Онлайн газет



Жетiскеннен жетiм атанбайды

Ермахан қажы Бердалы,
зейнеткер.
Сарыкемер ауылы,

Бұл жайлы Елбасымыз қайта-қайта айтып жүр.  «Біз әйел затына-анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға

тиіспіз.  Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар - балалар үйлері толы» деп атап көрсетті ел Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы «Қазақстан - 2050” стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Жесір – жетім дегенде жүрек сыздап, жан түршігіп, ойға оранбау мүмкін емес. Жазатайым, селт етпейтін серілер болса, перілер кездессе – нақұрыс шығар.
Тастанды бала, некесіз сәби, кәрі қыз, көкек – ана, әйелсіз әке  бүгінгі күннің шындығы. Бұл үстімізден сыпырып тастай салар шапан емес, қоғамды дендей бастаған дерт. Аурудың алдын алу керек.
Өзіңіз ойлаңызшы!? Көзі жәудіреген сәби де, қатарынан қағажу көрген ұл, қыз да кінәсіз ғой. Немене, «Тумай жатып тағдырдың тауқыметін сұрап алған,»- дейсіз бе? «Таз тақиядан тарайды». «Бұл аурудың бастауы, кешіріңіздер, әуелі әйелдер ғой» - деген күмән көңілге келеді.
Жігіттеріміздің де жетісіп тұрған жері жоқ. Жаңа ғасырдың жарасымсыз жақтары да жетерлік.
Расында, қыз балаларымызды отбасылық,  ұлттық тәрбиеден кенже қалдырып, имандылық қағидаларын бойына сіңіре алмадық.  Алланың алдындағы ұрпақ өсіру міндетін өзгеге жүктеуді үйреттік. Шектен шыққаны  соншалық, көлденең  көк аттының ермегіне айналды. «Азаматтық неке» деген тажалды таңдайтын болды. Неге? Біздіңше, қыздарымыз өмірдегі өз орнын білмейді, не білгісі келмейді. Басты бәле: ашкөздік, менмендік, дүние-қоңыздық, жалқаулық, қатыгездік, дінсіздік. Бұл бүкпесіз шындық.
Ал, арыстай азаматтарымыз арды аттап жүре беруді әдет еткен. Өздері – жасқаншақ, тік бақай, намыссыз, қыз қылықты қуыршақ боп барады. Көпшілігінің  өзіне сай кәсібі, жігіт сияқты алып келер нәсібі жоқ. «Кедейшілік» деген кермаңдай желкесінен түсер емес. Нарықтық экономика да болмысымызға өз өрнегін салған.
Әйтсе де келешектен күдер үзуге әлі ерте. Медицинада қайсыбір ауруды күйдіріп емдейді. Жанға жағымсыз, бірақ, әділ тәсіл. Міне, осы әдісті пайдалансақ қайтер еді.
Қоғамдағы барлық жағдай заңмен реттеледі. Олай болса, «Отбасы және неке» туралы заңға мынандай өзгеріс енгізуге болар ма екен?
Біріншіден - Қазақстанның әрбір азаматы (әйел – еркек демей) 18 бен 40 жас аралығында бойдақтық салық төлесін. Отбасына алғашқы сәби келісімен бойдақ салықтан босатылатын болсын. Салық көлемі табысының 10%  құраса құба құп. Жұмыссыз азаматтар қоғамдық жұмыс атқарып салығын өтесін.
Екіншіден - қандайда бір жағдайда ерлі – зайыптылар ажырасып кетсе, (әйел – еркек демей) ортақ балалары 18 жасқа толғанша, алимент төлейтіні бар. Бас тартқан жағдайда мәжбүрлі жұмысқа жегілетіні көрсетілсе.
Үшіншіден - кімде-кім балаларынан бас тартса, ол бала 18 жасқа келгенше оны бағып қағуға кеткен шығынды мемлекетке төлейді.
Егерде бала тұл жетім қалса ғана мемлекет өз қарамағына алады. Егерде асырап алушы табылса, оны бағып қағуға кеткен қаржыны асырап алушыға ішінара болса да төлейтін болса. Мұндағы мақсат заң қатайса, жауапкершілік те артар ма екен деген ой.
Әрине, бұл ұсынысымызға өре тұратындар да табылар. Сондайда бізді заңды сұрақтар мазалайды. Неге сіз үйленбей (тұрмыс құрмай) жүрсіз? Елдің еңсесін көтерер ер қайда? Сіздің ұрпағыңызды әлдебіреу немесе мемлекет неге бағып-қағып, балиғатқа жеткізуі керек? Сәбиіңізді шырылдатып тастап кете аласыз, неге оның барлық тауқыметін мемлекет көтеруі керек?
Міне, осы сұрақтардың жауабын жан-жақты ойластыру керек сияқты.
Шарасыз шаранаға, келешектің кемел тұтқасы ұл – қыздарға бүгін назар аудармасақ, ертең кеш болады. Бұл халқымызға да сын, ұят нәрсе. Осыны естен шығармайық, ағайын!

 

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін481
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6498
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32065
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202795

Серіктестер