Онлайн газет



101 жастағы Муслимбай қария

“Қарты бар үйдің-қазынасы бар” деген сөздің жаны бар. Шындығында да  көпті көрген, аталы сөзі сүйекті балқытатын  қариялар отбасының құт-берекесі саналатындығы сондықтан.
Аудан орталығындағы Аманкелді көшесінде тұратын 101 жастағы Муслимбай Нурдавлатов  атамыз 1915 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келіпті. Өткен ғасырдың басында болған ұжымдастыру кезінде “байдың тұқымы” деген жаламен Нурдәулет қария отбасымен Өзбекстан Республикасының Бұқара облысына қарасты Қаракөл ауданына  қоныс аударылады да осында тұрақтап қалады.
Нурдәулет қарияның екінші перзенті Муслимбай  ата   бала кезінен    қара жұмыстың қазанында шынығып өседі. Алдымен  колхозда жұмысшы, одан соң шопан болып, бірнеше жыл жемісті еңбек етеді. 1973 жылдан 1982 жылға дейінгі аралықта  өрт сөндіру саласында  қызмет атқарып, 2005 жылы атамекенге атбасын бұрып, Сарыкемер ауылына қоныстанған екен.
5 ұл мен 4 қызынан 74 немере, 44 шөбере  көріп отырған қазыналы қарияның тұла бойы тұнған шежіре.   Ұлы Абайдың әндерін әуелетіп салғаны былай тұрсын,  “Алпамыс батыр”, “ Қобыланды батыр”, “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек” жырларын жатқа айтып, табан астында суырып салып айтатын баталарының өзі ғибратқа толы десек артық айтқандық емес.
Үлкен әулеттің  абызы атанған  атамыз  еліміз  тәуелсіздік алған кезде дүниеге келген немересінің есімін Нұрсұлтан  деп қойыпты. “Балаларым мен немерелерім -бақытым, шөберелерім-байлығым” деп санайтын қария әр сөзін орнымен айтып, шөбересін қолына алған сайын батырлар жырын төгілте айтатындығы бізді қуантты.
Жылы жүректі қария ұзақ жасауының сырын-ерінбей еңбек етумен,  саламатты өмір салтын ұстану, темекі мен  ішімдіктен бойын аулақ салудан деп түсіндіреді.
Ғасырдан асқан атамыздан Наурыз жайында сұраған болатынбыз.
- Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халықпыз ғой. Наурыз-еңбектің, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы. Қастерлі мереке қарсаңында әрбір адам өзі тұратын үй-жайын тәртіпке келтіреді, мойнындағы қарызынан құтылуға асығады. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жандүниемізді шуаққа бөлейді, ой-ниетімізді таза арнаға бұрады. Сонымен бірге бұл күні әрбір адам өткен жылы жасаған жұмысына есеп беріп, келешекке жоспар құрады, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалайды.
Еліміз тәуелсіздігін алысымен Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым – қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт – дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.
Шет жерде жүрген кезімізде Наурызды  айрықша қарсы алатынбыз, қарағым.Кәрісі де, жасы да үй-үйді аралап, бір-бірімен құшақтасып, көрісетін.Ренжісіп жүргендер татуласатын. Жастар үлкен кісілерден бата алуға асығатын. Бойжеткендер болса жігіттерге кестелі орамал сыйлайтын. Жеті түрлі дәмнен  әзірленген наурызкөжеден үлкен де, кіші де дәм татып, одан соң ұлттық ойындар  «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр»,“Алтыбақан”, “Жамбы ату”, Көкпар”, асық ату секілді ойындар кеңінен ойналатын. Тал-дарақтар егіп, арық-атыздар тазалап, бұлақ көзін ашу-мейрамның басты қағидаты саналатын.
Жалпыхалықтық мереке саналатын Ұлыстың ұлы күнінде барлық тілек қабыл болады дейді.Олай болса, әр отбасыға амандық-саулық, бақ – береке тілеймін. Көп ұлтты Қазақстанымыз ынтымағы жарасқан дәулетті де сәулетті елге айналсын!,-деп батасын берген  қарияға мықты денсаулық тіледік.

Өз тілшіміз.

Обновлено 21.03.2016 11:21
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2088
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада4249
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда20879
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2272548

Серіктестер