Онлайн газет



Ұлыстың ұлы күні тойланды

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Наурыз-Бүкілхалықтық мейрам ғана емес, Отанымыздағы түрлі этностардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын жақындастыратын бейбітшілік пен татулықтың мерекесі. Сондықтан бұл мейрамның алатын орны ерекше.
21 наурыз күні аспан төрін бұлт торлап, аздап жаңбыр  тамшылап өткенімен

артынша  күн жадырап  шыға келді.

Наурыз-«Жаңа күн» деген мағынаны білдіретін, парсы сөзі. Наурызды қазақ халқы ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атаған. Самарқанның көк тасы еріп,  күн мен түн теңеліп,  тіршілік атаулыға жылулық әкелетін мейрамды  байзақтықтар да кеңінен атап өтті.
Дүйсенбі, 21 наурыз күні орталық алаңға ағылған жұртта шек болмады. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалармен қатар  жастар да бір-біріне “Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілектерін айтып, бірін-бірі құттықтап жатты.
Мерекелік шараға жиналғандарды аудан әкімі М. Шүкеев  құттықтады.
- Барша мерекелердің төресі, күн мен түн теңеліп, жаңа күн жарқырап шығып, Жер-ана бусанып, жұмыр жер бетіндегі тіршілік атаулының бойына қан жүгірткен бұл мерекені қай жағынан алып қарасаң да ұлық деуге болады. Шығыс халықтарының мерекесі саналатын Наурыз адамзат атаулыны достық, татулық, ынтымақтастықты нығайтуға, мейірімді де қамқорлықты қажет ететін жандарға жебеу болуға, сонымен қатар, табиғатпен етене жақын болуға үндейді. Сондықтан Наурыз мерекесі баршамыз үшін қымбат,-дей отырып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін арнады. Байзақ ауданының Құрметті азаматы Р. Шәметов те  Ұлыстың ұлы күнінің маңызына тоқтала келе, аталық батасын берді.


Мұнан соң Қазақстанның 40 жылдығы мен Н.Киікбаев атындағы мектептің ұжымы мен мектеп оқушылары әзірлеген қойылымды тамашалаған жұртшылық қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерден  тіл үйірер наурыз көжеден дәм татты. “Тілашар”,  “Алтын той”, “Тұсаукесер”, “Қыз ұзату”, “Ерулік”, “ Бастанғы”  секілді салт -дәстүрлер  кеңінен көрсетілді. Аудандық туберкулезге қарсы ауруханасы,  пошта,  телекоммуникация, басқа да мекеме, ұйымдар тіккен киіз үйлер жанынан жайылған  дастарханнан дәм татпаған жан қалмады.
Шұбат, қымыз, қазы-қарта, құрт, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардармен бірге наурызкөжеден  ауыз тиген қауым  әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің жезтаңдай әншілерінің өнеріне қошемет көрсетті.   “Шолпан” ән-би ансамблі күмбірлеген күйден шашу шашты.
Әз Наурыздың салтанатын  “Алтын сақа” ұлттық ойындардардың біріншілігімен қатар этномәдени орталық өкілдерінің  концерттік бағдарламасы, қолөнер  шеберлерінің туындылары,  ұлттық тағамдардың көрмесі асыра түсті.
Наурыз-береке мен бір­ліктің мерекесі. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатының арқасын­да Қазақ­стан бірліктің, татулық­тың, толеранттылықтың меке­ніне айналып отыр. Кең байтақ елімізді мекендеген бар­лық ұлт өкілдері Қазақстанды өзінің туған Отаны санайды. Сондықтан мем­лекетіміздің өсіп-өркен­деуіне, тұрақ­ты­лық­тың сақ­талуы­на барынша мүдделі және сол жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан  аудандағы түрік,  орыс, кәріс, неміс этномәдени орталықтарының  өкілдері де  кең дастархан жайып,  өздерінің ұлттық тағамдарын  көпшілікке ұсынып,  әуелетіп әндерін салып, билерін биледі.
Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақта  арқан тарту, асық ату, қол күресі және кір тасын көтеруден жарыстар өтіп, білектілер   жеңісті қолдан бермеді. Қосақ ауылында көкпардан жасөспірімдер арасында аудан біріншілігінде де топ жарғандар мадақталды.
Наурыз мерекесіне орай  киіз үй тіккен мекемелер арасынан топ жарған: орталық аурухана, емхана, туберкулезге қарсы ауруханасы, санэпидемиологиялық басқармасы-теледидарды қанжығасына байлады.
Жалпы Ұлыстың ұлы күніне орай  киіз үй тіккен барлық аудан әкімдігіне қарасты мекеме, ұйым, бөлімдер, білім ошақтарымен қатар  орыс, неміс, түрік, кәріс этномәдени орталықтар да  сыйлықтарға ие болды.

 

Обновлено 25.03.2016 15:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін277
mod_vvisit_counterКеше2528
mod_vvisit_counterОсы аптада4966
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда21596
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2273265

Серіктестер