Онлайн газет



Ел дәулетіне өзіндік үлес қосу-басты міндетіміз

“Статистика органдары жан-жақты және нақты ақпаратты қалыптастыра отырып, реформалар барысын талдау, тиімді саяси шешімдер қабылдау негізінің  негізін құрады” деп Елбасымыз

айтқандай,  бүгінгі таңда елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестердің даму немесе кему жағдайларын мыңдаған сандық көрсеткіштермен сипаттап, талдайтын және одан нақтылы қорытынды жасайтын статистика органдарының мерекесі қараша айының 8-і болып белгіленгені баршамызға мәлім. Мерейлі мереке қарсаңында аудан жетістігіне өзіндік үлес қосып отырған, білікті де білгір ұйымдастырушы, жаңалыққа жаны құмар Байзақ ауданының статистика басқармасының  бастығы Дамир Нұрабаевпен  сұхбаттасқан болатынбыз.

 

-Дамир Темірбекұлы, “статистика” деген сөз қандай мағына береді, әрі аталмыш  ғылымның  нені зерттейтіндігіне тоқталып кетсеңіз орынды болар еді.
-Негізінен “статистика” латын сөзінен шыққан “ахуал” (жағдай) деген мағынаны білдіреді. Осы сөздің түбірі орта ғасырлық Италияда “стато”-”мемлекет” және “статистика” -” мемлекет білімпазы”  деген мағынаны білдіретін екі сөз құралған екен.
Статистика бұл мемлекетте болып жатқан жаппай әлеуметтік экономикалық құбылыстарға көптеген тұрақты байқауларды олардың сапалы жақтарымен тығыз байланыста жүргізу арқылы адам, қоғамның дамуында сандық өзгерістерді зерделеп, қорытындылайтын қоғамдық ғылым.Сонымен қатар статистиканы кез келген мемлекетте қоғамдық өмірдегі құбылыстар мен үдерістер туралы жаппай деректерді жинау, өңдеу, талдау және жариялауға яғни осы саладағы белгілі бір мамандар мен  мамандандырылған органдар, сондай-ақ тану, талдау және қажет шешімдер қабылдау мақсатында жүргізетін кез келген басқа да мемлекеттік және мемлекеттік ұйымдар қызметіне бағытталған практикалық қызметтегі сала деп те атайды. Қарапайым тілмен айтқанда  статистиканы қоғамдық өмірдің қандай да бір құбылысын сипаттайтын сандық мәліметтер жиынтығы деп қарауға болады.
Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның мемлекеттік статистикасының  қызметкерлері  маңызды саяси шешімдерді қабылдауда және қоғамды дамытуда өте үлкен рөл атқарып қана қоймай, азаматтардың ауқымды проблемаларын шешуге айрықша үлес қосты деп білемін.
-92 жылдық тарихы бар Қазақсанның статистикасына өзіңіз басқарып отырған басқарманың да қосқан үлесі  бар шығар?
-Статистиканы жетiлдiрудiң мемлекеттiк саясаты мен бағдарламасын  жүзеге асыру және үйлестiру, статистикалық көрсеткiштердiң объективтiлiгi мен транспаренттiлiгiн қамтамасыз етумен қатар  аудан көлемінде жүріп жатқан экономикалық және әлеуметтiк процестер мен олардың даму үрдiсiн жан-жақты және объективтi түрде зерделеу, қорыту және оларға талдау жасау-біздің басты міндетіміз болып табылады.
Жамбыл облысының статистика департаментінің  бастығы Сырым Өскенбайұлы Мәдиевтің  тікелей басшылығымен, аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеевтің  қолдауымен біраз ауқымды тірліктер атқарылды. Басқарма орналасқан екі қабатты ғимарат 2009 жылы  күрделі жөндеуден  өтті. Жыл сайын ағымды жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуде. Қызмет көлігімен қамтылғанбыз. Қазіргі жаһандану заманына сәйкес біздің басқарма ұжымының әрбір мүшесі жеке компьютермен  қамтамасыз етілген.  Облыс деңгейінде  2012 жылдың  үшінші тоқсаны бойынша біздің басқарма төртінші орынды иеленіп отыр.
”Статистикалық сандар дүниені басқармаса да, олар дүниені қалайша жақсы басқарылатынын көрсетеді” деген екен И. Гете. Бүгінгі таңда  сапалы статистикалық деректердің маңыздылығы мен статистикалық мәліметтерді   жинау жеделдігі маңызды мәселелерді шешуге  мұрындық болуда. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын статистикалық  ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша маңызды міндетті жүзеге асырып отырған біздің басқарма  қызметкерлерінің қосқан үлесі аз емес деп  білемін. Мәселен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, ағымдағы жылдың 1 қарашасына аудандағы  халық саны 91362 адамды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі 153,6 пайызды, құрылыс, байланыс  нақты көлем индексі 250,8 пайызды;  бөлшек саудасы бойынша нақты көлем  102,5 пайызды; негізгі капитал инвестициясы бойынша нақты көлем индексі 54,3 пайызды;  шағын бизнес мекемелерінің өсу деңгей саны -93,6 пайызды;  халық санының өсу деңгейі 103,5 пайызды; бала туу деңгейінің өзгеруі 87,1 пайызды құрап отыр.
Негізінен ауданымызда халық саны қандас бауырларымыздың атамекенге көшіп келуінен артып  қана қоймай, жеке азаматтардың тұрғын үй салуының арқасында құрылыс қанат жайып келеді.Ауданымызда орташа өмір сүру деңгейі  71-72 жасты құрап отыр.
-Жұмыстарыңызға жаңа ақпараттық технологияларды енгiзу жайы қалай жүргізілуде?
- Елімізде жаңа технология мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, оған қарапайым халықтың қол жетімділігін қамтамасыз ету жолында жасалып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзеге асырылып жатқан “Электрондық үкімет” мемлекеттік бағдарламасы көптеген іс-шаралардың іске асуына мұрындық болуда. Бұл бастама жеке тұлғалар мен ұйымдардың мол мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жедел әрі сапалы қызмет түрін тұтынуына жол ашты.Сондай-ақ ”Бір терезе” қағидаты бойынша респонденттерге қызмет көрсету өз жемісін беруде. Ендігі жерде мекеме, кәсіпорын  есепшілері есебін электрондық жүйемен  тапсыруға ден қойса нұр үстіне нұр болар еді.  Бұның статистика жүйесіндегі ішкі және сыртқы құжат айналымын реттеп, міндеттердің дер кезінде орындалуына, жедел ақпарат алмасуға, қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретіндігі ақиқат.
-Терең білімді, бесаспап кадр-ұжым айнасы саналады емес пе?
-«Қазіргі  заманда біздің мақсатымыз тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны – терең білім. Ал терең білімге біз тек еңбек етсек   қана жетеміз. Жаңа құнды бағдарымыз – индустриализация болса, еңбексүйгіштігіміз – екінші құнды жеңісіміз болып табылады», – деген еді Елбасымыз. Шындығында да тәртіп пен еңбексүйгіштік әрбір адамды биікке көтеріп, жұлдызға айналдырады.  Әр адамның өз өмірінің сапасы, оның атқарған еңбегінің сапасының нәтижесіне, өз кәсібіне деген адалдықпен, терең біліммен, жоғары сауаттылықпен, құқықтық саясатты терең меңгергендігімен өлшенеді. Тау-тау болып үйілген сандық көрсеткіштерді сөйлете білу де -өнер.  Басқармада  жоғары білімді  8 мемлекеттік қызметші және екі маман келісім шартпен жұмыс  атқарады.Солардың ішінде өз ісінің нағыз  шеберлері, жетекші мамандар Назира Боранбаева мен Әсима Қарымсақова,  Үсен Қашағанов пен Жанәлі Ільясовтармен қалай мақтансақ та жарасады.
-Мереке қарсаңында айтар тілегіңіз?
-Көз сүріндірер сандық көрсеткіштерді терең сүзгіден өткізіп, сараптау кез келгеннің қолынан келе бермейтін мамандық. Осындай қасиетті де ұлағатты мамандықтың беделін биіктетіп, абыройын асқақтатып жүргендерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасының бақытын тілеймін.
-Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болып, әрдайым  табыс биігінен көріне беріңіздер.
Сұхбаттасқан Г. Әбдіқұлова.



Обновлено 07.11.2012 16:16
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін136
mod_vvisit_counterКеше601
mod_vvisit_counterОсы аптада1858
mod_vvisit_counterӨткен аптада4952
mod_vvisit_counterОсы айда7372
mod_vvisit_counterӨткен айда18846
mod_vvisit_counterБәрі1090909

Серіктестер