Онлайн газет



ҚАРА СӨЗДІҢ ЖЕБЕСІ

Жақында ғана бой көтерген  «Сарыкемер» орта мектебінің ұжымы бастауынан-ақ шәкірттеріне сан қырлы тәлім-тәрбие  беруімен көзге

түсуде. Әсіресе жас ұрпақты өңірдің өнер тарландарының өнегесімен сусындатып, шығармашылығы негізінде тәрбиелеуге шындап кіріскені сезіледі. Биыл ғана есігін айқара ашқан білім ордасы күзде белгілі ақын-сазгер, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатырдың жаңадан шыққан «Құс үні» атты кітабының тұсаукесерін өткізіп, оқырмандарын бір серпілтіп тастап еді. Жақында ғана белгілі қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Шерхан Мұртазаның шығармашылық кешін өткізіп, тағы қуантты.
Шерағаңды игі қазақтың бәрі білетіні белгілі. Қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде де таниды. Романдары мен әңгімелерін аға буын жаттап алмағанымен жата-жастана оқыды, жанына азық алды. Оны бүгінгі ұрпақ та қызыға оқиды. Республикалық басты басылымдарда басшы болып, телевидение және радио комитетін басқарғаны өз алдына әңгіме. Журналистикада да, әдебиетте де тәрбиесін көріп, «Шерағаңның шекпенінен шықтық» дейтіндер баршылық.  Республика Парламентіне депутат болып, ел қамын күйттеген көптеген заңдардың қабылдауына жанкүйдірген қайраткерлігі тағы бар. Сол Шерхан Мұртаза 80 жасқа толды. «Сарыкемер» мектебінде өткен шығармашылық кеш соған арналды.
Шығармашылық кеш сазгер-ақын Қ.Нарбатыр шығарған «Сарыкемер» орта мектебінің әнұранын білім ордасы хорының орындауымен ашылды. Мектеп директоры М.Нәметқұлов сөзге шығып, Шерхан шығармашылығының жас ұрпаққа тәлімдік, тәрбиелік мәні, маңызы жайлы айтып өтті. Мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Ақшаева жазушының шығармашылық жолы жайлы жан-жақты талдай отырып, баяндама жасады. Қаламгер- қайраткердің балалық шағынан бастап өмірінің түрлі кезеңдері слайд арқылы экранда көрсетіліп отырды.
Шығармашылық кештердің талапкерлердің де шабытына шабыт қосары белгілі. Солай болған соң мектеп оқушылары А.Хасанова, Б.Нуруллаева, Ж.Бердалы, К.Сүйіновалар жазушы мерейтойына арналған жырларын оқыды. Бұдан кейін Ш.Мұртазаның өмірі мен шығармашылығына арнайы түсірілген бейне-көрініс көрсетілді.
Ауданымыздың ақындары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ауыл жаңалығы» газетінің жауапты хатшысы Қ.Шотбасов, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Қ.Нарбатыр, аудан әкімдігі  білім бөлімінің бас маманы  Ж.Тұрғынбаев қаламгер-қайраткер жайлы есте қаларлық әңгімелер айтты, арнау жырларын оқыды. Ж.Тұрғынбаев жазушының суретін де салып келіпті. Мектеп оқушыларының сахналастыруымен жазушының «Қызыл жебе» романынан көрініс көрсетілді.
Шығармашылық кеш білім ордасы шәкірттерінің орындауында әнмен әрленіп, күймен көркемделді. Кешті мектеп оқушылары М.Шарипов пен Г.Жылқыбаева шеберлікпен жүргізді.
Әдебиетіміздің  алып бәйтерегінің бірі, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 80 жасқа толуына арналған  «Қазақ руханиятының қызыл жебесі» атты әдеби-сазды кеш жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, естен шықпас әсер қалдырғаны сезіліп тұрды.

 

 

Өз тілшіміз.
Фото: А.Алдабергенов

Обновлено 12.12.2012 16:48
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін39
mod_vvisit_counterКеше627
mod_vvisit_counterОсы аптада1688
mod_vvisit_counterӨткен аптада3329
mod_vvisit_counterОсы айда9638
mod_vvisit_counterӨткен айда12548
mod_vvisit_counterБәрі1027670

Серіктестер