Онлайн газет



БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ БАЙЗАҚ ЕЛІ

Г. Ермұратова,
“Ауыл жаңалығы”.

Күн-айды сүйіп еміне,
Бақ қоныс болған еліне,
Мархабат делік, мархабат,
Байзақтың сұлу жеріне,-деп ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр

жырлағандай, ғалымдардың айтуына қарағанда, ерте заманнан-ақ  Байзақ өңірі Ұлы Жібек жолымен сауда керуендері ағылған дәуірлерде шарықтап гүлденген, бірлігі мен тірлігі жарасқан,  өнегелі үрдістің үлгісі болып тарих бетіне жазылған деседі.
Байзақ ауданы Жамбыл облысының орталығы-Тараз қаласының шығыс бетінде орналасқан. Ауданның  аумағы 4,5 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Халқының саны 92 мың адам. Аудандағы 43 елді мекен, 17 ауылдық әкімшілік округтеріне біріктірілген, үш әскери бөлімше орын тепкен. Орталығы-Сарыкемер ауылы. Аудан түстігінде - Тараз қаласы және Жамбыл ауданымен, батыста - Талас, солтүстікте - Мойынқұм, ал шығыста -Тұрар Рысқұлов аудандарымен шектеседі.
Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік-қоғамдық өсу көшіне ілесіп отырған тарихы терең, сырлы  мекен біздің өлкеге ат басын бұрсаңыз Сізді алдымен қырау қабақ Байзақ бабаның  алып ескерткіші қарсы алып,  болашағы жарқын, келешегі кемел өңірдің көп ғасырлы тарихына сапар шектіреді. Қуатты мемлекет болған Түрік қағанатының қол астына қараған VI ғасырда ірі сауда орталығына айналған Тараз қаласына іргелес орналасқан өңірде Түймекент, Барысхан, Оххум шаһарлары, Қобыланды  батырдың  тұлпары Тайбурылдың  тұяғы тиген  Бурыл тауы, әлемдегі жеті кереметтің біріне теңесетін Ақыртас, орта ғасырлық қала орны болған Наурызбас, Сарытөбе мен жау келгенде белгі беретін VIII-X-ғасырларда салынған Расымбеттөбе қарауыл мұнарасы, VII-VIII ғасырларда Ақшолақ және Үшбұлақ стансасы арасында орын тепкен Жерқорған бекініс орны, сондай-ақ, Аймантөбе, Шөлтөбе, Қоңыртөбе, Төрткүл төбелері өткен  дәуірлердің әлі де ашыла қоймаған тылсым сырларын ішке бүгіп жатқанын мойындаймыз.
Осы киелі мекенде «ақ сауытты, алмас қылышты» хас батыр атанған Қосы Сәмбетұлы, Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған баһадүр батырлар - Мәмбет Күнбасұлы, Сеңкібай  би Қабанұлы,  әділ би атанған Мәдімар Райымбекұлы, жұртын имандылыққа ұйытып, мешіт, медресе салдырып, 60-қа жуық канал қаздырып, жұртын егіншілікке үйреткен Байзақ датқа, Қоқан хандығына қарсы азаматтық көтеріліс басшыларының бірі болған батырдың ұлы Ақмолда туылып,  қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген.
XIX ғасырдың 80-ші жылдары Байзақ өңіріне Ресейден орыс шаруалары ағылады. Олар Михайловка, Шаповаловка, Ровное, Ново-Ивановка атанған ауылдарға орналастырылды. “Аудан орталығы-Сарыкемер атауы егіншілік дами қоймаған кезде Талас өзенінің суы тасып, өзен жағасын опыра кемерлеп, биік-биік жарғабақтар жасағандықтан шыққан”- дейді көнекөз қариялар. Бұл туралы «Қазақ Совет Энциклопедиясының» 8 томының 70-бетінде «Михайловка (Сарыкемер) туралы: Михайловка Свердлов ауданының орталығы, село Жамбыл қаласының солтүстік шығысында (16) Талас өзенінің жағасында орналасқан. Селоның алғашқы аты «Сарыкемер», кейіннен Шардара, 1880 жылдан Михайловка болды» делінген. Демек Михайловка бұл аймаққа патша үкіметінің жарлығы бойынша орталық Ресейден көшіріліп әкелінген орыстардың өздері қойған  атауы болып шықты.
1932 жылы БКП (б)-ның Қазақстанда облыстар құру туралы қаулысынан соң, 1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жамбыл облысын құру туралы қаулысын қабылдады. Оның құрамына енген аудандардың бірі Свердлов (Байзақ) ауданы болатын. Байзақ ауданы 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару Комитетінің №89 Қаулысымен құрылып, сол кезде жүргізіліп отырған саясатқа сәйкес Компартия көсемінің  серігі Я.Свердлов есімі беріледі. 1938 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы міндетін Әділ Сәттібаев атқарды. Сол кезде аудан құрамына 42 ұжымшар, бір кеңшар, 2 МТС кірді. 1939 жылы аудандық баспахана құрылып, 1940 жылы «Колхоз жолы» атымен аудандық газеттің бірінші нөмірі басылды.
Ауданның негізгі саласы ауыл шаруашылығы, соның ішінде, басым бағыты егіншілік саналатын  өңірде қант қызылшасын өсіру ісі  өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында қолға алынады. 1937 жылы Бүкілодақтық колхозшылардың I съезіне делегат болып сайланған Ленин атындағы ұжымшардың қызылша бригадирі Берікқара Саурықов, қант қызылшасының әр гектарынан 1410 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасаған звено жетекшісі Сәмен Өтепбергенов, 1937 жылы 12 желтоқсанда өткізілген ең алғашқы сайлауда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Одақ кеңесіне 24 жасында депутат болған Жақсымбет Өтепбергенов, 37 жылдың құрбаны болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, ауданда МТС-ті алғаш құрған Жақаш Мамыров  осы Ұлы даланың перзенттері. Бабалардың ерлігінен рух алған қарасулық Ақәділ Суханбаевқа Польша жерінде жасаған өшпес ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осылайша «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тылда  еңбек көрігін қыздырғандар аудан, облыс, республикадан асып Одаққа да танылып жатты. Аудан шаруашылықтарын қамтитын Свердлов МТС-іне осындай табыстары үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, республика Халық Комиссарлар Кеңесінің Ауыспалы Қызыл Туы берілді.
1950 жылы аудандағы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп 13 ірі, көп салалы шаруашылыққа айналды. Қант қызылшасымен қатар  дәнді дақылдарды, көкөніс, картоп өсіру қолға алынды. 1948 және 1950 жылдары қант қызылшасын өсіруде жоғарғы көрсеткіштерге жеткен Сындыбала Оңғарбаева, Наужан Дидарбекова, Жәмила Божбанбаева, Дариға Жантоқова, Рүстем Шөпенов, Нұрмаш Түйтебаева, Шоқан Көкеева, Күнімай Жайлауова, Айтжан Бөгембаев, Қанымқыз Тортаева, Әлімқұл Сейдалиев, Мінтай Айтжанова, Әлиман Битаева, Керімбай Мырзақұлов, Мәрзия Ибрагимова, Орынкүл Атабекова, Алтынкүл Әлібекова, Патия Шидақова, Гүльминус Шерімбаева, Мұхаметқали Нұрбаев, Александр Львович Нахманович, Ян Чун Сик, Елена Иосифовна Свинковская, Зоя Николаевна Василенко, Василий Алексеевич Гончаров, Кан Хе Сук Еңбек Ері атанды, өңірлеріне алтын жұлдыз тақты. Сол жылдары ел-жұртты игілікті іске  жұмылдырған басшылар Жапар Дидарбеков, Кенебай Құрымбаев, Қылышбай Ұшанаев, Александр Львович Нахманович, Мұхаметқали Нұрбаев  секілді азаматтар өз есімдерін де, туған өлкесін де даңққа бөледі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін  аудан еңбеккерлері  егін және мал шаруашылығы бойынша жоғары жетістіктерге қол жеткізді. 1973 жылы осы саладағы еселі табыстары үшін ауданға КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тің және КЛКЖО Орталық Комитетінің Ескерткіш Қызыл туы мен бірінші ақшалай сыйлығы тапсырылды.
Еліміз тәуелсіздік  алғаннан кейін 1995 жылдың 20 желтоқсанында бұрынғы Свердлов ауданы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Байзақ ауданы болып өзгертілді.
Байзақ датқаның ескерткіші Сарыкемер ауылына кіреберісіне орнатылып, Талас өзенінің жағасындағы сөрісі жаңаланып, биік кесене тұрғызылды.  Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллеясында» ауданнан шыққан 27 Еңбек Ерінің және Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың, бейбіт күнде өшпес ерлік жасаған “Халық қаһарманы”  Ғазиз Байтасовтың  суреттері мәрмар тасқа қашалып салынды.
Арғы дәуірді айтпағанның өзінде бүгінгі таңда атағы елге танымал, халқына, оның рухани өміріне, дамуына үлес қосқан  профессор-ғалымдар Нығметулла Киікбаев, Оразалы Бапабеков, Талас Омарбеков, Әскер Есенқұлов, Өмірбек Жүсіпбеков, Кеңесбай Табылдиев, Күмісқали Жаңабекұлы, Асқар Абдуалы, Мәкәрім Асаубеков, Бескемпір Сейдалиев, Орал Әбдірахимов, Сейдехан Бақторазов, Марат Садуов, Қосы Сматов,  Болат Үсенбаев, Мұрат Әлиев, Нұртаза Шәметов, Күзенбай Байбосынов  суретші Дулат Әлиев, өнер тарландары, Қазақ КСР-інің халық әртісі Шәріпбай Сәкиев, актер-режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов, кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов, “Парасат” орденінің, Президенттің “Алтын барыс” кеуде белгісінің иегері Арғынбай Бекбосын, генерал-майор Нартай Дүтбаев, Әбдіхапар Райымжанов,  Мейірхан Жаманбаев, Нұржан Мырзалиев,  ақындар Жақсылық Сәтібеков, Қасқырбай Нарбатыр, Қайыпназар Шотбасов, айтыскер ақындар Мұхамеджан Тазабеков, Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, қарымды қаламгерлер Әділ Дүйсенбек, Тұрсынхан Толқынбаев, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, әлем чемпионы Болат Жұмаділов, Алмас Мұсабеков, Досан Тәмбиевтердің есімдері аудан тарихы бетіне жазылды.
75 жылдық тарихы бар батыр бабамыздың есімімен аталатын ауданымыз бүгінде өркен жайып,қарыштап дамып келеді.  2012 жылдың 12 айында ауданда  2744,8 млн теңгенің  ауыл шаруашылық өнімдері өндірілді. Ұлттық экономиканың жетекші күші-кәсіпкерлік те  дамып, үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында ауданда құны 2,460 млрд. теңге болатын 3 жоба (“Жасұлан-Флора”), (“Тараз құбыр зауыты”), (“База сервис” ЖШС-тері) және “Бизнестің  жол картасы -2020” бағдарламасы  шеңберінде 7 жоба іске асырылуда.
“Адам капиталының сапалы дамуы-бұл ең алдымен білім беру және денсаулық сақтау” деген болатын Елбасымыздың биылғы Жолдауында. Шындығында да  өскелең ұрпаққа сапалы білім  мен саналы тәрбие беру  бағытындағы жалпы білім беретін  45 білім ошағының 34-і орта, 2 негізгі, 9 бастауыш, 1-гимназия, 4 қосымша білім беру мекемесі, 1  кешкі аусымдық мектеп,  20 мектепке дейінгі мекеме, сондай-ақ, “Байзақ” колледжінің атқарар жүгі ауқымды болып отыр. 133 төсектік орталық аурухана, тәулігіне 300 адамды қабылдауға арналған емхана, 55 төсектік туберкулезге қарсы аурухана, “Бурыл” бастапқы медициналық санитарлық көмек орталығы мен 17 дәрігерлік амбулатория, 24 медициналық тірек-денсаулық күзетінде.  Әл-Фараби мәдениет үйі мен «Шолпан» халық ән-би ансамблі, «Шахан» халық театры,  20 ауылдық клуб,  бір орталық және 22 ауылдық кітапхана, 1 аудандық тарихи өлкетану музейі,164 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Аудан аумағында 25 мешіт, 100-ден астам сәулеттік, археологиялық-тарихи ескерткіштер орналасқан.  Орыс, түрік, кәріс, неміс мәдени орталықтары жемісті жұмыс атқаруда.
Тараз қаласына қанаттас орналасқан Байзақ ауданының құрылғанына  биыл 75 жыл толып отыр.Осы жылдар ішінде аудан халқының бірлігі мен  татулығын нығайта отырып, Елбасы алдыға қойған міндеттерді жүзеге асырған, өңірде әр жылдары әкім болып қызмет атқарған Смағұл Әбілеков,  Аманкелді Кәрентаев,  Қожахан Жабағиев, Әбдінұр Әсілбеков, Абдалы Нұралиев, Батырбек Құлекеевтің өнегелі істері ел есінде. Осы айтулы азаматтардың ісін бүгінгі таңда аудан әкімі Мұратхан  Жүнісәліұлы Шүкеев біліктілікпен жалғастыру үстінде.
Қазіргі кезде “Жұмыспен қамту-2020”, ”Балапан” ,”Өңірлерді дамыту” бағдаралмасы шеңберінде қолға алынған тірліктер  көңіл қуантады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың көрсеткен сара жолымен, өз халқына арнаған Жолдауларындағы айқын мақсат, биік мұратты ұстанған, сырлы өңірдің арманшыл жастары қияға,  мейірімді де еңбекқор халқы болашағы жарқын күндерге  үмітпен қарайды.
Суреттерде: ауданға кіреберістегі бас қақпа, Байзақ датқаның ескерткіші, аудан топырағынан шыққан Еңбек Ерлерінің құрметіне ашылған «Батырлар аллеясы”.

 

Обновлено 04.02.2013 10:33
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін825
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6842
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32409
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203139

Серіктестер