Онлайн газет



БАЙЗАҚТЫҚТАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

А.Шотбасова,
М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Жексенбі, 20 наурыз күнге тағайындалған Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және облыстық, аудандық мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы ауданымыздың барлық отыз бес сайлау учаскелерінде таңертеңгі сағат 07.00-де салтанатты түрде ашылды. Аудан тұрғындары жақсы көтеріңкі көңіл-күйде   өз сайлау учаскелеріне келіп, белсенділік танытып жатты.

№126 әл-Фараби сайлау учаскесі. Мұнда заңға сәйкес, сайлау учаскесі  салтанатты түрде 07.00-де ашылып, мемлекеттік Гимн орындалған соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев ақсақал сөз сөйледі. Алғашқы дауыс беруші Нұрай Смағұлова өз ойымен бөлісе келе: «Мен бүгін алғаш рет дауыс беруге келдім. Өз қалауымды жасадым. Бұл сайлауда елдің ертеңі үшін жаны ауыратын халық қалаулылары жеңіске жетеді деп ойлаймын»-деді жас сайлаушы бізге берген сұхбатында.
Мерекедегідей көңіл-күймен келіп дауыс беріп жатқан жұртшылықтың бюллетень алуына, кабинаға кіріп-шығуына еш кедергі болған жоқ. Кәмелет жасына толып, алғаш дауыс беріп жатқан азаматтарға естелік сыйлықтар тапсырылып жатты.
Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бұрынғы сайлаулардан жинаған тәжірибелері бойынша сағат 11-ден әрі қарай белсенділік арта түскенін айтты. Әр сайлаушы алфавиттік тәртіппен өз аты-жөнін тізімнен тауып, партиялық тізім, облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлау бюллетенін алып, таңдауын жасауда. Саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен кандидаттардың сенімді өкілдері дауыс беру барысын қадағалап отырды.
Аталған сайлау учаскесіне аудан әкімі Мұратхан Шүкеев жұбайымен бірге келіп, дауыс берді. Сайлаушылармен сұхбаттаспақ ниетпен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаевты әңгімеге тарттық. Қария бүгінгі маңызды күннен шет қалмауды жөн көргенін жеткізді. «Балаларым мен немерелерімнің жарқын болашағы үшін дауыс бердім» деді ол. Сайлау учаскесіндегі қарбалас жалғасып жатты.
***
Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының ауласында мерекедегідей әсем әуен шалқиды. Мұнда орналасқан №128 сайлау учаскесінде дауыс беру уақытысында салтанатты жағдайда басталды. Алғашқы дауыс берген еңбек ардагері Әзімхан Зәуірбеков бүгінгі күннің еліміз үшін, халқымыз үшін аса маңыздылығына, ал, жас сайлаушы Насиба Ишенқұлова тұңғыш рет дауыс бергендіктен бұл өміріндегі айтулы кезең екенін жеткізді. Ол саяси науқанға қатысу арқылы ел болашағына таңдау жасағанын мақтаныш тұтатындығын білдірді. Алғашқы белсенді сайлаушыға сыйлық берілді.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайлаушылардың белсенділігі жоғары - дейді бізбен әңгімесінде учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, осы мектеп директоры Күлпаш Жаманова. Сайлаудың заңға сәйкес өтуін байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері бақылап отырды.
***
Бұдан кейін аудандық электр желілерін тарату мекемесінде орналасқан сайлау учаскесінде де болдық. Таңдау жасауға деген жұртшылықтың ықыласы жоғары екені анық байқалды. Келушілер үшін оңтайлы қызмет жасалған.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, - дейді сайлау учаскесінің төрағасы Ануарбек Кокишев - сайлау уақыты басталғаннан бастап жұртшылық үлкен белсенділікпен қатысуда. Әзірге ешқандай арыз-шағым тіркелген жоқ. Сайлау барысын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілді. Әдеттегідей, ең алдымен келген дауыс берушіге арнайы сый жасалды.     

***
№113 сайлау учаскесінде елдегі үлкен сынға көпшілікпен қатар алғаш үлес қосып, өзінің таңдауын жасаған ауыл тұрғыны Сәбит Айтбаев ақсақал да осы сайлау учаскесінде дауыс беріпті. Алғаш рет өз таңдауын жасаған Кемел Дүйсеновтің айтуынша, таңдау жасау ерекше әсерлі болған. Ал, Бәйтерек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Қалыбай Құдайбергенов: «Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолындағы мұндай жауапты науқанға жұмыла атсалысу біздің болашағымыз үшін маңызды. Қашанда ынтымақты ту етіп, бірліктің бекем болмысын танытып келетін Байзақ елінің жұртшылығы бұл саяси науқаннан да жоғары жетістіктермен өтеді деп сенемін», - дейді.
***
№129 сайлау учаскесінде де дауыс беру белсенді жүрді. Мұнда алғашқылардың бірі болып келген 95 жастағы еңбек ардагері Іңкәр Кекілбаева өз таңдауын жасады. Гагарин атындағы орта мектепте орналасқан аталған сайлау учаскесінің төрайымы Шолпан Байтақованың айтуынша, осында тіркелген электораттың саны - 1704. Комиссия мүшелері дауыс беруге өзгелерден ерте келген, алғашқы рет дауыс берген Жаңабек Диас пен Абылай Алпысбаевтарға сый-құрмет көрсетіп, естелікке сый тарту етті.
- Жасым тоқсаннан асса да әзірге ширақпын, - дейді қарт сайлаушы Іңкәр Кекілбаева. - Сондықтан балаларымның демеуімен сайлау учаскесіне қуанышты көңіл күймен жеттім. Мұндай пікірді сайлауға ерте келген еңбек ардагері М.Оразбаев та білдірді. Теледидардан жаңалықтар мен саяси хабарларды қалт жібермей көріп, газетті жібермей оқитын ардагер үшін мұндай науқанның орны алабөтен ерекше.
***
Сондай-ақ келесі барған №130, №146, №127 сайлау учаскелерінде де дауыс беруге келіп жатқан сайлаушылар қарасы мол көрінді. Олар ешқандай ың-шыңсыз, байыппен сайлау бюллетеньдерін алып, сонан кейін кабиналарға кіріп, таңдауларын жасап болғаннан кейін оларды урнаға салып, шығып кетіп жатты. Осы жерлерде онға жуық бақылаушылар отырғанын да байқадық. Аталмыш сайлау учаскелерінің төраға-төрайымдарын әңгімеге тартқанымызда олар сайлаушылардың белсенділіктерін сөз етті. Алғашқы дауыс берген сайлаушыларға, атап айтқанда Каналбекқызы Ақтолқын, Нұрбаев Ернұр, Әйгерім Көбейсіноваларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сондықтан да мұндағы электорат қай уақытта да саяси сауатты, әрі белсенді болып келеді. Осындай саяси дода кезінде ұйымдасқан түрде көтеріңкі көңілмен келіп, өздерінің азаматтық парыздарын өтеп кетуді дәстүрге айналдырған.
- Сайлау мемлекет өміріндегі үлкен саяси оқиға. Сайлаушылар дауыс беру арқылы қоғамға деген қарым-қатынасын білдіреді. Сайлауға қатысу ел тұрғындарының азаматтық борышы, - дейді Мэлс Халбаев, Әбиірбек Нұрбаев, Рәш Шәметов сынды қариялар.
***
343 сайлаушысы бар №131 сайлау учаскесіне де ат басын бұрдық. Аудан орталығынан шеткері жатқан Қосақ елдімекенінде орналасқан учаскеге барған уақытта жергілікті жұрттың халықтық шараға белсенділігін байқадық. Таңғы сағат 10-ға дейін тізімдегі сайлаушылардың төрттен бір бөлігіне жуығы өз таңдауын жасап үлгерген екен. Он сегіз жасар Юсуф Муртазаев алғаш рет өз таңдауын жасаса, ауыл ақсақалы Бурхан Жолдыбаев салтанатты шарада сөз сөйледі. - Сайлауға қатысу әрбір азаматтың басты міндеті. Мен бұл шараға өз өмірімде тұңғыш рет қатысып отырмын. Еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін дауыс бердім, - дейді жас сайлаушы Ю.Муртазаев.
Аудандағы барлық сайлау учаскелеріне келген сайлаушылар еліміздің жарқын болашағы үшін ұйымшылдықпен дауыс берді.

P.S. Сайлау күні сағат 10.00-лер шамасында №122, №145 сайлау учаскелерінде Қырғызстан Республикасынан қысқамерзімді бақылаушылар Қыдыралиев Жапаралы Болоталиевич, Мусаканов Айбек Курмоналиевичтер келді. Олар мұндағы өткізіліп жатқан сайлау барысын қадағалап, сайлаушылардың белсенділігіне жоғары баға берді.
Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына алты партия қатысып отыр. Заң бойынша, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланбақ. Бұл сайлауға «Нұр Отан» партиясы 127 кандидат, «Ақ жол» - 35, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы - 23, Қазақстан халықтық-коммунистік партиясы - 22, «Ауыл» партиясы - 19, «Бірлік» партиясы – 8 кандидат ұсынған.
Ауданымызда бұл жолғы сайлауда облыстық мәслихатқа 3 депутат, жергілікті мәслихатқа барлығы 15 депутат сайлануы тиіс болса, мәслихат депутаты мандатына ие болуға аудан көлемінде 64 кандидат тіркелген болатын.
Олай болса, аудан тұрғындарының белсенділігімен өткен сайлау қорытындысы бойынша Байзақ аудандық мәслихаты депутаттарының тізімін  қосымша ұсынып отырмыз.

Обновлено 25.03.2016 16:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1379
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада3540
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда20170
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2271839

Серіктестер