Онлайн газет



Арды биік ұстап өткен азамат

К. Зәуірбекова,
Сарыкемер ауылы.

Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр,-деп Мұқағали ақын жырлағандай,  Ұлы Отан  соғысы жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлер - бүгінгі ақ сақалды ардагерлердің  бірі арамызда жүрсе, енді бірі келместің кемесіне мініп кеткен. Солардың бірі асыл әкеміз - Әбек Мақышұлы.

Әбек Мақышұлы 1913 жылы Жамбыл облысы, Байзақ (бұрынғы Свердлов)  ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келген. Әке-шешеден ерте айырылған әкемізді қазан төңкерісі,  ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін секілді нәубеттер ерте есейткен екен.  Бойына біткен қайсарлығының арқасында білім алып, жастарды  соңына  ерте білген.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталар алдында анамыз Ұлбосын Естайқызына үйленген. 1942 жылы сәуір айында Свердлов аудандық әскери коммисариатынан әскерге шақырылып,  №936 атқыштар полкінде қызмет еткен. 1943 жылы Сталинград үшін болған кескілескен шайқаста ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. 1943 жылы желтоқсан айында соғысқа жарамсыз болып елге оралады. Әкеміздің соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері ескерусіз қалмапты. ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», “Сталинградты азат еткені үшін”  тағы да басқа  бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталған.
Елге оралысымен Сазтерек ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы  колхозды басқаруға  жіберіледі. Үш жылдай шаруашылықты басқарған әкеміз1946 жылдан өмірінің соңына дейін туған ауылы - Көкбастау ауылында  бригадир,  ферма меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Анамыз Ұлбосын Естайқызы да еңбек десе жанып тұратын еді. Қант қызылшасын өсірудің шебері болатын. Қызылшашы, звено жетекшісі болып еңбек ете жүріп,  қант қызылшасын өсіруден мол өнім алып,бірнеше медальдармен марапатталған анамыз  1969 жылы Алматы қаласында өткен  бірінші Республикалық әйелдер съезіне делегат болып қатысып қайтқан-ды.
Ұлы дала батырларының тіккен туын жықпай, асқақ ұстаған майдангер әкеміздің мінезі тік, алайда бауырмал да көпшіл еді. Жетім-жесірлерге қамқор болып жүретін.  Күні бүгінге дейін  ол кісіден көрген жақсылықтарын жыр етіп айтып отыратындар аз емес.  Асқар таудай әкеміз 1987 жылы 11 наурызда, аяулы анамыз 2003 жылы 17 қарашада өмірден өтті.  Бүгінде олардан тараған ұрпақтан  10 немере, 3 шөбере  алаңсыз өсіп келеді.

1418 күнге созылған қанды соғыс Жеңіспен аяқталды. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жауымен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетіп мерт болған ер азаматтардың ерлігі ешуақытта ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс қазақстандықтарды ұлы істерге, биік белестерді бағындыруға жұмылдыруда. Әлемді дүр сілкіндірген, жан түршігерлік қанды қырғыннан аман есен келіп, қираған шаруашылықты қалпына келтіруге сүбелі үлес қосып, ұрпақ өсіріп, бейбіт күннің бақытын сезініп, өмірден өткен әкемізді, сол секілді ардагерлерді еске ала отырып, олардың  ерліктері алдында  тағзым етеміз...

Обновлено 23.04.2015 10:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін547
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада547
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39548
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246934

Серіктестер