланың бірі. Бұл салада да біршама өзгерістер орын алып келеді. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың санын 30 пайызға жеткізуді тапсырғандығы белгілі. Осыған байланысты еліміз аумағында түрлі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, спорттық жарыстар, фестивальдер ұйымдастырылуда. Біздің өңір де айтулы істерден қалыс қалып жатқан жоқ. Олимпиада жетістіктері бұған жаңа қарқын қосары анық.
Байзақ ауданы бойынша барлығы 171 спорттық нысан бар. Оның ішінде, атап айтар болсақ, бір стадион, отыз бір спорттық зал, он алты бейімделген спорттық зал және бір жүз жиырма үш спорттық алаңдар мен алаңшалар тұрғындарға қызмет етуде. Аталған спорт нысандары аудан тұрғындарына еш кедергісіз спортпен айналысуларына жағдай жасап отыр. Спорттық нысандардың кіре беріс маңдайшаларында тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестелері ілінген. Білім мекемелеріндегі спорттық нысандарда тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуы мен осы спорттық нысандарда спорттық іс-шаралардың өз деңгейінде еш кедергісіз өтуі мақсатында аудандық білім бөлімі мен дене шынықтыру және спорт бөлімі арасында арнайы келісім-шарт жасалынды.
Өткен жылдың 1 тамызы бойынша жалпы халық санынан дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындар саны 23 514 адам немесе 24,2 пайыз болса, бұл сандық көрсеткіш үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне 3 056 адамға артып, 26 570 адамды немесе жалпы халық санының 26,7 пайызын құрады. Осы шұғылданушылар ішінен 14 жасқа дейінгілері 8 219, 14-29 жас аралығындағы жастар 12 721 және 29 жастан жоғары тұрғындар саны 5 630 адамға жетті.
2016 жылдың алғашқы жеті айында аудан бойынша барлығы 394 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 81 165 адам қамтылды. Өткізілген спорттық іс-шаралардың 52-сі аудандық деңгейдегі жарыстар болса, қалған 342-сі ауылдық округтерде түрлі деңгейде өткізілді.
Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының жалпы жүйелі түрде ұйымдастырған облыстық іс-шаралардың ауылдық, аудандық деңгейлері өз кезегінде уақытылы, талапқа сай ұйымдастырылуда. Оның ішінде, мектеп оқушылары арасындағы «Мектеп лигасы» жарыстары, асық атудан «Алтын сақа», қазақ күресінен «Қазақстан Барысы», аула ойындары, отбасылық «Әкем, анашым және мен, спортшымыз отбасымызбен», көше спорты ойындары, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының тестілері, мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы, Олимпиада күніне арналған спорттық жарыстар, спорт ардагерлері спартакиадалары өз деңгейінде өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік болып бекітілген мерекелік күндерді спорт арқылы атап өту, халық көп жиналатын жерлерде спортты насихаттау жұмыстары жақсы жолға қойылды дей аламыз. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, ауылдық округтер мен жалпы білім беру мекемелерінің спорттағы деңгейлерін анықтап отыратын аудан тұрғындары арасындағы жыл сайынғы дәстүрге айналған «Байзақ спорты» спартакиадасы, мектеп оқушылары және жастар арасындағы аудандық спартакиадалар, айналма жүйесі бойынша шағын футбол, волейбол, баскетболдан аудан біріншіліктері өткізіліп, бұл спорттық жарыстар тұрғындарды дене шынықтыру және спортпен айналысуға үлкен рөл атқаруда. Бұл өткізілген бұқаралық спорттық іс-шаралар нәтижесі, аудан командаларының немесе жекелеген спортшыларының жоғары спорттық жетістіктеріне алып келуіне үлкен септігін тигізуде.
Ауданның спорттық құрама командасының ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығындағы командалық жетістіктеріне тоқталсақ. Ауданның құрамасы облыстық мемлекеттік қызметшілер спартакиадасында жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болса, облыстық спорт ардагерлері спартакиадасында жалпы командалық есепте екінші орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ облыстық «Алтын сақа» турнирінде жалпы командалық есепте жүлделі екінші орыннан көрінсе, Қазақстан халықтарының облыстық этномәдени бірлестіктерінің арасындағы спартакиадада жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Байзақ ауданы бойынша 2016 жылдың І-ші жарты жылдығында облыстық ресми чемпионаттар мен біріншіліктерінде 72 спортшы, республикалық ресми чемпионаттар мен біріншіліктерінде 34 спортшы жарыс жүлдегері атанса, 2 спортшы ҚР спорт шебері, 1 спортшы ІІІ разрядты және 24 спортшы жасөспірімдік разрядты спортшы дәрежелерін орындады.
Ауылдық округтердің дене шынықтыру және спорттағы негізгі көрсеткіштеріне тоқсан сайын талдау жасалынып, олардың спорттағы белсенділік деңгейі анықталуда.
Ауданның бірыңғай өткізілетін спорттық іс-шаралардың жылдық күнтізбелік жоспары жасалынған және сол бойынша жұмыстар тиісінше жүргізіліп отырады. Сонымен қатар аудан әкімінің бекітуімен бұқаралық спортты дамыту бойынша ауданның бір жылға арналған жұмыс жоспары жасалынған және осы жоспар бойынша жыл аяғында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілініп, жұмыстардың нәтижелері арнайы аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған аудан әкімдігі жанындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру мен дене шынықтыру және спортты дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінде қаралуда.
Бұдан бөлек бөлімде спорттық разрядтар және біліктілік санаттарын беру жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Комиссияға жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2016 жылдың қаңтар – шілде айлары аралығында тұрғындардан 37 арыз келіп түсті. Бұл арыздардың 35-і қанағаттандырылып, екеуінің тиісті құжаттары бекітілген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды. Осы 35 арыз бойынша 11 жаттықтырушыға тиісті біліктілік санаттары берілсе, 24 спортшыға тиісті спорттық разрядтар берілген. Сонымен қатар, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінде аудандағы жалпы спорт саласы қызметкерлерінің кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің отырысы әр тоқсан сайын шақырылып, кеңесте дене шынықтыру және спорт саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, тиісті тұлғалар мен мекемелердің есептері тыңдалады. Ол бойынша тиісті шешімдер қабылданып, шешімдердің орындалуы бақыланады.
Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінде 2016 жылдың 1 шілдесіне 6 мектеп жасындағы бала «Қиын тобына» жатқызылып, тіркелген және бұл балаларды дене шынықтыру және спортқа тарту бойынша бөлімде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған 6 баланың 4-еуі қазіргі таңда спортпен тұрақты түрде айналысып жатса, біреуі денсаулығына байланысты дене шынықтырумен айналысуға тыйым салынса, екіншісін спортқа тарту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде.
Байзақ ауданы бойынша, аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 2015-2016 оқу жылында 1466 оқушы шұғылданса (қосалқы құрамын қоса алғанда) оның 3-і спорт шебері, 18-і спорт шеберіне үміткер, 59-ы түрлі разрядтағы спортшылар болып табылады. Жалпы спорт мектептеріндегі 53 жаттықтырушы,17 спорт түрін қамтыған 88 оқу-жаттығу тобымен жұмыс істейді.
Аталған спорт мектептерінің теңгерімінде спорт зал, стадион және сегіз бейімделген спорттық зал бар. Бұл спорттық нысандарда оқу-жаттығу жұмыстарына толықтай жағдай жасалынып отыр.
Ендігі кезекте №1 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спортшыларының басты спорттық жетістіктері туралы айтар болсақ, Нұрмахамметова Рауза, халықаралық «Дети Азии» спорттық ойындарында дзю-до күресінен қола жүлдегері (5-17 шілде 2016 жыл, Якутск қ., Ресей) атанса, Ошақбаев Жандос, грек-рим күресінен 1999-2001 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы (1-3 мамыр 2016 жыл, Шымкент қ.), Азатова Махаббат, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы (25-27 наурыз 2016 жыл, Қостанай қ.), Есенәлі Нұрбол, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері (25-27 наурыз 2016 жыл, Қостанай қ.), Ашрапов Юсуф, грек-рим күресінен Р.Санатбаев атындағы спорт мектебінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы (15-17 қаңтар 2016 жыл, Бішкек қ., Қырғызстан Республикасы), Қ.Абитовты еске алуға арналған республикалық ашық турнирінің жеңімпазы (6-7 ақпан 2016 жыл, Ақтөбе қ.) атанды. Сондай-ақ, №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спортшыларының жетістіктері де бір төбе десек артық айтқанымыз емес. Атап айтқанда, Туленов Бақытжан, үстел теннисінен Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері (20-25 маусым 2016 жыл, Алматы қ.), Махашев Ислам, бокстан ҚР чемпионатының жеңімпазы (16-20 мамыр 2016 жыл, Алматы қ.), Дүйсенқұл Алмаз, бокстан ҚР чемпионатының қола жүлдегері (16-20 мамыр 2016 жылы Алматы қ.), Шыныбекова Асем, таеквондодан А.К.Чилманов атындағы «Kazakhstan open» халықаралық турнирінің жеңімпазы (3-6 маусым 2016 жыл, Атырау қ.), Құрыш Шадияр, бокстан 2001-2002 ж.т. жасөспірімдер арасындағы спорт шеберлері А.Маканалин, Е.Нөкербеков, Ж.Сәтеновтарды еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирінің жеңімпазы (20-25 маусым 2016 жыл, Балқаш қ.), Шарипова Жансая, шекемтастан ҚР чемпионатының жеңімпазы (10-14 мамыр 2016 жыл, Астана), Омашева Жібекназ, армрестлингтен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері (16-18 наурыз 2016 жыл Өскемен қ.), Жеңісбай Әділет, армрестлингтен Азия чемпионатының жеңімпазы (24-30 сәуір 2016 жыл, Ташкент қ.), Нәрік Әсел, армрестлингтен Азия чемпионатының жеңімпазы (24-30 сәуір 2016 жыл, Ташкент қ.), Маханбет Асылбек, бокстан 2001-2002 ж.т. жасөспірімдер арасындағы спорт шеберлері А.Маканалин, Е.Нөкербеков, Ж.Сәтеновтарды еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирдің қола жүлдегері (20-25 маусым 2016 жыл, Балқаш қ.), Балтабай Нұрбибі, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Барыс клубының халықаралық ашық турнирінің қола жүлдегері (19-22 мамыр 2016 жыл, Алматы қ.), Маткаримов Шухрат, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Барыс клубының халықаралық ашық турнирінің қола жүлдегері (19-22 мамыр 2016 жыл, Алматы қ.) және де Нарик Динара, армрестлингтен ҚР чемпионатының жеңімпазы (15-19 ақпан 2016 жыл, Алматы қ.) атанғанын мақтанышпен айтуға болады.
№1 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметіне 2016 жылы жалпы 65 032 мың теңге көлеміндегі қаражат бөлінген (2015 жылы 53865 мың теңге) және №2 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің қызметіне 2016 жылы 49 038 мың теңге көлеміндегі қаражат бөлінген (2015 жылы 36 546 мың теңге).
Аудан бойынша 4 ауылдық округте спорт жөніндегі нұсқаушылар тәжірибесі енгізілген. Жұмыс ауқымының көлеміне қарай барлық ауылдық округтерде спорт нұсқаушысы тәжірибесі енгізілу қажет (Байзақ ауданы бойынша 18 ауылдық округ бар). Байзақ ауданы, Жамбыл облысы бойынша осы спорт нұсқаушыларымен толық қамтылмаған екі ауданның бірі болып отыр. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының спортқа деген белсенділігіне қарай, оларға спорттық залдардың аудандағы жетіспеушілігі байқалады. Ауданға спорт кешенімен қатар бірнеше заманауи спорттық нысандар салу қажет. 30 мыңнан аса тұрғыны бар Сарыкемер ауылы және 10 мыңға жуық тұрғындары бар Бурыл, Байзақ, Түймекент, Талас, Көктал, ауылдарындағы спорттық нысандар жергілікті тұрғындарға аздық етіп отыр. Сонымен қатар, Байзақ ауданы облыс бойынша аула клубтары жоқ жалғыз аудан саналады.
Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші-адамның денсаулығы болса, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда да спорттың алар орны ерекше. Бүгінде спорт саласының дамып-өркендеуі үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр десек артық болмас.
Айтулы  төл мерекемізде барлық спортшылар мен олардың бапкерлерін, ардагерлерді, спорт қауымдастығын шын жүректен құттықтағым келеді.  Сіздерге  зор денсаулық, жеңіс  жолында табыстарға жетіп,  Қазақстанның даңқын арттыра  берулеріңізге  тілектеспін.

Обновлено 15.08.2016 15:18
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін228
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1417
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40418
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247804

Серіктестер