Онлайн газет



Әкем жайлы естелік

Ж. Сұраншиева,
Кеңес ауылының тұрғыны.

Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 74 жыл, Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізге 70 жыл толып отыр. Соғыстан кейін туылған балалар бүгінгі күні есейіп, ер жетіп, қазір олардың да өз балалары, немерелері бар.
Алайда жылдар бүгінгі ұрпақты соғыстың шындығынан алыстатып барады. Десе де Ұлы Отан соғысына қатысқан, бүгінгі жайма-шуақ өмірді сыйлаған батырларымызға қай уақытта да алғысымыз шексіз.
Жеңіс күніне арналған естелігімде соғысты көзі көрген әкем Өсер мен шешем Гүлжамал туралы айтқым келеді.
Әкем Өсер Сұраншыұлы 1917 жылы Қызылқұмның Көкөзегінде дүниеге келіпті. Атамыз Сұраншы дәулетті кісі болған деседі, ал, апамыз Шарапат атағы бүкіл оңтүстік аймаққа тараған Мәдімар болыстың қызы болыпты. Атамыз Сұраншы 1925 жылы, апамыз Шарапат 1928 жылы дүние салыпты.  Осылайша тұл жетім қалған әкеміз бен оның екі қарындасы Сарыбарақтағы жетімдер үйіне орналастырылады да, арада біраз уақыт өткенде қаладағы жетімдер үйіне ауыстырылады. Жетімдер үйінде тәрбиеленген әкеміз 1939 жылы Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1941 жылы мұғалім мамандығымен Сарыбарақ ауылына жұмысқа орналасады.
Осы тұста тыныш ұйқыға толы түндерді, жерді ойрандаған соғыс өрті тұтанған болатын. Араға жыл салып, саперлар курсын бітірген әкем 1942 жылы майданға аттанады. Соғыс жолын Смоленскіден бастаған ол қарша бораған оқтың арасында жүріп, жауынгерлерге жол ашушы сапер болған және немістер түнде қиратып кеткен көпірлерді түні бойы жөндеп, біздің әскердің соғыс техникаларын өткізуге ыңғайлы өткелдер жасаған адамдардың қатарында болыпты.
Осындай арпалыстардың бірінде аяғынан жараланған оның дәрігерлер жанын аман алып қалу үшін бір аяғын кесуге мәжбүр болады. 1943 жылы бір аяғынан айырылып, туған елге қайта оралған соң, еңбекке араласады. 1952 жылы құрылысшы, прораб, бригадир мамандықтарының қысқа курсын тәмамдап, аудан экономикасын көркейтуге атсалысты.
Бертін келе, 1963 жылдары қаржы агенті болып қызмет атқарған әкеміз Өсер Сұраншыұлы денсаулығына байланысты зейнеттік демалысқа шығады. Онда да қарап отырғанды құп көрмей, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
1945 жылы анамыз Арунқызы Гүлжамал екеуі бас қосып, шаңырақ көтереді. Анамыз он үш құрсақ көтеріп, оның тоғызын әкем екеуі осы күнге тәрбиелеп жеткізген екен. Сонымен қатар, өмірдің ащысы мен тұщысына төзе білген әкем сүт кенжесі мені жарты аяғына отырғызып алып, аяғымның бүтіні деп ерекше еркелетуші еді.
Әкем Өсердің төсінде «Ерлігі үшін»,  «Ұлы Жеңістің 10,20,30 жылдығы», тағы да басқа орден, медальдары жарқырайтын. Қайран әкем 1981  жылы дүниеден қайтты.
Бүгінде әкеміз Өсер мен анамыз Гүлжамалдан тараған төрт ұл, бес қыздың ұрпақтары - отыз немере, отыз бес шөбересі аман-сау өсіп-өніп, өркен жайып келеді.
Бүгінде тірі болса тоқсанның сегізіне жететін әкеміз Ұлы Жеңістің 70-ші мәрте тойлануының куәгері болар еді-ау...

Обновлено 30.04.2015 09:55
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін144
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1333
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40334
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247720

Серіктестер