Онлайн газет



Көпті көрген қария

Ермахан қажы Бердали.
Сарыкемер ауылы.

«Жаныңда жүр жақсы адам», - деген мәтелдің астарына үңілсең, қасымызда жүрген кейбір адамдардың жаны тұнып тұрған сыр екендігін ұғынасың.
Мен Райымқұл ағаны бала жастан білемін. Қашан көрсең де күле қарап, есен-саулық сұрасып, сөз тыңдап, сырт көзге момақан  қозыдай көрінетін. Бұл ағамыздың тұла бойы тұнған сыр, өлмес өнеге, назды насихат екен деп кім ойлаған. Отбасында отырғанда емін-еркін бір ой бөліскенде осыған көзім жетті.
Рекең - Райымқұл Рустамбеков ағамыз, сөзін алыста қалған аядай ауылдан бастады. «Біз, - дейді, 90 жастың төріне қадам басқан қария, бала болып та жарытпадық қой. Тағдырдың жазуымен мен мына дүниеге есік ашқаннан азапты өмір басталды. Кейін білдік қой, әуелі ата-анадан айрылып, тұл жетім қалсақ, артынша барша қазақты оттай ораған ашаршылық аяусыз-ақ қысыпты. Аллаға, сонан соң иманы үзілмеген ағайын – бауырларыма мың да бір рахмет, бізді, інімізбен екеуімізді ел қатарына қосты. Өзің де білесің, ол кезде бізге жасалған жақсылық-қаршадайымыздан колхоздың қара жұмысына жегілдік.
Бір жағынан ауыр еңбек, екіншіден жүріп жатқан қан майдан, бізге кісі бетіне қарауға да мұрша бермейді. Оқу дегеніңіз шартты ғана нәрсе еді. Қолымыз неге жетті, кім қандай көмек етті, сол төңіректе ғана білім алдық. Былайша айтқанда оқып та жарытпадық қой.
Жеңіс жемісін берді. Мен де есейіп, ел қатарлы армия қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Ел әлі де еңсесін көтере алмай тұрған кез болатын. Колхозда еңбек еткендердің ешқайсысы айлық алмайды, «еңбеккүн» деген болады. Бір жылғы еңбегіңе кейде 80-90 келі дән аласың,  болмаса ол да жоқ. Ауылдан ұзап шыға алмайсың, себебі: жұртта паспорт жоқ. Мен ойлана келе, 1956 жылы Қарағанды қайдасың деп кете бардым.
Сонымен қойшы, Қарағанды қаласында ширек ғасырдан астам уақыт кәдімгі шахтер болып қызмет еттім. Қыр қазағына кенші болу оңай ма? Күндіз көмір қаздым, кешкісін техникумда оқыдым.
Біздің алуан ұлттан құралған ұжымда ұйымшылдық өте жоғары болды. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ниетпен несібемізді таптық. Отан бізді елеусіз де қалдырмады. Маған кезінде «Құрметті шахтер» атағы беріліп, еңбек озаты болғанымды, төл кәсібімді әрдайым  мақтан етемін. Осы біздің ауданда менен өзге шахтер бар ма, жоқ па білмедім.
Ал, қазір – бұл күндері, айналамда болып жатқан жағдайлар мені бей-жай қалдырмайды. Әлгі айтады ғой: «Егер Сіз саясатпен айналыспасаңыз, саясат Сізбен айналысады», - деп. Өмірде, елімізде болып жатқан айтулы оқиғаларды теледидардан зерделеп, баспасөз беттерінен оқып отыру ескі әдетім. Әйтпегенде ше? Заман ағымы менің ғана емес, артымда аталаған ұл-қыздарымның, немере-шөберелерімнің, әрі кетті ел-жұртымның тағдырына тікелей қатысы бар. Мен, қайратым қайтса да, аман сау тұрғанымда балаларға айтарым бар.  Бүгінгі таңда басқаны былай қойғанда, өз өрен-жарандарым әр салада еңбек етіп, оқып жүр. Оның бірі –қаржыгер, біреуі-мұғалім, дәрігер, спорт шебері, дизайнер. Қарап тұрсаңыз, өмірге өз үлесін қосудың да қам-қаракеті бар. Демек ешнәрсе өздігінен өзгеріп жүре бермейді. Шынын айту керек, Н.Назарбаев сияқты кемеңгер Елбасы бар халық бақытты. Соның ең соңғы көрінісін алдағы келе жатқан сайлаудан байқауға болады. Біз отбасымыз бір кісідей сайлауға қатысамыз. Мен оған кәміл сенімдімін. Олай болмауы мүмкін де емес. Байқайсыз ба? Менің  зейнетақымды, келіннің жәрдемақысын, кемпірдің үстеме өтеуін, балалардың табыс мөлшерін өсіріп отырған кім? Немерелердің шартарапқа шапқылап тегін білім алуы кімнің, ненің арқасы? Аңғарғанға осындай қуатты, шағын біздің елдегі тыныштық, бірлікті   дамыған  жағдайды қай елден көріп отырсыздар.
Көкейде жүрген бір-екі ойымды айтайын. Әуелі, бізге көздің қарашығындай сақтайтын нәрсе-тәуелсіздік. Мұнан қымбат, мұнан ардақты  ешнәрсе жоқ. Сондықтан жас ұлан Отан қорғауға, жалпы жұрт барды ұқсатуға тиісті. Мен үшін ең қымбат құндылық – халықтар достығы, сыйластық риясыз құрмет. «Досы көпті жау  алмайды». Ежелден –ақ ұрпақ жалғастығы деген сөз бар. Оны таратып айтсақ былай: Мынау ел,  туған жер, көк аспан Сіздерге аманат, жас ұрпақ! Оған қарап жүріп қарауыл бола алмайсың. Оқы, кәсіпке бейімдел. Заман талабына лайықты маман болыңдар, - дегім келеді. Мұның барлығы айтуға ғана оңай. Іс жүзінде арманыңды жүзеге асыру үшін қажырлы еңбек, қайратты халық керек. Мына бізде бәрі бар. Дәл қазір не істеуіміз керек, қашан, қанша жұмысты жұмыла атқарған орынды, әркімнің қоғамдағы орны қайда? Мұның барлығы тайға таңба басқандай жазылған.  Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында сараланған. Олар жадымызда сақтаулы тұр. Міне, енді жұмысқа жұмылайық!
Кейбір кезде көңіліме кішкене кірбің үяласа, ол батыс бағытын ұстанғандардың шектен тыс шығып кетіп, шерменде болып жүргені. «Көш жүре түзелер». Әйтсе де, имандылық қазаққа жат емес. Жайсыздық кейде төсегіңнен де табылады. Оны өңдеу өз қолымызда ғой, - деп, ойлы көзбен айналаға бір қарап қойды.
Әңгімеге әлсін-әлсін әсерленіп отырған біз , бас шұлғып, риза болғаннан өзге ештеме дей алмадық. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», - деген сөздің сыры осы шығар. Бәрімізге жетерлік назды насихат осы емес пе, ойлансақ?

Обновлено 18.03.2016 18:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін377
mod_vvisit_counterКеше1817
mod_vvisit_counterОсы аптада6883
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда23513
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2275182

Серіктестер