Онлайн газет



ӨМІР-ӨНЕГЕ

Қ.Шотбасов,
«Ауыл жаңалығы».

Өмір деген ағысты өзен сияқты, өз арнасымен ағып өте береді. Оның ағысына қосылып, алға жылжыған сайын қилы-қилы кезеңдерді, асу-асу белестерді кезіктіресің.

Тағдыр сыйлаған қиындығы мен қызығы қатар тірлікте іркілісің де, күрсіңісің де, күлкің де, думаның да болады. Бүгінің белгілі, ертенің жұмбақ өмірдің жолы бұралаң, сын-сынаққа толы. Басы-балалық, ортасы-жастық, ақыры-қарттық тіршілікте сол сыннан сүрінбей өткендер ғана мұратына жетпек. Әсіресе, қасиетті қарттыққа сынбай жеткендер бақытты. Егде тартқанда еңкейген шал, қаудыраған қарт болмай, елінің абыройлы ақсақалы болғанға не жетсін. Ондайлар көп емес, бірақ бар. Солардың бірі ғана емес, бірегейі - Рәш аға. Кәдімгі сексеннің дәл ортасына келсе де саптан шықпай, аттан түспей жүрген Рәш Шәметов ағамыз.
Оның балалық шағын айтса мақтарлығы да, мақтанарлығы да аз. Сонау өткен ғасырдағы қызылдар төңкерісінен кейін тура он жыл өткенде 1927 жылы дүниеге келді. Туылған жері Талас ауданының Мойынқұммен шектескен жері, құмды ауыл. Ата-ананың кәсібі мал бағу арқылы жан бағу. Әкесі Шәмет, шешесі Ақжан күйкі тірліктің күйбеңімен жүріп, шаруа баққан қарапайым адамдар. Әкесі кеңестің кезі болғанмен Алласын аузынан тастамаған адал еңбеккер. Оған бір себеп Шәметтің әкесі, Рәштің атасы тақуа болған, кезінде Ораз сопы атанған адам. Кейін кеңес үкіметі діндар деп тұтқындап, Алла ақ тілегін беріп, елден ұзамай демі таусылып, топырағы Әулиеатадан бұйырған. Шәмет ақсақал өлгенінше Рәш ағаға «Балам, адал бол, Алланың барын ұмытпа» деп кетсе, осы атаның тәрбиесінің жемісі.
Бұрын да жетісіп тұрмаған қазақ ауылындағы айта беретін аштық Рекеңнің сәбилік шағына тура келді. Есін анық білмегенмен үзім нанға зар заманның зардабын сезіп өсті. Адал еңбек пен ағайынның қауымшылдығына арқа сүйеген бұл әулет аштықтан аман өтті. Қуғын-сүргіннен көргені атасы Ораз сопының ұсталып, ауылдан шетте дүниеден өткені. Осының барлығы балғын балалыққа әсер еткенімен ойыннан қалмай, білімге қадам қойып -өсе берді. 1935 жылы 8 жасында «Көмекші» бастауыш мектебіне барып, қолына алғаш қалам ұстады. Қарын бірде тоқ, бірде аш, қағаз бен сия қат сол заманда бастауыштан басқа мектепке ауысып жүріп, тәп-тәуір білім алды. Сөйтіп жүргенде соғыс басталды. Бала бұлар майданға кетпеді демесең, тылдағы бар қиындықты бастан кешіре жүріп, орта білімге қол жеткізе алды. Соғыс аяқталған жылы Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1946 жылы оны бітіріп шықты.
Оның еңбек жолы өзі соңғы жылдары оқыған «Бостандық» мектебінде мұғалімдіктен басталды. Ол кезде педагогикалық  училище бітіріп келгендер қазіргі жоғары білім алғандардан кем емес. Олай болатыны білікті маман ауылда жоқ. Орта мектептердің өзін алты айлық курс бітірген, тәжірибелі ұстаздар басқарып жүре беретін. Оның үстіне жоғарғы  сыныптарда оқып жүріп, мектептің пионер вожатыйы болғаны бар. Мұғалімдерге қолдау болған. Бір сөзбен айтқанда, өз мектебі қуана қарсы алды. Қиын кезеңдерді көріп өскен жас қой ширақ, тез үйреніп, тәжірибе  жинақтауға ұмтылды. Соның нәтижесінде көп ұзамай-ақ белгілі беделі бар ұстаздардың қатарына қосылды. Оған басты себептің бірі өз кәсібін өзі жақсы көреді, ісін ынтамен атқарады. Талас аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына шақырып, бармай қалатыны да осы кезең. Өйткені, бір жағы осы ұстаздықтан артық жұмыс жоқ деп есептесе, екінші жағынан ауылдағы ата-ана себеп болды. Сөйтіп жүріп осы Талас ауданында мектептерде он жыл қызмет етті. Бұл жылдар да соғыстан кейінгі кезең. Қиындығы да мол. Бірақ соған қарамастан барды салып, аянбай жұмыс істеді. Қайда жұмсаса да бас тартқан жоқ. Ізденіспен жүріп қатардағы мұғалімнен мектептің директоры қызметіне дейін көтерілді. Білімін жетілдіруді де бір сәт естен шығарған емес. Сырттай оқи жүріп Шымкент қаласындағы мұғалімдер институтын бітірді. Оны жалғастырып, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың да білімгері атанды. Ал, зоотехник мамандығы бойынша білім алғаны кейін ғой. Қалай десең де Рәш аға жастығын білім қуумен, ізденіспен өткізген жандардың бірі.
Оның негізгі ата қонысы Байзақ өңірі. Ара  қашық болғанымен әкесі үлкейе келе осы жақты көп аңсайтын болды. Ара-тұра болса да «қоныс ауыстырсақ» дегенді баласының құлағына құя беретінді шығарды. Ата сыйлап үйренген ұрпақ қой әке айтқаны заң сияқты көрінеді де тұрады. Сонымен не керек 1956 жылы көктемде ата-ана Талас өңірінен Свердлов (бүгінгі Байзақ) ауданының Түймекент ауылына көшті. Өзі мектеп ұжымын басқарып жүргендіктен жазда оқу жылы аяқталған соң келетін болып келіскен. Сонымен не керек оқу жылы аяқталған соң директорлық қызметті тапсырып, Түймекентке қоныстанып, Ақжар ауылындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Бірақ бұл жерде ұзақ тұрақтап істемеді. Күзде қызметке кірісті, көктемде тапсырды. Себеп біреу, көптен партия қызметіне шақырып жүретін. Ақыры сол партия қызметіне жегіліп тынды.
Ол кезде Хрущевтің өңірлерді, сонымен қатар оған партиялық басшылықты да қайта құрып жатқан кезеңі. Свердлов ауданында 3 аймақтық партия комитеті бар. Олардың өз хатшылары, өз нұсқаушылары бар. Солардың бірі, Түймекент аймақтық партия комитетіне нұсқаушы болып қызметке орналасты. Бұл –мектеп емес. Бұрын балаларға тәрбие берсең, енді ересектермен жұмыс істейсің. Партияның саясатын түсіндіріп қоймайсың, оның өндірісте іске асуына ықпал етуің керек. Апта, он күндеп ауыл кезіп, саясатты түсіндіресің, оның орындалуын бақылайсың. Бұрын істемеген қызметтің қыры-сыры көп. Іздену, үйрену, уақытпен санаспай істеу қажет. Бұл жағынан алғанда онда тартыншақтау жоқ. Содан барып біртіндеп партиялық қызметке төселді. Берілген тапсырманы ыждағатпен орындайды. Қиын дегендерінің шешімін табуға шебер. Ісіне адал. Ойы да, қолы да таза. Ондай азаматтың елеусіз қалуы мүмкін емес. Біртіндеп беделі биіктей берді. Не керек партия қызметіне жеті жыл кетті. Сөйтіп жүргенде аудандық партиялық халықтық бақылау комитеті деген қызмет пайда болды. Ол кейін аудандық халықтық бақылау комитеті болды ғой. Рекеңді осы комитетті басқаруға жіберді.
Бақылау комитеті бастапқы кезде басшысынан басқа қызметкері жоқ, халыққа арқа сүйейтін бақылаушы орган. Өндірістік істердің өз мәнінде атқарылуын,  қаржы-шаруашылық істерінің тап-тұйнақтай болуын байқап барасың. Еңбекшілер арасынан білікті, адал азаматтарды тексеруге тартып, елге арқа сүйейсің. Бір сөзбен айтқанда көппен тіл тауып, қоғамдық байлықтың көздің қарашығындай сақталуына бақылау жасайсың. Рәш аға бұл қызметін ынта-жігерімен, адал атқарды. Сол тазалығының, талапшылдығының, іскерлігінің, принципшілдігінің арқасы ғой осы қызметті ширек ғасырға жуық істеді. Осы кезеңде әділ болып, жазалауға тиісті адамды жазалады, қорғауға тиісті жерінде қорғай білді. Орынсыз іс істеп, кісінің наласына, биліктің  жазасына ұшыраған кезі болмапты. Адал қызметімен абырой жинай жүріп, 1998 жылы зейнеткерлікке осы бақылау комитетінің басшылығынан шықты.
Зейнеткерлікке шыққанда артына қараса айтарлықтай із, мақтанарлықтай іс қалыпты. Адал қызметі бағаланыпты. Көкірегіне «Құрмет белгісі» орденін, 11 медаль тағыпты. «КСРО халықтық бақылау комитетінің үздігі» атаныпты. Одақтық бақылау комитетінің екі, республикалық бақылау комитетінің бес Құрмет грамотасына ие болыпты. Облыстан, ауданнан алғандары қаншама. Кезінде ұзақ жылдар аудандық партия комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болды. Республикалық дәрежедегі дербес  зейнеткер. Енді реті келіп тұрғанда тағы бір жайтты айта кетпесе болмас. Ардагер Рекең бертінде бұларға қоса Тәуелсіз Қазақстанның тағы бір наградасын «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне таққан адам. Еткен еңбектің, адал қызметтің әділ бағасының нақты көрінісі осы емес пе?
Рәш Шәметұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін де белсенді өмірлік ұстанымын жоғалтқан жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде тәуелсіздік бастауындағы өтпелі кезеңде ел бірлігі мен ынтымағының ыдырамауына, халық бақытын қастерлей білуге атсалысты. Кітап жазып, шығарды, өмір өнегесін ортаға салды. Айтулы азамат, ауялы ақсақал, ауданда басшылық қызметтер атқарған, ауыр кезеңдерде аудандық ардагерлер кеңесін басқарған Жапар аға Дидарбеков дүниеден өткенде эстафетаны қабылдап алып қалды. Жапар ағаның жақсы істерін жалғастырып, жеті жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келеді. Елді көркейтіп, егемендігімізге негіз қалаған ардагерлердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап қана қоймай, олардың аудандағы бірліктің ұйытқысы, жас ұрпақ тәрбиесінің жанашыры болуына бас-көз болып жүр. Ол басқарған ардагерлер ұйымы нығайды. Кезінде 16 ауылдық округтік ардагерлер ұйымында 600 ардагер болса, қазір 6000-нан асып, 17 ауылдық округтік ұйымға қарасты 43 бастауыш ұйымға бірікті. Ардагерлер ұсыныстарымен аудан орталығында «Байзақ баба» мешіті бой көтеріп, Астананың 10 жылдығы атындағы дендробақ жабдықталды. Ауданның 70 жылдығына, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай осы ұйым Үндеу қабылдап, қорға қаржы  жинақталуына, оған ескерткіштер орнатып, әлеуметтік  көмектер көрсетілуіне  ұйытқы болды. Айта берсең оның басшылығымен қозғау тапқан істер баршылық. Бір сөзбен айтқанда ақсақал, аудан ардагерлерінің ақсақалы бола білді. Аға ұрпаққа да, жас әулетке де өнеге таныта білген, айтқаны  өтетін абыройлы ақсақал. Жас ұлғайды, денсаулық та мәз емес деп қарап отыра алмайтын азамат ата. Ата болғанда елдің де еңселі атасы, ұрпағының да абыройлы атасы. Олай дейтініміз оның жары Аязгүл апамен бас қосып, от түтеткеніне биыл 65 жыл болыпты. Аязгүл апа отбасының берекесін кіргізіп, Рәш ағаның алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасап қана қойған жоқ, колхоздың шаруасында тер төкті, сауда саласында да істеді. Жеті баланы дүниеге әкеліп, оның тәрбиешісі де болды. Бүгінде ол балалар да ержетіп, тәуелсіз елдің еңселі азаматтары атанды. Алды ғалым атағын алып, жоғарғы оқу орнын басқарса, қалғандары мемлекеттік қызметте, түрлі салаларда жұмыс істеп жүр. Немере түгіл, шөбере сүйді. Азаматтың бақыты абыройлы ақсақал болу болса, ұрпағының қызығын көру. Сондықтан да олар өздерін толық бақытты санайды.

фото: А.Алдабергенов

 

Обновлено 11.12.2012 19:45
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін34
mod_vvisit_counterКеше627
mod_vvisit_counterОсы аптада1683
mod_vvisit_counterӨткен аптада3329
mod_vvisit_counterОсы айда9633
mod_vvisit_counterӨткен айда12548
mod_vvisit_counterБәрі1027665

Серіктестер