Онлайн газет



Ардагерлер-алтын тұғыр

А. Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Ежелден «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өскен біздің халық үшін, ақсақалдардың ақылын алып, өмірлік тәжірибесін үйрену қоғамдық маңызы зор іс саналады. Алтын тұғыр ардагерлердің өмірлері өнеге дейтін болсақ, олардың жастар тәрбиесінде алар орны зор.
Өткен аптада Байзақ ауданының Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Кеңесінің ІІ Пленумы өткерілді. Аудандық әкімшіліктің мәжілістер залына жиылған аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ұжым, мекеме меңгерушілері және ауылдық округ әкімдері, қазыналы қариялармен жастар қауымы аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарымен танысты.
Пленумның күн тәртібіндегі мәселесі белгіленіп, регламент нақтыланғаннан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев үстіміздегі жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің VІІ съезінің шешімдерін жүзеге асырудағы Байзақ аудандық ардагерлер ұйымдарының міндеттері және оны орындаудағы шаралар жайын баяндады.
Яғни, К.Беспаев аталмыш жиында сөз болған мәселелер, аға буын өкілдеріне артылып отырған жауапкершілік жөнінде айтып, Байзақ аудандық ардагерлер ұйымының ықпалымен нақты істелінген істерге тоқталды.
- ”Съезд қаулысын жүзеге асыруда және насихаттау мақсатында аудандық ардагерлер ұйымы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамды реформалау жөніндегі бастамасын, Мемлекет басшысының  бағдарламалық құжаттарын қолдау және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты қарсы алу жөнінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалымен бірлесе бірнеше саяси-қоғамдық іс-шаралар өткізді”, -дей отырып,  съезді басшылыққа ала бастауыш ардагерлер ұйымының рөлін арттыру, жастарға «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идея рухында тәрбие беруді жандандыру, кадрларды іріктеу, белсенді қарттарды қоғамдық іске тарту, жер-жерлердегі жағдайы төмен қарт кісілердің жанұясына көмек көрсету  бастамалары қолға алынғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, көпті көрген қариялардың ұйытқы болуымен елдік маңызы бар мерекелер де аудан көлемінде кең көлемде аталып келеді. Мысалға, аға буын өкілдері Жер Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты ауыл-ауылдарда түрлі жиындар ұйымдастырып, өз ақыл-кеңестерін айтып жүрсе, ұлттар арасындағы достық, ел бірлігі мәселелері мен Елбасы Жолдауын түсіндіруде қарттардың қосқан үлесі қомақты.


Міне, осы жөнінде егжей-тегжейлі сөз еткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев қариялар қашанда жастардың тәрбиелі болып өсіп-жетілуінде, еліміздің өркендеуі жолында еңбек ете беретіндігін ауызға алып, ендігі жерде келесідей бастамаларды жүзеге асырсақ деген ойымен бөлісті. Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан ашылған «Нұр бата Ардагер» қоғамдық бірлестігіне аудан тұрғындары қолдау білдіріп,  «Ардагерлер үйін» ашсақ, осылайша қариялардың ақылдасар орнын қалыптастырсақ деген ұсынысын білдірді.
Пленумның келесі кезеңі жарыссөзге ұласып, бірінен соң бірі мінбеге көтерілген  Мырзатай, Ынтымақ ауылдық  округтері ардагерлер кеңесінің төрағалары А.Әлімбаев,  Т.Құрманов және Суханбаев ауылдық  округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Т.Атқановтар өз елдімекендеріндегі ардагерлердің мұрындық болуымен атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етті.
Жиынға арнайы келіп қатысып отырған Жамбыл облысы соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев,  облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын да сөз сөйледі.
Арғынбай Бекбосынұлы қазақ әніндегі «Қайда жүрсең Атамекен, көкейіңде жатады екен» сөздерін алға тартып, өзі туып-өскен Байзақ елі қашанда ыстық екендігін, байзақтықтармен мақтанатындығын жеткізді.
Ардагерлердің қоғамда алар орнына тоқталып, әсіресе ұлтаралық қатынасты нығайтуда аға буын өкілдеріне жүктелер жауапкершілік, жақында ғана елімізде орын алған оқыс оқиғалар - Ақтөбе, Алматыдағы лаңкестік жағдайлар халық арасына іріткі салушылардың тірлігі екендігін әңгімелеп, осындайда көнекөз қариялар өз өмірлік ұстанымдарымен бөлісулері керектігін айтты. Жастарға дұрыс діни таным үйретудің пайдасын, жұмыссыз ұл-қыздарды жұмысқа тартудың тиімділігін қозғады.
Ал, Жамбыл облысы соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына өз бағасын беріп,  бұдан былай да ардагерлер ұйымдарының алдында орасан зор міндеттер тұрғандығын, алда жастарды дәстүрлі дініміз негізінде отансүйгіштікке тәрбиелеудегі шараларды күшейту керектігін айтып өтті. «Ардагерлер үйін» ашу туралы ұсыныспен келісетіндігін мәлімдеп, қазыналы қарияларға зор денсаулық, әрбір істеріне сәттілік тіледі.
Пленумды аудан әкімі М.Шүкеев қорытты.  Аудан басшысы “қариялар –қазынамыз” дей келе, өңіріміздегі қандайда бір мемлекеттік, мәдени, спорттық іс-шараларда ардагерлер қауымы белсенділік танытып жүретіндігін, олардың өсіп келе жатқан жас өрендерге өнеге көрсетудегі ерен еңбектерін атап өтті. Мұратхан Жүнісәліұлы көпшілік алдында ауданның жетістіктерін де баяндады.
Пленумның қаулысы таныстырылып, сұрақ-жауап кезеңімен жалғасын тапты.

Обновлено 10.08.2016 16:57
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін328
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1517
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40518
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247904

Серіктестер