Онлайн газет



Халықтар достығын ұлықтады

Елбасының Жарлығымен 1 наурыз- Алғыс айту күні болып бекітілді. Бұл мереке елімізде тұратын 140-қа жуық ұлт өкілдерінің татулығын, бірлігі мен ынтымақты тірлігін  ұлықтайтындығы шындық.
Киелі қазақ жерінде  ұрпақ өсіріп, ел игілігі жолында тер төгіп жатқан  сан ұлт өкілдері бүгінде бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Анықтама үшін:
Өткен ғасырдағы сталиндік репрессия, күштеп қоныстандыру, тың игеру кезінде еріксіз қазақ жеріне қоныстандырылған   басқа ұлт өкілдері үшін Қазақстан екінші отанына айналды. 1937 жылы екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қиыр Шығыстан 96 мың кәріс отбасымен, 1940 - 1941 жылдары батыс шекарадан 105 мың поляк, Ұлы Отан соғысы басталысымен Еділ өзені бойын мекендейтін 1 миллионнан аса неміс шығысқа көшірілді. Олардың 400-мыңы қазақ даласына келді. 1943 - 1944 жылдары мыңдаған қалмақтар, қарашай, қырым татарлары, балкарлар, чешендер, ингуштар, соғыс кезінде 2, 5 миллиондай басқа ұлт өкілдері Қазақстанға қоныстанды. Тың игеру жылдары 2 миллиондай басқа ұлт өкілдері тағы көшіріліп әкелінді.
Қазақстанның көп ұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі-тәуелсіз еліміздің басты байлығы саналады. «Біз көппіз және бәріміз -бір Елміз, бір халықпыз» деп Елбасымыз айтқандай,  халқымыз әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «өзге ұлттардың” бәрін бауырына басып, төрінен орын берді, қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді, қыз беріп, келін түсіріп,  құда-жекжат атанды.1995 жылдың 1 наурызында  Елбасының Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы  достықты, ұлтаралық келісімді нығайтуға ерен  еңбек сіңіріп келеді.
1 наурыз-Алғыс айту күніне орай “Астана” балалар бақшасында “Алғыс айту-парызым” атты  ертеңгілік өткерілді. Шараға қатысқан Жамбыл облысы білім басқармасының мектепке дейінгі ұйымның бөлім басшысы С. Жаманбаева  елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған Алғыс айту күнінің мақсатына тоқталып, айтулы мерекемен көпшілікті құттықтады.Бұдан соң сөз алған бақша меңгерушісі Л. Жарылқапова  ел ертеңі-балалар бойында мейірімділік пен адамгершіліктің асыл қасиеттерін  сіңірудің маңызын тілге тиек етті.
Алғыс айту күніне арналған шарада  бақша бүлдіршіндері мен  тәрбиешілер  әртүрлі ұлт өкілдерінің билерін билеп, Отан,  туған жер, достық, бірлік пен бейбітшілік туралы әндерді  орыс, қазақ, ағылшын  тілдерінде шырқады. “Бауырсақ”, “Көбелек” топтары кестелі жырдан шашу шашса, “Достық келер” атты қойылымда ұлтаралық келісім дәріптелді.
“Бізде әр этнос басқа этностардың өрнектерімен үйлестіре отырып, өз өмірінің өрнегін құрып келеді. Және бәріміз бірге Қазақстан атауындағы ғажайып, түрлі-түсті, баға жетпес Ұлы Тарих полотносын салудамыз.
«Дамудың сыры-бірлікте, табыстың сыры -тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар-сол шаңыраққа шаншылған уықтар” деп Елбасымыз  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында айтқандай,  бақша бүлдіршіндері бірін-бірі сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, мұқтаждарға қайырымдылық көрсетудің маңызын  ойын арқылы  жан-жақты көрсетті.

Өз тілшіміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1125
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада1125
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда16201
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267870

Серіктестер