Онлайн газет



МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАҢА САЯСИ БАҒЫТЫ

Е.Есімов,
«Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалының депутаттық фракция жетекшісі, Чапаев орта мектебінің директоры.

Қазақстан халқының ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың 2050 жылға дейінгі бағыт-бағдарын айқындайтын тарихи құжат - «Қазақстан -2050» Стратегиясын жария етті. Жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, алыс болашаққа көз тастаған Елбасы жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін Қазақстан халқы қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы қажеттігін, қандай сынақтардан сүрінбей өтіп, қандай мақсаттарға қол жеткізуі керектігін қолмен қойғандай етіп нақтылап, жіліктей отырып өз ойын елдің ендігі жердегі  даму көгіндегі темірқазығына айналар «Қазақстан-2050» Стратегиясына сыйғызды.  «Кеше кім едік, бүгін кім болдық, ертең кімге айналамыз?» деген сауалдардың барлығына нақты жауаптар берілді. Кезекті Жолдауды тыңдай отырып, маған әсер еткен  тұстарына тоқталып кетуді жөн деп санаймын.
Ұлт көшбасшысы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында атқарылған істер ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың негізгі тетіктерін де нақты көрсетіп, еліміздің жасампаздық жаңғыруы жолын жалғастыруымыздың басым бағыттарын айқындап берді.
Елбасымыз 1997 жылы қазан айында қабылдаған «Қазақстан-2030» Стратегиясының барлық міндеттері орындалғанын айтты. “Біздің басты мақсатымыз-2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бізде бұған қажеттінің бәрі – ресурстарымыз, білімді адамдар, ұйысқан ұлт бар» - деді Н.Назарбаев.
2050 жыл – қазіргі дүниежүзілік  қауымдастық жоспарларын межелеп жасайтын нақты уақыт.  Жалпы қай салада болсын Елбасының Жолдауда атап көрсеткен ой тұжырымдарынан туындайтын тапсырмаларды орындау үшін қолда бар мүмкіндіктерді жібермеуіміз керек. Егемен еліміздің келешегін жарқын ету жолында Елбасымыз жүргізіп жатқан салиқалы саясатының іске асырылуына ел сыйлаған ақылгөй қариялар, алдыңғы толқын ағалар, халық сенімін артқан депутаттар «Қазақстан-2050»  Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын орындауда бар күш-жігерімізді салайық дегім келеді.
Мемлекет басшысы болу - әр кез иненің ұшында, қалыптың қырында болу. Кейде бір шаңырақтың астында түтінін түтетіп отырған ағайындалардың өзі ортақ тіл табыса алмай, жаға жыртысып жатады. Ал, халық тізгінін ұстау, қырық рулы елдің басын қосып, ортақ мәселесін табу, бірлігін сақтау, ішкі және сыртқы саясатын, мәдениетін орнықтыру, қуатын арттыру кез-келген басшының қолынан келе бермес машақаты мол міндет.
Мемлекет басшысы елдің елдігіне кесірін тизізетін 10 сын-қатерді нақтылып көрсетіп берді. Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, тұщы судың тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, әлеуметтік тұрақсыздық өркениет құндылықтарының дағдарысы және әлемдік тұрақсыздық қаупі секілді сын-қатерлердің қай-қайсысы да қаперден бір сәт те шығаруға болмайтын өмірлік маңызы зор түйіткілдер. Бұл қатерлерге қарсы тұрудың амалдарын Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Дағдарыстан шығудың кілті»,  «Бесінші жол» және басқа да көптеген мақалаларында көтеріп келеді.  Елбасы тәуелсіз қазақ елі осынау сын-қатерлердің қай-қайсысына да кезек келген сәтте лайықты тойтарыс беруге сақадай сай болуы қажеттігін бұл жолы да ескертті.
Елбасы Жолдауында айрықша атап өткен  қазақстандық патриотизм мен барлық этностардың азаматтары құқықтарының теңдігі- Стратегияның табысты жүзеге асуының кепілі. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесіне сай биікке көтерілуі, барлық халықтың, оны  ұлтты ұйымдастырушы негізгі құрал ретінде жүрегімен қабылдап, ниеттене үйренуі, Ата заңымызда атап көрсетілген дін бостандығын есте сақтаумен бірге ел дәстүріне қайшы келетін түрлі ағымдардан сақ болуы, әркімнің өз ұлттық даралығын сақтай отырып ортақ құндылық – қазақстандық мәдениет, қазақстандық дәстүр арқылы бірігуі, түптеп келгенде стратегияның барлық басымдықтарының түбегейлі орындалуына, сол арқылы стратегияның түпкі мақсаты – мәңгілік ел болуымызға негіз қалайды.
Алдыңғы толқын аға буынға, ортаңғы буын, отандастарға, кейінгі буын – жастарға айтылған қуатты үндеулер кім-кімді де тебірентпей қоймайды, әркімді Қазақстанның «алтын ғасырында» ұлы тарихтың иесі атанып, ұлы істерді өз қолдарымен жасауға жігерлендіреді.
Бүгінгі күн кешегі күннің шәкірті. Халқымыз сан ғасырлық тарихында бастан өткерген қиындықтардан ой түйе отырып, ондай сәттерді кейінгі ұрпақтың көрмеуі үшін еңбек етуі, болашақ қазақстандықтар биік белестерді бағындыруына жол салу біздің басты мұратымыз болуға тиіс.
Ендеше қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірігіп, көрнекті істің көмілмейтінін, беріле істегеннің берік болатындығын көкейге түйе отырып, ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы еңбекке жұмылуға тиіспіз. Сонда ғана біз қазақ жерінде тұратын әрбір азаматтың, әрбір отбасының ұлы тәуелсіздігіміздің желбіреген көк туының астынан елі мен жері үшін атқарған ерен еңбегін мақтан тұтып, бақытты болашаққа беттегенін көреміз.
Елдігіміздің тамыры тереңде жатқанымен, бүгінгі  заман талабына сай  өркениет көшіне ілесе білу біздер  үшін үлкен жауапкершіліктер мен міндеттер жүктейді. Жолдауда көрсетілген бағыттарға бірлікпен бет алу барша Қазақстан халқының парызы деп білеміз және Отанымыз үшін аянбай еңбек етуге шақырамын.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1375
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5516
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31083
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2201813

Серіктестер