Онлайн газет



ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕН ШЫҒУ – БАСТЫ ТАЛАП

 

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енгені белгілі. Осыған орай, жергілікті полиция қызметіне учаскелік полиция инспекторлары бөлімшелері, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер, жол-патрульдік полициясы мен табиғатты қорғау полициясы, қабылдау-бөлу және арнаулы қабылдау орындарының қызметтері тапсырылған болатын.
Мемлекет басшысы таяуда «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде ішкі істер органдарының жұмысы мейлінше ашық болуы тиіс деген болатын. Осы нұсқаулықтарды орындау мақсатында облыстық ішкі істер департаментінде қарқынды іс-шаралар жүргізіліп, учаскелік полиция инспекторларының халық алдында есеп беру кездесулері тұрақты өткізу қолға алынды. Аптаның бейсенбісінен бастап, «Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы Ережесін бекіту» жөніндегі Үкімет қаулысына сай, учаскелік полиция инспекторларының ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы халық алдында есеп беру кездесулері басталды.

БӘЙТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
Бекітілген кестеге сәйкес, аталмыш кездесу Бәйтерек ауылдық округінің тұрғындарымен ұйымдастырылды. Сарыкемер орта мектебінің акт залында өткен кездесуді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадр мәселелері жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Т.Төребеков ашып, өткізіліп отырған есепті жиынның маңыздылығына тоқталды. Онда учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Руслан Бейсенбаев, полиция капитаны Қанат Бекбасаров, полиция аға лейтенанты Руслан Джаксыгуловтар ретімен алғашқы тоқсанда өздеріне бекітіліп берілген әкімшілік аумақтар бойынша атқарылған жұмыстары туралы есептерін берді.
Аталмыш округ бойынша орналасқан үш елдімекенде 2 370 аулада 15 929 адам тіркелген. Төрт әкімшілік аумаққа бөлінген ауылдық округте төрт учаскелік полиция инспекторы мен бір инспектор көмекшісі бекітілген.  Әрбір баяндамашы есептерінде өз аумақтарына байланысты орын алған қылмыстар саны, олардың ашылу деңгейі, бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету шаралары, мал ұрлығымен күрес, азаматтардың ұсақ бұзақылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасына құқықтық саналарын қалыптастыру шаралары жөнінде кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ әкімшілік аумағында жедел жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыспен күресті күшейту деңгейін арттыруға бағытталған жедел-профилактикалық шаралардың тұрақты ұйымдастырылып жатқанын, оның ішінде, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар жасалуына жол бермеуге ерекше мән берілгендігін сөз етті.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары аудан көлемінде орын алған қылмыстар санының өсуіне патрульдік қызметтің бекітілмегені себеп болып отырғанын жеткізді. Сондықтан, әкімшілікпен өзара кесте жасап, ауыл тұрғындары арасынан ерікті түрде азаматтарды жұмылдырсақ деген ұсыныстарын білдірді.
Жиын қатысушылары тарапынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Айтбаев сөз алып, учаскелік полиция инспекторларының бөлімшесін халық көп жүретін, көрінетін орынға ауыстыру мәселесін көтерсе, еңбек ардагері М.Халбаев мал ұрлығының белең алуы мен түнгі мезгілде жол бойында автокөліктердің тұру себептерін сұрады. Н.Киікбаев орта мектебінің зертханашысы З.Төраева Талас өзені жағалауында тұратынын алға тартып, беймезгіл кезде жастар серуен құратынын, түнгі тыныштықты бұзатынына алаңдаушылық білдірді. Бұдан өзге де орта мектеп жанынан жаяу жүргіншілер жолағын, жол белгілерін орнату, учаскелік полиция инспекторларының көше тұрғындарымен кездесулерін ұйымдастыру сынды мәселелер де ортаға салынды.
Есеп беру жиынын ауылдық округ әкімі М.Қилыбаев қорытындылады.

САЗТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ
Сазтерек ауылдық округінің әкімі Ж.Шайхиевтің төрағалығымен өткен кезекті есепті жиын Абай ауылдық клубында болып өтті. Мұнда учаскелік полиция инспекторы болып үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан полиция капитаны Елдос Оразбаевтың есебі тыңдалды. Елдос Аятбекұлының қарамағындағы әкімшілік ауданда үш елдімекен орналасқан. Бір мың жеті жүзден астам тұрғыны бар ауылдық округте өткен жылы 3 қылмыс тіркелсе, үстіміздегі жылдың есепті мерзімінде қылмыс тіркелмеген.  Ауыл халқының дені жұмыспен қамтылған. Полиция қызметкерлері ауылдағы жағдайдың тұрақтылығын осы фактормен де байланыстырады. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алып, заңсыздықты болдырмауда полиция қызметкері ұдайы жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстардың да үлесі бар. Ауылды жерде мал ұрлығы ең өзекті мәселе болып отырғанын алға тартқан баяндамашы жайылымдағы малдардың қараусыз қалдырылуы, қолайсыз, қоршаусыз қоралар, дер кезінде полицияға хабар берілмеуі секілді жағдайлар ұрлық әрекеттердің ашылуына кедергісін келтіріп жатқанын жеткізді.
Ауыл тұрғындары, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Мәтқұлов, еңбек ардагерлері Ж.Мұстафин, К.Белгібаевалар есептік басқосуда белсенділік танытып, өздерін мазалаған мәселелерді ортақ талқыға салды. Учаскелік полиция инспекторына сұрақтарын қойып, бірқатар ұсыныстарын да білдірген сазтеректік тұрғындар ауылдың жағдайы, көше тазалығы, ұсақ тәртіпсіздіктердің алдын алу, мал ұрлығының белең алуы, белгіленбеген орындарға күл-қоқыс тастау сынды мәселелер төңірегінде сөз қозғай келе, учаскелік инспектордың жұмысына оң бағаларын берді.
Осы сынды кездесулер жұма күні кестеге сай, Мырзатай, Жаңатұрмыс, Ынтымақ ауылдық округтерінде де болып өтті. Онда учаскелік полиция инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Н.Бидалиев, Т.Жарылқасыновтар алғашқы тоқсанда өз әкімшілік аумақтары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Обновлено 13.04.2016 10:24
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін387
mod_vvisit_counterКеше1817
mod_vvisit_counterОсы аптада6893
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда23523
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2275192

Серіктестер