Онлайн газет



Ғұмыры ұрпаққа өнеге

Ә. Садуақасов,
еңбек ардагері.

Қолыма қалам алуыма ауданымыздың абзал азаматы, қадірменді қария - Рәш Шәметовтың 2014 жылғы “Айтұмар” баспасынан шыққан “Ой иірімдері” атты кітабы түрткі болды.
Кітап авторы бүгінгі күннің ақылшысы, туған-туыс, ауыл-аймақтың, ел болашағы-жастардың өсіп өркендей берулерінің тілекшісі. Ұзақ ғұмырында көргені мен тоқығанын мәнді сөзбен, тұщымды оймен оқырмандарына бере алған.
Кітаптың бетін парақтап ашып оқысаң парасатты азаматтың сол кездегі қоғамның тыныс-тіршілігімен етене өмір сүргенін көреміз. 1927 жылы дүние есігін ашқан  Рәш аға да өніп-өскен жанұяда өмірге келіп, балалықтың бал дәмін татпады. Мақсаты өмірге  деген құштарлық, білім алып қоғамның белсенді мүшесі болу, халқына  пайдасын тигізу.  Жастайынан зерек болып өскен балаң жігіт өмірдің күрес екендігін түсініп, білім алу мақсатында Жамбылдағы  педагогикалық училищені тәмамдап, білім ошақтарында мектеп меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды,  жастарға білім берумен айналысады. Жас маманның зеректігін, қабілетін байқаған аудан басшылары партиялық жұмысқа ауыстырады. Әрдайым ізденісте жүретін Рәш аға білімін жетілдіру мақсатында педагогикалық  жоғары білім алады. Қызмет саласы ауыл шаруашылығымен байланысты болуына сай зоотехник мамандығын да игереді.
Партиялық жұмыс адам бойынан жинақтықты,  кәсіби шеберлікті, жауапкершілікті талап ететін.Осы ерекшеліктерін ескерген аудан басшылары ол кездегі аудандағы жұмыстың ең жауапты учаскесінің бірі-аудандық халықтық бақылау комитетіне төраға етіп жібереді. Бұл жұмысты Рәш аға бақандай ширек ғасырға  жуық уақыт абыройымен атқарады. Халықтық бақылау  саласында жүріп, шаруашылықтарда кездескен бей-берекетсіздікке қарсы күрес жүргізуді,  жосықсыз фактілерге ымырасыздық танытты, принциптік баға берді.  Жеке орын алған кемшіліктерді тиісті орындардың араласуынсыз сол жерде шешімін тауып, жазғыру жолымен емес, тәрбие жолымен түзетіп отырған.
60-шы жылдардың  соңында оқуды тәмамдаған жоғары білімді маман ретінде Министрліктің  жолдамасымен Абай колхозында бас есепшісінің көмекшісі болып  істеп жүріп, автокәсіпорындардың шаруашылыққа  көрсеткен қызметі үшін 2 есе ақы төлеуге  счеттар жібергендігін анықтап, заңсыз төлемдердің заңды төлемдерден шегеріп, айырмашылығын кері қайтаруға кәсіпорынға жібергенімізде, олар тарапынан кері қайтаруға ниет білдірмеді. Мәселе аудандық халықтық бақылау комитетінің алдына қойылып, қолдау табылып, заңсыз есептелген қаражат шаруашылыққа кері қайтарылғаны есімде қалыпты.
80-ші жылдардың ортасында бұрынғы Киров колхозы қызылша совхозы болып құрылған болатын. Шаруашылықтың 3 мың гектардан астам ақ  егісі “Қызыл қайнар”  учаскесінде егілетін. Ерте  көктемде егіс егу науқанын  көру үшін сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші  хатшысы Ю. Клочков алқаптағы  жұмыстарды  сапасыз деп тауып, оған тиісті шара  қолдануды аудандық  халықтық бақылау комитетіне тапсырып, кінәлілердің совхоз директоры мен партком хатшысы ретінде мені обкомның бюросына алып келуді бұйырды. Аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Рәш аға  кемшілік жойылды, кінәлілер жазаланды деп, біздерді бюроға барудан аман алып қалған еді. Қырық жылдан астам уақыт ішінде шаруашылықтың науқанды жұмыстарының басында жиі кездесіп жүрдік. Жұмыста кемшілік болады, бірақ Рәш аға ешқашан дауыс көтерген емес, мән-жайды жәй сөзбен-ақ түсіндіретін, ақыл-кеңесін беретін. Адамның сыртынан сөз айтпайтын.
Алпыс жыл қызмет еткен жылдар ішінде, оның ішінде ширек ғасыр ауданның халықтық бақылау комитетінде, ауданға, облысқа, республикаға белгілі атпал, зиялы азаматтармен қызметтес болды. Бір жерде 25 жыл басшы қызмет атқару әркімге бұйыра бермейді, бұл Рәш ағаның тапсырған жұмысты жауапкершілікпен, ар-ожданымен атқаруымен, ел арасында сый-құрметінің бар екенін көрсетеді. 70-ші жылдары республика басшысы, қазақтың біртуар азаматы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевпен кездесудің сәті түсіп, дидарласып, оның жарқын жүзінен кішіпейілділігі мен қарапайымдылығын, биік парасатын көріп, бүгінгі күнге дейін өзгелерге үлгі етіп отырады.
Ұстаздық, партиялық, халықтық бақылау комитетіндегі көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі» орденіне ие болып, оннан астам медальдарды омырауына тақты. «КСРО халықтық бақылау комитетінің үздігі» атағымен, екі рет КСРО халықтық бақылау комитетінің Құрмет грамотасымен  және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған Рәш аға Қазақстан Республикасы Президентінің  «Ерен еңбегі үшін» медалімен мадақталды. Ширек ғасыр ішінде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, бірнеше рет ел сеніміне ие болып, сол кездегі Свердлов аудандық Кеңесіне депутат болып сайланды. Сайлаушылардың аманатын адал орындады. Әркез халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы болды.
Рәш аға өзі де текті, өніп-өскен отбасынан шыққан азамат, жанұялық татулыққа жете мән беретін отаға. Кітабында отбасылық татулық туралы былай дейді: “Көп нәрсенің отбасылық татулықтан өрбитіні белгілі. Ерлі-зайыпты кісілер әу баста қалыптасқан татулығына селкеу түсірмей, өмірінің соңына дейін жеткізе білсе, әнеки нағыз бақыт- сол».  Қазақта: «Ер азамат – түз адамы, әйел үй адамы» дейді. Ендеше балалардың арасында негізінен әйелдер жиі болады. Әкенің жақындығы жездедей-ақ дегенді халық ер адамды кемсіту үшін айтпаған. Күнделікті балалар тәрбиесіндегі анаға жүктелген міндеттің жүгін көрсету мақсатында айтылған сөз сияқты. Шынтуайтында бала тәрбиесіне, отбасындағы тірлікке ата-ананың екеуі де бірдей жауапты. Ағайын-туыстармен, жекжат-жұрағаттың, дос-жолдастардың қарым-қатынасының мәні де тиянақты болуы осы әйел-аналарға тікелей байланысты. Ер адам түзде болғанда, келген қонақтарды қалай қабылдайды, қарсы алады ол әйел адамға көп байланысты. Татулыққа селкеу түсірмеу осыдан басталады. Қазақта: «Шаңырақты ер азамат көтерсе де уық пен керегені нықтап, жіп-бауларын бекемдеп, киіз үйлерді тұрғызу әйелдердің ісі» деген сөз бар. Бұл жайдан-жай айтыла қалған сөз емес, онда терең мағына бар. Ойлап қарасаң жоғарыдағы айтылған ағайын-туыс, дос жарандар мен жекжаттар арасының татулығы, оның беріктігі көбінесе әйел кісілерге байланысты. Бұған қоса бала тәрбиесі де бар. Тәрбие отбасынан, ондағы ата-ананың татулығы, бір-біріне кіршіксіз сыйлауы да балаларға қатты әсер етеді”.
Рәш аға мен жұбайы Аязкүл апай екеуі 8 ұл мен қыз балаларын осы халықтық дәстүрде, ұлттық менталитетте, өркениетті бағытта тәрбиеледі. Ұлдары мен қыздары да ата-ана жолын жалғастырып, бұл күндері өздерінше отау тігіп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Барлығы да жоғары және орта арнаулы мамандық иелері, орталарында ғалым да, мұғалім де, басшы да, мемлекеттік қызметкерлер, жеке кәсіп иелері де бар. Үлкен ұлы Нұртаза – ғалым, ғылым саласында жас мамандар даярлайтын университеттің ректоры.
Кітапта қазіргі кездегі жастар тәрбиесі жөнінде де айтылып, оған өзінің алаңдауын жасырмайды. Кеше ғана «сүйдім» деп қосылып, бүгін «күйдім» деп ажырасушылар аз емес. Шаңырақ ортасына құлайды, жұбайлар ортасында дүниеге келген кінәсіз нәресте «тірі жетім» қалады. Өзегін жарып шыққан күнәсіз шарана нәрестені кез келген жерге, әжетханаға, ит пен құсқа жем болсын деп айдалаға тастап кетіп жүрген «тасбауыр» жастарға не деуге болады?Түз тағысы – қасқыр да бөлтірігін қорғайды, қарға да баласын «аппағым» дейді. Бізде сонда аң мен құстың жүрегіндей сезім жоқ па?
Базбіреулер бұл жағдайды заманның ағымы деп мән бермейді. Меніңше заман да, дәуір де өз қалпында, тек жастайынан берілетін тәрбиенің жетімсіздігі бірден көзге ұрып тұрады. Өйткені ата-балалар дәстүрін сақтамау, тұрмыстық қатынасты қадірлемеу, өзім білемендік, әдепсіздік, имансыздық-бірлік пен берекенің, татулықтың түпкілікті мәніне балта шабады. Демек, бар кінә өзімізде, үлкендерде, ата-анада екенін  мойындауымыз керек” деп ескертеді.
Рәш аға кітабында отбасы, оның тірегі үлкен үй, жылы ұя туралы жан-жақты ата дәстүрінің игі жақтары туралы келешек жастар үлгі алатындай етіп көрсеткен.
1987 жылы 40 жылдан  астам еткен ерен еңбегі, халыққа жасаған адал қызметі ескеріліп,  республикалық  дәрежедегі зейнеткерлікке шыққаннан   соң  Байзақ аудандық  кеңесінде халықты еңбекке орналастыру  бөлімінің бастығы  болып, одан соң  2004 жылдан  2016 жылға дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  болып жемісті еңбек еткен Рәш ағаның  “Ой иірімдері” кітабында халқымыздың әдет-ғұрыптары туралы ойларымен  бөліседі. “Той- құдайдың қазынасы” дейді. Бұл жақсы дәстүр оны дұрыстап өткізу той иесінің  ағайын- туыс, жекжат-жұратпен, қызметтестерімен, әріптестерімен қарым-қатынасына байланысты. Қазақ тойға барын салады, бірақ ысырапқа жол бермеу керек” екендігіне кеңес береді.
Ауданның ардагерлер  кеңесін 11 жыл басқарған Рәш аға зайыбы, марқұм  Аязкүл апайы екеуі 66 жыл тату-тәтті  өмір сүріп, 8 ұл   бір қыздан 26 немере, 10-нан аса шөбере  өсіріп, мәуелі бәйтерекке айналғанын  мақтанышпен айтуға болады.
Жалпы өзінің саналы ғұмырын  облысымыздағы Талас, Байзақ және Т. Рысқұлов аудандарының өсіп-өркендеуіне арнаған Рәш ағаның   “Ой иірімдері” атты кітабынан  кейінгі ұрпақ көп рухани азық алады деп сенеміз.

Обновлено 31.03.2016 16:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін954
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада3115
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда19745
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2271414

Серіктестер