Онлайн газет



Береке бастауы - бірлікте

С.Қалмұратов,
А.Қайыпназарқызы,
«Ауыл жаңалығы».


Аудан аумағындағы 17 ауылдық округке қарасты 43 елдімекендерде ауыл әкімдерінің ауыл тұрғындары алдындағы өткен жылда атқарған жұмыстары және алдағы жылдарға жоспарланып отырған іс-әрекеттері туралы берген есептері

өз мәресіне жетіп, ақпан айының 1 жұлдызынан бастап, аудан әкімі М.Шүкеевтің ауылдық округтердегі есеп беру жиындары басталып кеткені белгілі.
Байзақ ауданы әкімі қызметіне келгеніне тура жыл толған күні, яғни 1 ақпан, өткен сенбі күні Мұратхан Жүнісәліұлы алғашқы есепті кездесуін белгіленген кестеге сәйкес, шалғайдағы ауылдық округтерден бастады.
Аудан әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстары туралы әр сала бойынша дайындаған баяндама нұсқасы аудан жұртшылығының алдын ала танысып шығуына мүмкіндік беру мақсатында аудандық газет бетінде жарияланғандығынан көзі ашық, көкірегі ояу оқырман құлағдар. Дейтұрғанмен Көптерек, Темірбек, Ынтымақ елдімекендерінің тұрғындарымен өткен кездесулерінде өз кіріспе сөзін бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздік алған жиырма бір жылында қол жеткізген жетістіктері, Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттері туралы ескерген аудан басшысы есепті жылда аудан өмірінде салалар бойынша атқарылған жұмыстар, олардың оң нәтижелерімен қатар, кейбір «әттеген-ай» дейтін тұстарын саралап, алдағы уақыттарға жасалған жоспарлармен бөлісті.
Қысқаша атап айтар болсақ, аудан экономикасының негізін қалайтын ауыл шаруашылығы саласындағы (егіншілік бағытындағы) өндірілген дақыл түрлері, олардың өткен жылдармен салыстырмалы түрдегі көлемі, игерілген және игерілмей қалған жер ауқымы, егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан бөлінген субсидиялар, сондай-ақ мал шаруашылығында ет, сүт, жұмыртқа өндіру бойынша көрсеткіштері, мал басының (төрт түлік) артуы, мал тұқымын асылдандыру, жұқпалы індеттерден сақтау, серологиялық тексеру жұмыстары, шаруа қожалықтарын ірілендіру, суармалы жерлердің мүмкіндіктерінен ұтымды пайдалана білу мәселелері, онымен қоса негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсуі, пайдалануға берілген тұрғын үйлер жалпы көлемінің арта түсуі, аудан аумағындағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау мақсатындағы жөндеу жұмыстары, елдімекендерге көгілдір отын кіргізу, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту, шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту деңгейі, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020» сынды және басқа да көптеген мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылған жобалар, аудан бюджетін өсіру мақсатындағы қолға алынған шаралар, әлеуметтік тұрғыдағы – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың оң нәтижелері мен кейбір орын алған кемшін тұстары аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы тарапынан жан-жақты сарапталып, жиналған жұртшылыққа баяндалды, түсінік берілді.
Айта кетер жайт, ретімен әр сала бойынша баяндалып, боямасыз сипатталған істер, жол берілген кемшін тұстар, алдағы уақыт еншісіндегі жоспарлар аты аталған округ тұрғындары тарапынан түсінікпен қабылданып жатты. Ауылдың белді азаматтары, қариялары өз ауылдастары атынан аудан басшысына алғыстарын айтып, өткен жылы атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген бағаларын берді.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары өздерін күнделікті өмірде мазалап жүрген кейбір көптен шешімін күткен (көкейкесті) мәселелерін аудан әкімінің алдына көлденең қойып, тиесілі жауаптарын алды.
Осындай, әсіресе сонау қашықтағы елдімекендерге тән ортақ мәселелер қатарында – кісі денсаулығына тікелей әсері бар – ауыз су мен егін салу үшін ауадай қажет ағын судың тапшылығы, мал ұрлығына тосқауыл қою, ауыл мектебі, балабақшасы, клубы мен денсаулықты сақтау мекемелеріне қатысты, қоғамдық көлік тасымалдау мәселелерін атауға болады.
Аудан басшылығының атына бағытталған әрбір сұрақ, талап-арыз немесе ұсыныстар ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. Оның әрбірі мұқият тыңдалып, олар бойынша аудан әкімі немесе сала, мекеме басшылары тарапынан тиесілі және нақты жауаптары қайтарылды, ал кейбір қосымша зерттеуді талап ететін мәселелерге қатысты құзырлы орындарға тапсырмалар берілді.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесулерін қорыта келе, Мұратхан Жүнісәліұлы ауыл тұрғындарының назарын Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын маңызды мәселелер мен жүктелген міндеттерге аударды. Олардың бұрыңғылардан анағұрлым күрделі де ауқымды екендігі баса айтылып, оларды жүзеге асыруда бірлесе еңбек етуге шақырды.

*     *     *     *     *

Ауданымызға қарасты Көптерек, Темірбек, Ынтымақ ауылдық округтерінен кейін, орталықтағы Сарыкемермен оған іргелес жатқан Үлгілі елдімекендерінде 2012 жылдың қорытындысы тыңдалды.
Сарыкемер ауылында жаңадан бой көтерген Сарыкемер орта мектебінің акт залында өткен кездесуге Сарыкемер, Қусақ, Базарбай ауылдарының тұрғындары қатысты. Жиынды Сарыкемер ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы С.Тлеуқұлова ашып, жүргізіп отырды. Мұнан кейін мінбеге көтерілген аудан әкімі М.Шүкеев ауданның 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есепті баяндамасында: «Ел өмірінде әрбір өткен жылдың өз тарихы болады. Біз жылдан- жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Тәуелсіз Қазақстанның әр жылы – бұл жаңа тарихымыздың тұтас дәуірі. Біз үшін өткен жыл – нақ осындай кезең болды. Еңселі елімізбен қайратты халқымыз тәуелсіздіктің жиырма бір жылында өзінің қолынан іс келетінін әлем алдында дәлелдеп берді. Елімізде қабілетті және икемді экономиканың негізі қаланып, күрделі реформалар жүзеге асырылды»  деп өз сөзін бастаған Мұратхан Жүнісәліұлы өткен жылдың нәтижелерін саралап, алдағы жоспарларды талқыға салды.
Ол сонымен қатар, ауданның өнеркәсіп орындарында өндірілген өнім, ауылшаруашылығы бойынша, оның ішінде егіс егуден алған нәтиже, мал шаруашылығындағы жетістіктер, егінді тамшылатып, жаңбырлатып суғарудың тиімділігі, нанның бағасын тұрақтандыру мақсатында жағдайы төмен отбасыларына арзандатылған ұн таратылғандығын, ветеринария қызметі, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі, аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша атқарылған іс-шаралар, автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары жайында айтып, ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлік нәтижелері, үдемелі индустриалдық-инновациялық және «Бизнестің жол картасы -2020», «Сыбаға», «Балапан» бағдарламалары аясындағы тірліктер, бөлшек сауда айналымының көлемі, аудан бюджеті, ұлттар достығы, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салаларының тыныс-тіршілігін, қылмыспен күрес және оның алдын-алу бойынша жасалған жұмыстарды егжей-тегжейлі сөз етті.                                                 
Былтыр аудан әкімінің есеп беру кездесулері барысында елдімекендерді газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, балабақша ашу, қаңғыбас иттерді аулау, жол жөндеу, су қоймасының жағалауын қалпына келтіру және денсаулық сақтау саласы бойынша ұсыныстар жасалынған. Нәтижесінде 10 сұрақ бақылауға алынып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілгенін тілге тиек еткен аудан әкімі М.Шүкеев өткен жыл көптеген жемісті нәтижелерімен қуантқанын, десекте кемшіліктердің әлі де жеткілікті екенін атап өтіп, келелі жобаларды жүзеге асыру үшін ел болып ерінбей еңбек етуге үндеді.  «Береке бастауы – бірлікте» деген аталы сөзді алға тартқан аудан басшысы  өлкемізді өркендету жолында бірлік пен ынтымақты ту ете биік белестерді бағындыруда бірге болуға шақырды.
Аудан әкімінің сөзінен кейін аудандық мәслихаттың депутаты Ж.Есенқұлов басшы назарына ауыл шетіндегі дренажды тазалау, Талас өзенінің бойына тал-ағаштар егу арқылы ауылдағы экологиялық түйінді мәселелерді шешуді ұсынса, Қусақ ауылының ардагерлері Кусақ негізгі мектебін көгілдір отынға қосу, осы ауылдың тұрғыны Ө.Рахимов каналдарды тазалау,  тұрғындарға ағын судың жеткізілуін уақытылы қамтамасыз ету,  ал, Базарбай елдімекенінің тұрғыны О.Тұрлыбаев осындағы мектепке, дәрігерлік-амбулаторияға газ кіргізу, ауызсумен қамтуды шешіп беруді сұрады.
Аталған мәселелерге мекеме басшылары тиісті жауап қатқаннан кейін, сарыкемерліктерді мазалаған сұрақтарды бақылауына алған аудан әкімі М.Шүкеев  белгіленген кесте бойынша Үлгілі ауылына ат басын бұрды.
Үлгілі елдімекені үлкен ауыл болмағанымен мұнда қордаланған проблемалар жеткілікті екенін аңғардық. Жиынды ауыл әкімі Ө.Жүсіпбек ашып, жүргізіп отырды. Ауылдық клубқа жиылған жұртшылық алдында аудан әкімі М.Ж.Шүкеев  өткен жылдың жетістіктерін айтып, болашақ жоспарлармен бөлісті.
Мұнан соң зейнеткер Н.Даусариева субсидия алу жайында,  газ, жарық беруде жеңілдіктер қарастырылған тұлғалар туралы сұрақтарын алға тартып, ауылдың ветеринар мамандарының өз қызметіне немқұрайлылығы,  осының салдарынан орын алған оқыс оқиғалар туралы, ауыл тұрғыны В.Хва жаңадан тұрғызылған үйлерге жарық жеткізу, трансформатор орнату, Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Садуақасов білім ошағындағы жай-күй, қалаға қатынайтын автобустардың жүрмей қалғандығы, судың  тазалығы, зейнеткерлер М.Айтқұлов малды дәрілеу, М.Алдабеков жер мәселесі жөнінде аудан басшысына өз уәж-бұйымтайларын айтып, мәселелердің оң шешім табуына қол ұшын беруді сұранды.
Тұрғындардың осы және өзге де ұсыныс-пікірлерін ескере отырып аудан әкімі қолдан келген көмегін аямайтындығын жеткізіп, өз жұмысына атүсті қарап жүрген ветеринар мамандарына ескерту жасап, ауылда қордаланып қалған проблемалар бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімінің есепті жиынына аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев және аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшылары қатысты.



Фото: А.Алдабергенов

 

Обновлено 06.02.2013 18:25
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1763
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5904
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31471
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202201

Серіктестер