Онлайн газет



Тарихы терең білім ошағы

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген  облыстағы ең көне, бүгінде  іргелі  білім ошақтарының бірі саналатын-Түймекент орта мектебінің құрылғанына 100 жыл толып отыр.

Р. Сарыбаева,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жері қазыналы, халқы еңбекқор, туған тіліміздің тазалығы мен құнарлылығын ұрпағына табыстаған  Түймекент ауылдық округіне қарасты   Түймекент орта мектебінде  160 білікті ұстаз 1232 оқушыға сапалы білім,  тәлімді тәрбие беруде.
Оқу орнының ғасырлық  тарихы  Шаповаловка елдімекенінде 1895 жылы көшіп келушілердің күшімен салынған шағын үш сыныптық шіркеу-приход мектебінен бастау алады. 1909 жылдың басынан Әулиеата уезінде көп шоғырланған селениелерде мектептер салу істері қолға алына бастайды. 1915 жылы Сырдария губерниясы,  Әулиеата уезді, Шаповаловка (қазіргі  Түймекент)  селосында  қызыл кірпіштен мектеп салынады.
Бүгінде 100 жылдық тойын  атап  өткелі отырған мектептің тарихы  осылай бастау алды.
Мұрағаттағы  деректер  бойынша  1941-1942 оқу  жылында  Буденовка  орта  мектебінде 482  оқушы  болса,  оның  ішінде,  қазақ  балаларының  саны бар-жоғы 48,  1942-1943 оқу жылының басында осы мектепте 342 бала оқыса, одан жыл аяғында қалғаны 216 оқушы. Оның ішінде, қазақтардың баласы-62.Жыл бойы 126 оқушы мектептен қол үзген. Олардың ішінде әскерге алынғандары - 8, еңбек армиясына алынғандары -15, фабрикалық-заводтық оқуға жіберілгендері -14. ФЗО-ға жіберілгендер шахталарда, заводтарда, фабрикаларда жұмыстарға қалдырылған. Салыстыра айтатын болсақ, көршілес Ақжар ауылындағы бастауыш мектепте бар-жоғы 10 бала ғана оқитын.
(ЖОММ461 қор, 169 ма. 24 іс.)

1914 жылы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша мемлекет қаржысына  жаңа мектеп ғимараты бой көтереді .Ол алғашында төрт сыныптық бастауыш мектеп болып ашылады да,  1931 жылы  жеті жылдық білім жүйесіне көшеді. Ал, 1941 жылы он жылдық Ақжар мектебіне айналады. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Буденовка орта мектебіне  Буденовка селосынан басқа көршілес Ақжар, Дихан, Суханбай, Қарасу, Көкөзек ауылдарынан орта білім алуға құштар балалар жаяу қатынап, оқи бастады. Мектептің тарлығы мен оқу сыныптарының жетіспеушілігі сезіле бастайды. Буденовка селолық советінің төрағасы болып қызмет атқарған  Иван Трофимович Романцев селодағы бос қалған үйлерді мектептің оқу сыныптарына айналдыру үшін көп еңбек сіңіреді. Сол жылдары Буденовка орта мектебінің директоры Д.К.Михайловский  де оқу класстарын  көбейтіп, жабдықтауға, ұстаздар санын көбейту жолында көп тер төгеді. Колхозшылардың,  мектеп оқушыларының күшімен жаңа мектеп салу туралы бастама көтерілді. Жоғарғы класс пен мектеп бітірушілер болашақ мектеп құрылысы үшін жаз айларында жаппай кірпіш құюмен айналысты. 1955 жылы 2 қабатты мектеп пайдалануға беріліп, барлық оқушылар бір жерде оқи алатындай  жағдай жасалынады. Көрші елдімекендегі бастауыш мектептер жаппай 8 жылдық білім беретін мектептерге айналып, орта білім беретін мектеп осы аймақта тек Буденовка орта мектебі болғандықтан, Буденовка орта мектебінде оқушылардың саны жыл өткен сайын көбейе түседі. 1967 жылы Еңбек Ері, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің үш дүркін депутаты Нахманович Александр Львовичтің бастамасымен және тікелей қадағалауымен 640 орындық, қазіргі 4 қабатты мектептің құрылысы басталып, сол жылы пайдалануға беріледі. 1966-1967 оқу жылында мектепте 11 жылдық білім беру жүйесі тоқтатылып, орта білім беру 10 жылдыққа қайтадан ауысты. 1997 жылы Байзақ ауданы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның шешімімен Буденовка орта мектебі- Түймекент орта мектебі деп өзгертіледі.
1914 жылы құрылған Түймекент орта мектебінен бір ғасырдың ішінде мыңдаған  түлектер үлкен өмірге жолдама  алды. Олардың ішінде кеудесімен жау дзотын жауып, өшпес ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев, бейбіт күннің батыры,  “Халық қаһарманы” Ғазиз Байтасов, Еңбек Ерлері Н.Түйтебаева, Ш.Есенаманов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Т.Ақбозов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған, мемлекет қайраткері, белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосын, көрнекті журналист,”Егемен Қазақстан” газетінің бөлім меңгерушіcі Әділ Дүйсенбек, бірнеше кітаптың авторы Тұрсынхан Толқынбаев,  әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, академик Талас Омарбеков, экономика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, академик Мұрат Әлиев, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы Мәкәрім Асаубеков, археолог-тарихшы, Жамбыл мемлекеттік педагогикалық университетінің Құрметті профессоры Күзенбай Байбосынов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Психология және педагогика» кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанат Сарыбекова, ветеринария ғылымдарының кандидаты Марат Садуов, педагогика ғылымдарының кандидаты, Алматы индустриалдық педагогикалық академиясының ректоры Нұртаза Шәметов, ғалым-суретші Дулат Әлиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Мәкен Мамаева,  ҚР Президенті әкімшілігінің орындаушысы, бақылау секторының меңгерушісі Сансызбай Дүйсенбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жамбыл облысы бойынша бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторы Қылышбай Ахметов, Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы болған, марқұм Кенжеғали Қосымов, ұзақ жылдар Свердлов аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарған Мырзакерім Мұхамеджанов, аудандық аурухананың  терапевт бөлімінің меңгерушісі Орынкүл Мамырбаева, қазіргі Ленинград облысының губернаторы  А. В. Дрозденко,  тағы да басқа  кәсіп иелерін  мақтаныш етеміз.
Ғасырлық тарихы бар  мектепте  ұзақ жылдар бойы жемісті  еңбек еткен   ұстаздар: С.Мамырбаев, (С.Туғанбаев),  О.Бозай, Н.Бейсенов, А.Бейсенқұлов, К.Ақназаров, С.Байоразова, Ш. Үкібаева,  К.Қалиева (О.Алтынбекова),  Г. Қосумова, Б.Мамаев, Т.Секеров, Қ.Оразбаева, О.Қонақбаева, О.Оразалиева, Н.Қарақыстақова, Р.Сарыбаева, Г.Жылысбаева, Ф.Оразбаева, Р.Жуманалиева, Б.Қасымова, Ғ.Мырзамбетова, Р.Кудербаева, Қ.Смағұлова, С.Жетібаева, Б.Мұстафаева, Б.Әлішова, Б.Бекманова, С.Дауылбаева, Р.Бейсалиева, Ұ.Керімқұлова, Л.Қожакелдиева, Ш.Мырзалиева. В.Жельвис, Т.Жұматаева, Л.Шайхиева, Б.Жылысбаев, М.Уразбаев, Ж.Мамырбаев, А.Тулчикова және тағы басқалардың ерен еңбегін атап өткім келеді.
Мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел келешегін дәйектеп берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыруымыз керек” деген еді. Білім мен білігі, сауаты мен санасы биіктен табылған елдердің өрісі кең, өркені мықты болатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда еліміздің сан-салалы білім жүйесі әлемдік стандартқа сай дамып келеді.
Тәуелсіз еліміздің болашағы-бүгінгі мектеп оқушылары десек, Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп, “Сапалы білім беру-Қазақстанның индустриалдық-инновациялық дамуының негізі” екендігін атап көрсетті. 100 жылдық тағылымды тарихы бар білім ордасының бүгінгі таңдағы ұстаздар ұжымы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде талабы биік, табыстарға жетелейтін жемісті еңбегін жалғастыруда.Білікті ұстаздардың алдынан дәріс алған түлектеріміз тек елімізде емес, ТМД және шет елдерде білім алуда. Мәселен, 1998-2007 оқу жылы аралығында мектептің мақтанышына айналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша У.Дидарбеков- АҚШ-тағы Пенсилвания университетінде, Т. Саилов-Сингапур университетінде, А.Саилов-  Ұлыбританияда магистратурада оқуларын жалғастыруда.
2013-2014 оқу жылдарында облыстық «Қазақстан жолы-2050 стратегиясы»  тақырыбындағы шығармалар байқауында А.Әзімова (пән мұғалімі Л.Қожагелдиева) бас жүлдені, А.Жұмабай «Менің ұстазым» (Р.Бегасилова) тақырыбындағы республикалық байқаудан үшінші  орынды, А.Құсайынова (ұстазы Қ.Смағұлова) аудандық пән олимпиадасында биология пәні бойынша бірінші орынды иеленді.Қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Г.Мамырбаева, Б.Ораз және И.Әлдековалар «Оқыту мен оқуды жеті модуль арқылы ұйымдастыру» тақырыбында өткен аудандық семинарда үздік сабақ үлгілерін көрсетті. Бастауыш сынып оқушыларының  аудандық олимпиадасында А.Ускенова (мұғалімі Б.Мұстафаева)  бірінші орынды жеңіп алды.Технология пәнінің мұғалімі З.Жумадилова Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейінің көрме залында «Шеберлікке шек жоқ» тақырыбында көрме ұйымдастырды.
2014-2015 оқу жылы аудан бойынша ең жоғары баллды А.Жайсан алды. Ал, Г.Маманова болса «Алтын белгі» иегері атанды.
Биылғы оқу жылында мектеп оқушылары Н.Қойшыман мен С.Молдабаев Алматы қаласында өткен республикалық «Шәмші әндерін орындау» байқауынан жүлдемен оралды. Осы жылдың мамыр айында Түркияның Анталья қаласында «Оқушылар арасында дәстүрлі әндерді орындау» байқауында Н. Қойшыман  қазақ әндерін нақышына келтіре орындады.Сондай-ақ, республикалық «Абай оқуларына» қатысқан  оқушыларымыз жүлделі орындарды олжалады. Облыстық «Өрлеу» бағдарламасы бойынша «Жыл оқушысы-2015» олимпиадасына қатысқан  мектептің 7-сынып оқушысы Е.Балпанқұл (ұстазы Б.Ораз) үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, қашықтық интернет олимпиадасына мектеп мұғалімдері мен оқушылары белсене қатысып отырады. 2013-2014 оқу жылында тарих және информатика пәндерінен өткен сайыстарда  мектеп оқушылары қатысып, бір алтын, бір қола белгісімен арнайы сертификатқа қол жеткізді. Мұғалімдер арасында да аудан, облыс бойынша жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген ұстаздар А.Иманбеков, А.Уразбаева, Ш.Маманов, Г.Мамырбаева, Р.Әлдекова, А.Сарбасова, Г.Сметова, тағы басқалар да білім ошағының даңқын шығаруға өзіндік үлес қосуда.
100 жылда орта есеппен 4 буын ауысады екен. 100 жасқа жеткен қарияның өзі, баласы, немересі, шөбересі, неменесі бір мектептен білім алып, өмірге кірпіш болып қалануда. Жалпы ұшқан ұяларының көркеюіне және торқалы тойдың өтуіне қол ұшын беріп отырған атпал азаматтар Т.Әшімов, Ө.Бүтінбаев, Т.Фазулов, Б.Битабаров, Е.Мұхамадиев, Б.Алсейтов,  ардагер-ұстаздарымыз  О.Бозай, С.Мамырбаев, Азат пен Талғат Саиловтарға алғысымыз шексіз.
«Ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын көшпелі ел, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне, шәкірт біліміне ерекше назар аударады, қандай байлық болмасын, оның түбі бір сарқылатыны хақ. Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын, керісінше, еселеп арта беретін бір байлық бар, ол – білім» деп, Елбасымыз айтқандай, бір ғасыр бойы мыңдаған түлекті ұшырған Түймекент орта мектебінің 100 жылдық  мерейтойы үстіміздегі жылдың 17 қазанында ауылдық округтегі мәдениет үйінде өтеді. Осы мектептен білім алып, үлкен өмірге жолдама алған, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі жолында тер төгіп жүрген барлық түлектерді асыға күтеміз.

Обновлено 14.10.2015 17:18
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін246
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада246
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39247
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246633

Серіктестер