Онлайн газет



Өр мінезді Нілзия апай

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Еліне қалтқысыз қызмет еткен кейінгі толқынның  өнегелі істерін жалғастырып жүрген,  жас шағында осы ағаларынан ғибрат дарыған  Нілзия Алғазықызының бойындағы күш-қуат пен өмірге деген құштарлығына тәнті боласың.  Тұғырлы тұлға ретінде   облысымызға қарасты Байзақ, Талас, Мойынқұм аудандары мен Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан,  “қатал тағдыр сілкілеп мың сынаса да” құламай,  қайта өмiрдi сүюден, адамдарды құрметтеуден танбаған Нілзия Рахишеваның өмір жолы жастар үшін үлкен мектеп десек қателеспейміз.

Ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтерді мінсіз атқарып,  зейнетке шыққан кезде қоғамдық жұмыстардың  көшбасында жүретін, көргені мен көңілге түйгені мол, жаңалыққа жаны құштар,  “өзім деген кісіге жүрегін жұлып беретін” өр мінезді  Нілзия Алғазықызын  адал еңбегі елге сыйлы, халыққа құрметті етті.
«Қандай терең сайда отырса да, таудай көрiнетiн тұлғалар болады» деген екен  бір данышпан.  Шындығында да тағдырдың “ауыр соққысын” сабырмен жеңіп, еңбектен бар  бақытын тапқан Нілзия апай Тәуелсіздік  мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен «Шапағат»  медалімен марапатталған  еді.
Бүгінде 72 жасқа келсе де тұғырдан түспеген апай өмірлік  тәжірибесі мен  білімін  жас ұрпақтың кәдесіне жаратуды жөн санап, әрі  туған жердің  табиғатын  қорғап, молайту мақсатында“Ақбұлақ”  қоғамдық бірлестігін ашып,  қоғамдық жұмыстар жасап жүргеніне де біраз  жылдың жүзі  болды. Нілзия Алғазықызының мұрындық  болуымен Байзақ,  Т. Рысқұлов,  Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарының орталықтары мен елді мекендерінде  тал-дарақтардың, раушан гүлдерінің көшеттері  егіліп, өскелең ұрпақтың бойында туған жерге, отанға деген сүйіспеншілікті сіңіруде  қыруар тірліктер атқарылды. Мұнымен қатар  ауылдық жерлерде  үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын   жандандыру, олардың арасынан көшбасшыларды тәрбиелеп,  әлеуметтік маңызы зор жобаларға қатыстыру бағытындағы жүргізген жұмыстары өз алдына бір төбе.
-Бүгінгі таңда облыстағы 8 департамент үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жасауға ынталы болып отыр.Сондықтан ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарды оқыту, әлеуметтік жобаларға қатысу тәртібін меңгеру секілді білімдерін жетілдірумен  10 жылдай  жұмыс  жүргіздік. Ендігі жердегі басты мақсат- ақпараттық кеңестікті ұлғайту,  компьютердің мүмкіндігін тереңірек  игеру арқылы жергілікті өзін-өзі басқару,  басқа маңызды істерге қатысудың  уақыты  келген секілді,-деп әңгімесін Нілзия Рахишева ары қарай жалғастырды.
Қысқаша ақпарат:
Нілзия Алғазықызы 1944 жылдың 2 қаңтарында  Жамбыл облысы Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданына қарасты Ново-Ивановка ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң  Алматы ауыл шаруашылық институтының финанс-кредит факультетіне түсіп, оны 1967 жылы ақша айналымы және несие мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Сарыкемерде (бұрынғы Михайловка) мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде несие инспекторы болып бастаған. Кейін бөлім бастығы, аудандық сақтық кассасының меңгерушісі, 1971-1973 жылдары аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1973 жылы аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланған. 1982 жылы  Алматы жоғары партия мектебін бітірген соң, Талас аудандық партия комитетінің хатшысы, Красногор аудандық атқару комитетінің төрағасы, Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары, 1994-1998 жылдары «Тұрғын үй құрылыс» банкісінің директоры, Жамбыл нан компаниясының директоры  болып жемісті еңбек етті. Зейнетке шығысымен 15 жыл облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы болды.
-Ғылым мен техниканың қарыштаған дәуірінде адам өзін ұдайы дамытып отыруы қажет.Өзін-өзі қамшылап, ізденіп отырмаса адам қарайып қалады. Саясаткер ретінде алпауыт мемлекеттердің, соның ішінде “Азия Жолбарыстары”  атанған Сингапур мемлекетінің  Президенті Ли Куан Ю -нің  “Үшінші әлемнен-біріншіге” деген еңбегінде  мемлекеттің қалыптасуы, бір қаланың 2000000 адамымен алып мемлекетті қалыптастыру, әлемдік табысқа қол жеткізудегі ерен еңбегін зерделеудемін. Сонымен бірге АҚШ миллиардері, бүгінге  ел Президентінен  үміткер ретінде додаға түсіп жатқан Дональд Трамптың  туындысын,  халқымыздың  ұлы жазушысы М. Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясын  қайталап оқу арқылы   “өзіме сын” көзбен қарайтын болдым.
Байлық-білімде болса, білімнің көзі-кітапта. Кітап-таусылмас қазына” Бүгінгі ұрпақ  әлемдік классиктермен қатар халқымыздың  қабырғалы жазушыларының шығармаларын оқып, ”Жаужүрек мың бала” секілді отандық фильмдерді  көріп өссе, олардың бойында отанға деген сүйіспеншілік,  патриоттық сезім биік болар еді деп ойлаймын.
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген Елбасының  сөзін естен шығармай, тәуелсіз  еліміздің жарқын болашағы жолында  тер төгетін Ұлы Даланың өр тұлғалы перзенттері елімізді  әлемге таныта береді деп сенемін,-деп өз сөзін түйіндеді  Нілзия апай.
Халықпен қоян-қолтық байланыста болып, әлеуметтік саланың өркенді дамуына сүбелі үлес қосқан  Нілзия Рахишева  өткен ғасырда Байзақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, ұзақ жылдар қызмет еткен, марқұм Ұзақбай Сыздықбаевтың  “шекпенінен” шыққандығын мақтаныш тұтады.
«Жақсының жолы-жарық күн», «Халық ісі дегенде жақсы қалмас тартынып», «Жақсы іс көп жасайды” деген ғибратты сөзден  тәлім алған ардақты апай  абырой мен беделге тынымсыз  еңбегінің арқасында жетсе де,  әрбір пендеге тән  қызғаныш, көреалмаушылық, мансапқұмарлық пен атаққұмарлық сынды  жат  мінезді ақылға  бағындырып,  ар-ұжданын биік ұстай білді. Кішіпейілдігімен дараланатын, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, жаңа  бастама, тың идеяларды  іске асырудың хас шебері, 7 немере, бір шөберенің “ардақты әжесі” атанған  Нілзия Рахишева-міне осындай өнегелі тұлға.
P. S  “Өмірлік  бай тәжірибем, білімім “өлі капитал” ретінде жатқанша жастардың кәдесіне жарасын деп тер төгіп жүрген Мойынқұм және Байзақ аудандарының Құрметті азаматы Нілзия Рахишеваның  тікелей ұйытқы болуымен  аудандарда, яғни Байзақта-екі, Т. Рысқұлов пен Меркіде-бір-бірден, Шуда- екі, Таласта-үш, Тараз қаласында-екі үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, бүгінде жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Грамотасымен марапатталған “Ақбұлақ” қоғамдық бірлестігі еліміздегі 150  үкіметтік емес ұйымдар енген “Экофорумның” құрамынан лайықты орын алғанын мақтан етеміз.

Обновлено 26.02.2016 11:33
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін473
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада473
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда15549
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267218

Серіктестер