Онлайн газет



ТАРИХЫ ҒАСЫРДЫ ЕҢСЕРГЕН БІЛІМ ОШАҒЫ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

БІЛІМ ОРДАЛАРЫ – МЕКТЕПТЕР, ЖОҒАРҒЫ ЖӘНЕ ОРТА АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ КӨП. БІРАҚ СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕГІ ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ – ХАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ТҮРЛІ САЛАЛАРЫНДА ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК ЕТІП, ҚОҒАМДА ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР ТҰЛҒАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕП ШЫҒАРҒАН, ТАРИХЫ ҒАСЫРДЫ ЕҢСЕРГЕН, ІРГЕСІ МЫҚТЫ БІЛІМ ОРДАСЫНА АЙНАЛУ. МІНЕ, ОСЫНДАЙ ТАЛАЙ-ТАЛАЙ ҚИЫН ДА КҮРДЕЛІ ЗАМАНДАРДА УАҚЫТ СЫНЫНАН СҮРІНБЕЙ ӨТКЕН ТҮЙМЕКЕНТ МЕКТЕБІНІҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ КЕЛЕШЕК ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ БОЛАТЫНДАЙ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫ ОТАНШЫЛДЫҚҚА, ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙТІНДЕЙ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ИЕ. ӨТКЕН АПТАНЫҢ ЖҰМАСЫ КҮНІ ІРГЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫ – ТҮЙМЕКЕНТ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛУ МЕРЕКЕСІ КЕҢ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ. ОҒАН АУДАН БАСШЫЛЫҒЫ, БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ, КЕШЕГІ, БҮГІНГІ ТҮЛЕКТЕРІ, СОЛ ЖЫЛДАРЫ ЕҢБЕК ЕТКЕН ҰСТАЗДАР, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ШАҚЫРЫЛДЫ.

Тарихы Шаповаловка елдімекенінде 1895 жылы көшіп келушілердің күшімен салынған шағын үш сыныптық шіркеу-приход мектебінен бастау алатын жүз жылдық шежіресі бар «Қызыл мектеп» түлектерінің арасында Кеңес Одағының Батыры А.Сухамбаев, Халық қаһарманы Ғ.Байтасов, Социалистік Еңбек Ерлері -А.Л.Нахманович, Н.Түйтебаева, Ш.Есенаманов, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттары-Н.Түйтебаева, Т.Ақбозов, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттары-А.Бекбосын, Т.Ақбозов, А.Л.Нахманович, қазіргі Ленинград облысының губернаторы А.Ю.Дрозденко, полиция генерал-майоры М.Жаманбаев, ғылым докторлары Т.Омарбеков, М.Асаубеков, А.Бекбосын, М.Садуов, көптеген жоғары шенді әскерилер, елімізге танымал журналист-жазушылар, түрлі мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер, жүздеген мұғалімдер мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандарын түлеткен білім ордасында бүгінгі таңда 160 білікті ұстаз 1232 оқушыға сапалы білім, тәлімді тәрбие беріп келеді.
Алдымен алтын ұясының мерейлі мерекесіне жиналған түлектер Түймекент орта мектебінің фойесіне лық толған. Кеше ғана өзі тәй-тәй бастырып, түлеткен шәкірттерінің бүгінде ата-әже болса да алдында тағзым етіп тұрғандарына ардагер-ұстаздар шын қуанышты. Әсем де айшықты безендірілген мектептің іші мен сыртқы көрінісі мұнда келуші түлектерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық үлгідегі киінген қыздардың қолынан дәм татып, қымыздан ауыз тиген қонақтар екінші қабатта орналасқан көрме және мұражаймен танысты. Көрмеде мектептің әр оқу жылындағы түлектері туралы мәліметтер мен фотолар жинақталса, арнайы қабырғалықта елімізге танымал тұлғалар бейнеленген. Сондай-ақ мұражайда Халық қаһарманы Ғ.Байтасовқа арналған бұрыш, көне бұйымдар, альбомдар, журнал-газеттер көпшілік назарына ұсынылды.
Қонақтар тарапынан естеліктер ағыны басталды. Өткен күндерін сағынышпен, шүйіркелесе еске алысқан қонақтар естелік кітабына өз қолтаңбалары мен шынайы алғыстарын жазып жатты. Мәдениет үйіне бармас бұрын ұстаздар мен барлық түлектер мектептің акт залында бас қосты. Бүгінгі оқушылар кешегі түлектерге өздерінің бүгінгі оқу процестерін көрсетті. Кең де жарық, жақсы жабдықталған бөлмелерде тәуелсіз Қазақстанымыздың жас өкілі қалай білім алып жатқанымен танысқан қонақтар өз уақыттарының мүмкіншіліктерімен іштей салыстырғанымен, екі араның жер мен көктей айырмашылықта екенін де жасырып қалмады. Осындай өткен мен бүгінгінің ара қатынасын мектеп тарихынан сыр шертетін музей де айғақтап тұрғандай.
Осындай қуанышқа толы сезіммен қонақтар ауылдық мәдениет үйіне қарай бет бұрды. Мұнда мәртебелі меймандарды қолдарында жалаушалары мен гүлдері бар мектеп оқушылары ыстық ықыласпен қарсы алды. Ауылдық клубтың дәлізінде картиналар галереясы ұйымдастырылды.
Мәдениет үйінде болған салтанатты шарада мектеп тарихынан сыр шертетін «Тарихы терең білім ошағына-бір ғасыр» атты бағдарлама ұсынылды. Мектеп мұғалімдерінен құралған хордың орындауындағы «Туған ел» әнімен ашылған іс-шара әрі қарай «100 жыл» деген жазу және «Түймеқыз» композициялық көріністерімен сабақтасып, шара қатысушыларын ерекше әсерге бөледі. 
Бұдан кейін сахна төріне көтерілген аудан басшысы Мұратхан Шүкеев жүз жылдық тарихы бар білім ордасының өткені мен бүгіні жайында кеңінен сөз қозғап, өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірді.  Сондай-ақ Мұратхан Жүнісәліұлы: “Мектеп пен ұстаз-білімнің жалғыз қайнар көзі, тәрбие-тәлімнің дара орталығы. Ал, біз үшін білім - тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген алғашқы 30 мемлекеттің қатарына қосылудың басты алғышарты. Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды болады демекші, жас ұрпаққа білім берудің іргетасы осы ауыл мектебінде қаланады.    
Ауданымыздағы іргелі орта мектептің оқушылары ағымдағы жылы ҰБТ-да жақсы көрсеткішке қол жеткізді. 2014-2015 оқу жылында аудан бойынша ең жоғары баллды осы орта мектептің түлегі А.Жайсан алды. Ал, Г.Маманова болса «Алтын белгі» иегері атанды.
Білім беру - тұлғаның табиғаты мен болмысын қалыптастыратын, балаға өмірден өз жолын табуды үйрететін аса күрделі де, жауапты кәсіп. Келешек жас ұрпақ, ұлағатты ұлттың бекем болашағы, жалынды жанашыры болатын, қадамы қарымды, танымы жоғары, тәрбиелі ұрпақтарды түлетіп ұшыра берулеріңізге тілектеспін”-дей келе, мектеп директоры Шырын Қапароваға естелік сыйлық табыс етті.
Сондай-ақ салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Халил Бейсеев, ауданның Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Бозай Оразалы сөз сөйлеп, өткен күндерден естеліктер айтты. Мерейтой қатысушыларына деген игі тілектерін білдірді.
Сонымен қатар, кеш барысында көпшілік назарына мектеп тарихына арналған слайд көрсетілді. Онда алғашқы мектеп директорынан бастап, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар, өмірін мектеппен байланыстырып, балаларға білім нәрін себуге арнаған ұстаздар, мектеп мақтаныштарына айналған білімді оқушылардың жетістіктері туралы баяндалды. Экраннан көрсетілген ескі суреттер де сол кездегі мектеп өмірінен сыр шертті.
Әуелеген әндер мен әсем билер қатар өрілген шара барысында мектеп түлектері - Ленинград облысының губернаторы А.Ю.Дрозденко мен полиция генерал-майоры М.Жаманбаевтың құттықтау жеделхаттары оқылды.
Сонау қилы кезеңдердегі мектеп өмірінен сыр шерткен көріністер кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмады. Ал, мектептің 10-сынып оқушысы, республикалық «Абай оқулары» байқауының лауреаты Гүлсім Бейсембайдың орындауындағы ардагер-ұстаз Күнтуған Ақназаровтың «Мектебім атың жетсін алыстарға» атты арнауы мен мектеп оқушылары ұйымдастырған флеш-моб қонақтар тарапынан ыстық қошеметке бөленді.
«Мектебім» әнімен аяқталған шара «Мұрат» мейрамханасында жалғасты. Мерейтойға жиналған кешегі мектеп түлектері бүгіндері белді қызмет атқаратын азаматтар жан-жақтан келіп, өздерінің сыйларын тарту етіп, ақ тілектерін білдірді. Осы мерейтойды ойдағыдай өткізуге атсалысқан мектеп ұжымының сіңірген еңбектеріне жиылған қауым алғыстарын айтып, риза болып тарқасты.

Обновлено 19.11.2015 16:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін432
mod_vvisit_counterКеше1241
mod_vvisit_counterОсы аптада6677
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда14318
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2265987

Серіктестер