Онлайн газет



Өнерлерімен тәнті етті

2005 жылдан бері  облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының жоспарына сәйкес, облыстық “Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб”  байқауы өтіп келеді. Аудандағы  ауылдық клуб мекемелеріне үлгі болуға лайықты клуб мекемесінің келбетін жасау, тұрғындарға ұсынатын мәдени-қызмет түрлерінің мазмұнын арттыру, жаңа идеялар мен инновацияны пайдалана отырып, бүгінгі күн талабына сай үлгілі қызмет көрсету, клуб мекемелерінің дамуы мен сақталуына жергілікті басқару органдарының назарын  аудару секілді талаптардан тұратын сайысқа  ауданымызға қарасты Қызыл жұлдыз ауылдық клубы мен  Түймекент ауылдық мәдениет үйі қатысып, аталмыш  мәдениет ордаларында өнер  мерекесінің салтанаты  өтті.

Қызыл жұлдыз ауылдық клубына жиналған қалың қауым мен қонақтар  “Ел іші-өнер кеніші” атты  қолөнер шеберлерінің туындысымен,  тәуелсіз еліміздің  мерейлі мерекелері мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмемен танысты.
Тарих -қоғамның, мемлекеттің өркениеттілігін көрсетеді. Тарихқа құрметпен  қарауды  әспеттеген“Ата-бабам аңсаған Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат” атты  тақырыппен  басталған шараны күміс көмей әнші  Г. Көпжасарова асқан шеберлікпен  жүргізе білді.
Алдымен көрермендер халқымыздың  сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресін “Қазақ елі” атты бейнефильмнен үзінді көріп, көздеріне жас алды.  Әсіресе “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” атанған  1723 жылғы туған қонысынан үдере көшкен халқымыздың қилы тағдырын  Н. Ақшабаев атындағы мектептің  ұстаздары, яғни тарих пәнінің мұғалімдері мен 7-10 сынып оқушылары   нанымды   бейнелеп шықты.
Бұдан соң тарихи көріністерге кезек берілді. Сахна төріне көтерілген Керей мен  Жәнібек сұлтанның   Қазақ хандығының  туын тігу жолындағы  ерен еңбегі, Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің шешімдері,  Абылай  ханның  төңірегіне топтасқан  сарбаздарға басшылық еткен хас батырлардың образын сомдаған Жасдәурен Жәбішев,  Амангелді Тлепов, Дәулет Жұманалиев,  Қуаныш Арықбаев, Жолдыбай Айтбековтердің өнеріне көпшілік  айрықша құрмет көрсетті.
Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтаған  тарихи көріністер соңы патриоттық әндерге ұласты. Жас әнші Нұрболат  Көпбосын “Ақ көгершінді”,  “Байзақ триосының” орындауында сазгер Ж.Дәулеттің “Киелі” әні әуеледі.“Жас Жамбылым” әнін Әмірхан Серікбай, “Қазақстаным” әнін Ақсұңқар Нағмаш,  ақын Қ.Шотбасовтың сөзіне жазылған “Қазақтың келіндері-ай” әнін  Қызыл жұлдыз ауылдық клубының меңгерушісі  Амангелді Тлепов нақышына келтіріп орындады.  Халық әні “Әриайдай” әнін дуэт болып  Амангелді Тілеп пен  Гүлжан  Көпжасарованың орындауында  өте әсерлі шықты. “Әжелер” ансамблі Шәмшінің әндерімен жұртшылықты сілтідей тындырса, “Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі” туралы  мағынасы терең бейнефильм жиналғандарға асқақ рух сыйлады.
Байқауға Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев,  осы орталықтың көркемдік жетекшісі Эльмира Дутбаева,  осы орталықтың бөлім меңгерушісі Тамара Әбдікерімова қазылық етіп отырды.

Өз тілшіміз.

Обновлено 19.11.2015 16:29
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін575
mod_vvisit_counterКеше1241
mod_vvisit_counterОсы аптада6820
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда14461
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2266130

Серіктестер