Онлайн газет



Тәуелсіздікті ұлықтаған салтанат

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Кеше, жұма күні аудандық Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты

жиналыс болып, онда аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев сөз сөйледі.

Мәдениет үйі әдеттегіден өзгеше  айшықталып, мерекені ұлықтайтын бейнелермен бедерленіпті. Еліміздің ұлық мерекесіне арналған жиынның  шымылдығы шырқалған “Көк тудың желбірегені” әнімен үндесе сахнаға  Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы  енгізілуімен ашылды. Байтақ елдің көгілдір байрағы әуенмен асқақтай желбіреп,  Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды. Тәуелсіздік рухымен жігерленген көпшілікті аудан әкімі Мұратхан Шүкеев қасиетті де қастерлі мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Өз сөзінде тәуелсіз Қазақстанның жиырма бір жылы ішінде ғасырға бергісіз жолды жүріп өткенін, осы жылдар ішінде атқарылып жатқан  игілікті істер мен қол жеткен табыстар туралы айтып өтті.
- Тәуелсіздік – біздің еліміз үшін қастерлі мереке. 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміздің тарихында үлкен бетбұрыстарға жол ашқан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, халқымыздың көптен күткен арманына қолы жетті. Содан бері даму бағытымыз азаматтық ұстанымды нығайтып, демократиялық үрдістерді жеделдетіп, саяси тұрғыда және экономикада жаңа белестерге бастады. Осылайша, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік қауымдастықтағы өз орнын тауып, халықаралық аренадағы беделі күн сайын артуда.
Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, алаштың ең асыл мұраты-тәуелсіздікке қол жетті. Қазақстандағы этносаралық және дінаралық келісім тәуелсіздіктің берік тірегіне айналды. Этносаралық татулық, толеранттықты нығайтуда, мемлекттік тілді жетілдіруде Елбасының көреген ұстанымдарының мәні мен мағынасы жоғары тұр,- дей келе аудан басшысы  тәуелсіздік аясында аудан аумағында  қолға алынып, атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқтала келе, жұртшылықты ел игілігі мен оның дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Мұнан кейін корей ұлттық мәдени орталығының өкілі, №6 “Балдырған” балалар бақшасының тәрбиешісі В.Когай өзінің қазақ жерінде дүниеге келіп, білім алып, бала тәрбиелеп жатқандығын мақтаныш ететіндігін айтса, тәуелсіздіктің құрдасы, “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі  А. Жомартқызы жастарды  егемен еліміздің болашағы үшін ерінбей еңбек етіп, білім алуға шақырды.
Мерекеге арналған салтанатты жиын жабық деп жарияланып, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды, еліміздің Туы залдан шығарылды.
Бұдан  әрі мерекелік салтанат марапаттау рәсіміне жалғасты.  Алдымен сахна төріне  “Байзақ ауданының Құрметті азаматы” атағын алған азаматтар шықты.  Еңбек ардагерлері: Асқарбек Мұстафинге, Айтқұл Мамытқұлұлына, Сұлтанкерей Мәжібаевқа, Нұрмахан  Шаухариге, Оразалы Бозайға, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровке, Байзақ аудандық мәслихаты аппаратының құқықтық қызмет және құжаттама бөлімінің бастығы Шаймерден Мырзалиевке  куәлікпен қоса арнаулы лента, төсбелгі, гүл шоқтарын аудан әкімі М. Шүкеев пен аудандық мәслихат хатшысы Н.Үкібаев  тапсырды.  Ауданның Құрметті азаматы атағын алғандар атынан еңбек ардагері Нұрмахан  Шаухари  сөз алып,  көрсетілген құрмет үшін алғыс сезімін білдірді және жиналғандарды тәуелсіздік мейрамымен құттықтады.
Еліміздің басты мерекесінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық  өсуіне сүбелі үлес қосқан бір топ азаматтар, аудан әкімі аппаратының еден жуушысы Н.Пастухова, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері И.Спаналиева, аудандық соттың судьясы Е. Аққұлиев аудан әкімінің Грамотасымен,  аудан әкімі аппаратының бас  инспекторы Е.Заурбеков, Байзақ ауданы бойынша салық басқармасы өндірістік емес төлемдерді әкімшіліктендіру бөлімінің бас маманы  Ф.Данчаева аудан әкімінің Алғыс хатымен,  Ботамойнақ ауылдық округі әкімі аппаратының ветеринар-бас маманы Ә.Бозғұлов аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 
“Нұр Отан” ХДП Жамбыл облыстық филиалының  Құрмет грамотасы Үлгілі   бастауыш партия ұйымының төрайымы Д. Мелдебековаға, “Нұр Отан” ХДП Байзақ аудандық филиалы Саяси кеңес мүшесі, орыс ұлттық орталығының төрайымы Л.Горрға, №3 Байзақ колледжінің директоры Ж.Молдашбаевқа табыс етілді. Сондай-ақ Берікқара орта  мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Абдуалиев, аудандық пошта байланысы торабының аға нұсқаушысы Г. Ибрагимова, Байзақ ауданы бойынша салық басқармасының бас маманы П.Сумхаева, аудан әкімі аппаратының кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы Ж.Сәтібеков аудандық мәслихаттың Грамотасымен  марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Ауданымыздың жезтаңдай әншілері тәуелсіздікті ұлықтаған әндерді шырқады, домбыра шанағынан күміс күйлер төгілді,  мың бұралған бишілер елімізді мекен еткен әртүрлі ұлт өкілдерінің  билерін мың бұрала биледі.

 

Обновлено 21.12.2012 17:01
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін929
mod_vvisit_counterКеше836
mod_vvisit_counterОсы аптада3221
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда10862
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2262531

Серіктестер