Онлайн газет



Ата жауды апанында тұншықтыруға ат салысқан

Сапарғали Әлібай,
«Ақ жол»

Екінші дүниежүзілік соғыстың барысында екіге жарылып, текетірескен жер-жаһандағы алпауыт мемлекеттердің өзара арпалысында құрамы ондаған мың адам күші мен жүздеген техникадан, мыңдаған атыс құралынан тұратын тұтас әскери құрамалардың жау қоршауында қалып, тас-талқаны шығып жойылып кеткендігі мәлім. Мұндай жағдай әсіресе гитлерлік Германия мен комунистер билеген Кеңес Одағы арасындағы қарулы қақтығыстардың бастапқы кезінде Қызыл Армия тарапында жиі орын алғандығы белгілі. Әскери тарихшылардың айғақтауынша, сондай құрамалардың бірі — 1941 жылдың маусым айында Архангельск әскери округінің базасында құрылып, Ставканың резервінде болған 28-інші армия көрінеді. Аталған әскери құрама ең әуелі 1941 жылы Смоленск қаласының түбінде болған қорғаныс ұрыстарының барысында қоршауда қалады. Содан сол жылғы қараша айының 15-і күні Мәскеу әскери округінің базасында қайта жасақталынып, 1942 жылдың мамыр айында  Бас штабтың кінәсінен сәтсіздікке ұшыраған Харьков операциясына қатыстырылады. Бұл ретте, армия құрамындағы әскери бөлімдер ауыр шығындарға ұшырағанымен қоршауда қалу қаупінен аман құтылады. Ал 28-армияның Ұлы Отан соғысы барысындағы соңғы үшінші қайта жасақталуы 1942 жылдың қыркүйек айында жүзеге асырылады. Байзақ ауданының бұрынғы Ленин атындағы колхозының тумасы, 1942 жылдың бас кезінде Қызыл Армия қатарына алынып, ақпан айынан бастап 28-інші армияның бағынысындағы 50-інші гвардиялық миномет полкі құрамына қабылданған қатардағы жауынгер Меделбек Атамқұлов, міне, кеңес әскерлерінің осы Харьков түбіндегі жеңілісінің әрі соның салдарынан олардың жүздеген километрге кері шегініп, Еділ өзенінің бойынан бір-ақ шығуға мәжбүр болғандығының, қаша соғысқан ұрыстардың барысында өзге әскери құрамалармен бірге 28-інші армияның адам құрамының 90 пайызға жуығының шығынға ұшырағандығының куәсі болуына тура келеді. Дана қазақтың «Қырық жыл қырғын болса да, тек ажалды ғана өледі» деген сөзінің жаны бар екен. Айналаның астаң-кестеңін шығарып, жердің астын-үстіне келтірген небір артиллериялық канонадалар мен жау авиациясының бомбалаулары кезінде сан мыңдаған  қаруластары қынадай қырылса да, әйтеуір татар дәм-тұзы мол екен, Меделбек аман қалған.
Сөйтіп, екі бірдей қанды қырғыннан әупірімдеп әрең шығып, құрамының негізгі бөлігінен айырылғанымен, туларын аман сақтап қалған резервтегі 28-інші армия үшінші рет қайта құрылғанда, 21жастағы жас жауынгер Сталинград қорғанысы ұрыстарының бірінде иығынан жау оғы тиіп жарақат алады. Әйтсе де дәрігерлердің күш салуымен госпитальда біраз емделіп, жарақатынан айыққаннан кейін өз бөліміне қайта оралған.
Кезінде, кеңестік тарихшылар Ұлы Отан соғысы деп атап кеткен фашистік  Германиямен арадағы шайқастағы алғашқы қадамы сұрапыл соғыстың тозаққа бергісіз жойқын сәттерімен тұспа-тұс келген байзақтық жауынгер Меделбек Атамқұлов 28-інші армияның жеңісті жорықтарының да куәсі болған. Ставканың резервінде болғандықтан үшінші рет қайта жасақталған екпінді құраманың Сталинград, Оңтүстік, кейін таратылған Солтүстік Кавказ, сондай-ақ, 4-інші және 3-інші Украина, 1-інші және 3-інші Белорусь майдандарының құрамында соғысуына тура келеді. Жеңісті шайқастардың бастапқы кезінде подполковник Жариков командирі болып табылатын бұлардың 50-інші гвардиялық миномет полкі гитлершілдердің Қырым түбегін қорғауына және Кавказ бағытындағы шабуылын қайта жаңғыртуына мүмкіндік беретін Кубаньдағы стратегиялық мәні бар плацдармының күл-талқанын шығаруға атсалысқан. Тамань түбегін жаудан азат етуде сәтті өткен операциялардың алдыңғы шебінде болған. Сол үшін әскери бөлімге Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы И.Сталинның 1943 жылғы 9-ыншы қазандағы № 31 бұйрығымен Елуінші гвардиялық Темрюк миномет полкі атауы беріліп, әскери бөлімнің құрамы түгелдей Жоғарғы Бас қолбасшының алғысымен марапатталады. Кейін полк 28 армияның құрамында Чехословакияның астанасы Праганы азат ету жорығына қатысып, Миусск операциясы кезінде жаудың адам күшін ойсырата шығынға ұшыратып, Жоғарғы Бас қолбасшының алғысына екінші рет ие болады.
Соғыстың соңғы айларында Германияның өз аумағында ұрыс қимылдарын жүргізген  3-інші Белорусь майданының құрамында болған 28-інші армияның қатарында Меделбек Атамқұлов та гитлершілдерді өз апанында тұншықтыруға үлес қосады. Фашистер талқандалғалғаннан кейін бір жыл КСРО-Түркия шекарасында қызмет атқарып, 1946 жылдың мамыр айында елге оралады. Содан зейнет демалысына шыққанға дейін өзі туып-өскен бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарда егіс бригадирі болып, ел байлығын еселеуге атсалысады. Бүгінде өмірден озып, бақилық болған екінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен бірнеше жауынгерлік медальдардың иегері Мелдебек Атамқұловты 7 ұлы мен 5 қызынан тараған немере-шөберелері әр уақытта еске алып, әруағына құран бағыштап отырады.

Обновлено 30.04.2015 09:54
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін750
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада750
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда40940
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2248326

Серіктестер