Онлайн газет



АЛМАС МҰСАБЕКОВ – САМБОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Сүйінші! Жерлесіміз Алмас Сағымқұлұлы самбо күресінің әлемдік бәсекесінен

жүлделі оралды. 35 жастан асқан самбо күресі шеберлерінің кезекті ХІХ әлем  чемпионаты жалауын көтеріп, бес құрлықтың балуандарын Африка төріне  жинаған   болатын. Байрақты бәсекеге қатысу үшін 48 елден 500-ге жуық спортшы Марокко  корольдігінің Касабланка қаласында бас қосты. Халықаралық самбо  күресі   федерациясы (ФИАС) мен Марокко корольдігінің самбо және Таи джитсу федерацияларының ұйымдастыруымен өткен әлем чемпионатына аттанған Қазақстан Республикасы самбо күресі құрама командасының бас бапкері, №9 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Алмас Мұсабеков Африка төрінде атой салып, 62 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Қанжығасында аудан тарихында болмаған әлем чемпионатының жүлдесі бар самбошымен сұхбаттасып,  жеңісімен біз де құттықтаған болатынбыз.
- Алмас Сағымқұлұлы, самбо күресінен әлемнің чемпионы қатарынан орын алуыңызбен құттықтаймыз,  Африкаға сапарыңыздың себебі аталмыш спорт түрінен еліміздің берген жолдамасы ғой?
- Иә, осы жылдың мамыр айында Түркістан қаласында Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде  самбо күресінің шеберлері арасындағы ҚР чемпионаты өтті. Осы сында мен бірінші орын алдым. Содан кейін өз елінің жарысында І, ІІ орын алған спортшылар самбодан әлем чемпионатына жолдама алды. Және әлемнің екі дүркін чемпиондары да ел чемпионатына қатыспай-ақ кезектен тыс аталмыш додаға қатысуға құқылы болатын. Сөйтіп Қазақстаннан 50-дей спортшы  көк байрақты биікке көтеру мақсатында әлем чемпионатына аттандық. Тәуелсіз сарапшылардың болжамы бойынша бастапқы үштіктен Қазақстан, Ресей және Украина көрінуі тиіс  болатын. Осылай болды да.
- «Білікті бапкер болу үшін мықты спортшы болу шарт емес» деген мәтел бар. Алайда сіз палуан ретінде көптеген табыстарға қол жеткіздіңіз. Жалпы, осы спорт түріне деген қызығушылығыңыз неден басталып еді? Cәл шегініс жасап, спортқа қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз?
- Ауылда тудық, ауылдың қара сирақ балаларындай өстік. Спортқа деген қызығушылығым доп қуалаудан басталды. Сол кездегі «Энергетик» футбол командасының құрамында ойнайтын жерлес ағамыз Асқар Мамаевқа еліктейтінбіз. Еліктеушіліктен басталған футбол ойынына қызығушылығым артып, қатарынан бес жыл доп тептім. Сол тұста Жетібай ауылында В.Кистер деген жаттықтырушымыз болып еді. Кейіннен, яғни 1972 жылы «Динамо» спорт кешеніне келіп, қазіргі Қазақстан Республикасы құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы, бапкерім Марат Жахидтен самбо күресінің әдіс-тәсілдерін меңгеруді бастадым. Қандай дәрежедегі жарыстарға болмасын қатысуда тәлім беріп, тәрбиелеген, әлем чемпионатында жүлдегер болуыма бірден-бір себепкер болған Қазақстан Республикасы құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы, бапкерім Марат Жахид болды. Міне, содан бері табаны күректей қырық жыл қатарынан жаттықтырушым әрі ұстазым Марат ағамен екеуміздің жұбымыз жазылған емес.
- Самбо күресіне тоқталып өтсеңіз?
- Дәл қазiр орыстың самбо күресiмен жұмыр жердiң бетiндегi 80-ге жуық мемлекет айналысады. Орыстың бiлiктi мамандары кезiнде ұзақ жыл жер бетiндегi күрес түрлерiн зерттедi. Сол зерттеу арқылы жұмыр жердегi күрестiң ең озық әдiстерiн осы самбоға әкелiп енгiздi. Бұл күресте жапонның дзюдосының да, қазақша күрестiң де әдiстерi жүр. Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады.
- Жалпы алғанда жарысқа қатысушы спортшы неге дайын болуы керек деп ойлайсыз?
- Спортшы жарыста ең бірінші психологиялық тұрғыда дайын болуы тиіс. Яғни, үнемі өзінің бірінші қарсыласын жеңу керек. Адамның басты қарсыласы өзі. Батырдың да, қорқақтың да жүрегін бір сезім билейді. Сол қорқыныш сезімін жеңген батыр да, жеңілгені қорқақ. Екінші жеңіске жетелейтін-тәртіп. Мысалы күнделікті сағат  6-да жаттығуға бару керек пе одан міндетті түрде қалмаған дұрыс. Үшінші-бапкердің ықпалы. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демей ме? Сосынғысы - мақсат. Адамды қай уақытта да алға сүйрейтін оның арманы. Сондықтан жақсылықтан ешуақытта үмітті үзбеген абзал.
- Ендігі әңгімені өзіңіз басшылық жасап отырған №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тыныс-тіршілігі төңірегінде өрбітсек?
- №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 2006 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы негізінде ашылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге 29 оқу топтарына біріктірілген 426 оқушымыз бар. Ауыл спорты бағдарламасы аясында спорттың 9 түрі бойынша, атап айтқанда, футбол, еркін күрес, жеңіл атлетика, бокс, дзю-до, қазақ күресі, қол күресі, джиу-джитсу, белбеу күресі түрлерінен 19 жаттықтырушы қызмет етеді. Мектептің оқу топтары аудан аумағындағы Сарыкемер, Дихан, Жақаш, Қарасу, Қызыл жұлдыз, Көкбастау, Көктал, Абай, Жаңатұрмыс, Байзақ елдімекендерінде спорт алаңдары мен жергілікті жердің білім ордаларындағы спорт залдарында және осы спорт мектебінде орналасқан.
-Ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жайына тоқталсаңыз?
-Мектебіміз қазіргі таңда тек балалар мен жасөспірімдер спортымен ғана емес, ауданымызда жалпы бұқаралық спортты дамытуға белсене атсалысып келеді. 2011 және 2012 жылдары спорт мектебінің теңгеріміне ауылдарда жалпы спортты дамыту мен кеңінен насихаттау мақсатында аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлының ықпалымен 8 спорт залы, 6 спорт алаңы пайдалануға берілді. Осы нысандарда отызға жуық түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізіліп, спортқа қызығушылығы бар жастарға барынша жағдайлар жасалынуда. Сонымен қатар, өткен жылы облыс басшысы Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен Қызыл жұлдыз ауылынан спорттық жабдықтарымен бірге бокс залы пайдалануға берілді. Сарыкемер, Байзақ ауылдарынан футбол, Мырзатай, Дихан және Қызыл жұлдыз ауылдарынан еркін күрес,  Сарыкемер, Қарасу, Қызыл жұлдыз ауылдарынан бокс, Көкбастаудан дзю-до, Көкталдан қазақша күрес, Жақаш пен Жаңатұрмыстан жеңіл атлетика, Абайдан қол күресі және Тараз қаласынан белбеу күресі бөлімдерін аштық.
- Спорт мектебі шәкірттерінің жеткен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз?
- Қазіргі таңда спорттан алдыңғы орындардан көрініп жүрген шәкірттерімізге ризамын. Мектебіміздің спортшылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда, түрлі спорттық шараларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ерекше айта кететінім, 2011-2012 жылдар аралығында төрт оқушымыз Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер болса, бір оқушымыз Қазақстан Республикасының спорт шебері болды. Өз шеберліктерін арттыру мақсатында футболдан тоғыз аяқдопшымыз «Тараз» футбол клубына, үш дзю-дошы балуанымыз Жамбыл облыстық спорттан дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына ауыстырылды. Осы жылдары қол күресінен Әлем чемпионатында екі жүлдегер, қол күресі мен белбеу күресінен Азия чемпионатында алты жүлдегер,  Қазақстан Республикасының ресми чемпионаттары мен біріншіліктерінде қол күресі, дзю-до, жеңіл атлетика, белбеу күресі сынды спорт түрлерінен бірнеше жүлдегерлеріміз бар.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Келер жылға алдыға қойып отырған жоспарларымыз жетерлік. 2013 жылға спортты дамыту мен насихаттау мақсатында әр спорт түрлерінен қоғамдық бірлестіктер ашып, салауатты өмір салтын дамытуға ықпал жасауға баса назар аударып отырмыз. Орталық стадионға қомақты қаржыға спорт кешені ғимаратының жобалық сметалық құжаттары жасалынып, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастап кету ойымызда бар. Осы мақсатта жасанды шағын алаңдар жасау, елдімекендерде спорт бөлімдерін ашу, тағы да басқа мәселелер қолға алынатын болады.
- Сөз соңында айтарыңыз?
- Мектеп қызметін жүргізуге, оны тұрақты түрде дамытуға жанашырлық танытып отырған Жамбыл облысы әкімдігінің туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбековке және аудан әкімі Мұратхан Шүкеевке үлкен алғыс сезімімді білдіргім келеді.
Лайым, ауданымыздың мақтанышы – спортшыларымыздың мерейі үстем болып, абыройы арта берсін деп тілеймін.
-Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Сұхбаттасқан М.Шалғынбай,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 21.12.2012 16:47
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1144
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7161
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32728
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203458

Серіктестер