Онлайн газет



ЕРЛІКТІҢ ӨШПЕС ДАҢҚЫ

Төсінде тұлпардың дүбірі, домбыраның күмбірі, сөз бен жырдың үздігі қалған Ұлы даламыз басынан талай дәуірді өткізді. Ұлт болашағы үшін басын бәйгеге тіккен бабалар  ерлігі ұрпаққа ұран болып келеді.
Осыдан тура төрт жыл, яғни 2011 жылдың 12 қарашасында  жеті бірдей адамды өлім құштырған қандықол қылмыскерді тұтқындау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов  ерлікпен қаза тапты. Даңқты батырды еске алуға арналған жиын бейсенбі күні  “Батырлар аллеясында”  орнатылған мемориалдық тақта алдында  өтті.
Ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен ердің  ерлігіне тағзым етуге жиналғандар алдында аудан әкімі М.Шүкеев  сөз сөйледі.
- Ерлік қазақтың қанына сіңген қасиет. Қас-қағым сәтте жүректің әміріне бағынып, басын бәйгеге тігетін, парызы мен қарызын адал атқаратын арда азаматтар ғана тәуекелге бара  алады. Жол полициясының капитаны, біздің жерлесіміз Ғазиз Байтасов сондай «елі үшін туған ерлердің» бірі. Тараздағы қанды оқиға кезінде   көзсіз ерлік көрсеткен, ел тыныштығы жолында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі мәңгі жасай береді,- дей келе, батыр ерлігі өскелең ұрпақты ұлы істерге жетелейтіндігін  айтты.
Мұнан соң сөз алған аудандық ардагерлер  кеңесінің  төрағасы К. Бесбаев туған халқының бейбіт өмірі үшін  жанын пида еткен  ержүрек батырлар  Ақәділ Суханбаев, бейбіт күннің батыры Ғазиз  Әбдібекұлының ерліктері ешуақытта ұмытылмайтындығын ауызға алды.
Жиналғандар бір минут үнсіздікпен батырды еске алды. “Байзақ баба” мешітінің азаншысы А.Көшербаев  асыл ердің рухына бағыштап, құран оқыды.
Жиын соңында аудан әкімі М.Шүкеев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бесбаев  бастаған  бір топ мекеме  басшылары және тұрғындар оның бейнесі бейнеленген тақта маңына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
*                *                 *
Өз   Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар Ғазиз Байтасовтың ерлігін  жастарға үлгі ету мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінде  “Ер есімі-ел есінде” атты  дөңгелек үстел өтті.
Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің  төрағасы К.Бесбаев ашып,  бейбіт күнде көзсіз ерлік жасаған Ғазиздің өмірбаяны мен қызмет жолына тоқталды. Батырлардың ерлік істерін насихаттау арқылы олардың өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі ету мақсатында барлық білім ошақтарында батырға  арналған естелік бұрыштар ашылса  деген ұсынысын ортаға салды. Ардагер  М.Халбаев  жаужүрек батырдың ерлігін жас ұрпақ жадына өшпестей сіңіру аға буынның асыл парызы екендігін айтса, М. Байбеков елін, жерін сүйген ерлер ғана көзсіз ерлікке  баратындығын әңгімеледі. А.Мамытқұлұлы  болса жерлесіміз  сын сағатта қаһармандықтың үлгісін көрсеткен батырдың ерлігін әрдайым дәріптеп отырудың маңызын алдыға тартты.  Бәйтерек ауылдық  округі ардагерлер кеңесінің төрағасы  С.Айтбайұлы  Ғазиздің ерлігі ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулитындығын, ерлік-елге мұра, ұрпаққа-ұран екендігін сөз етті. “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы жанындағы “Жас Отан” Жастар қанатының төрағасы Ә.Құрманалиев  батыр ерлігі жастарды Отанға адал қызмет етуге тәрбиелейтіндігін айтты.
Жиынды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Махамбетов қорытты.
Сондай-ақ, “Халық қаһарманы”, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған №3 Байзақ кооледжінде “ Ерлік- ұрпаққа ұран, елге-мұра” тақырыбында,  аудандық кітапханада “Ерлігі елге аян-тәуелсіз елдің батыры” атты кітап көрмесі,  Н.Киікбаев атындағы мектепте  “Ерлігі мәңгі жасай береді”  атты Ғ.Байтасовты еске алуға арналған ұлттық ойындар  асық ату, ләңгі тебуден  аудандық жарыс, батыр оқыған Түймекент  атындағы мектепте  “Біздер Ғазизмен мақтанамыз”, “Ер есімі- ел есінде” атты  тәрбие сағаттары барлық сыныптарда өтті.
Бүгінгі жер басып, тіршілік етіп жүрген адамзаттың бейбіт өмірін қамтамасыз етіп, өздері құрбан болған боздақтар ерлігі ұрпақтар есінде мәңгілік қалады. Уақыт ілгері жылжып өткен сайын тарих беттері де алыстай береді. Бірақ тарихта қалған боздақтар мәңгілік. Олардың жасаған ерліктері ұрпақтар жүрегінен мәңгілік орын ала беретін болады.

Өз тілшіміз.

Обновлено 18.11.2015 11:11
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін515
mod_vvisit_counterКеше1190
mod_vvisit_counterОсы аптада515
mod_vvisit_counterӨткен аптада8564
mod_vvisit_counterОсы айда15591
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2267260

Серіктестер