Онлайн газет



Ақынын ардақтаған ел азбайды

Қ.  Шотбасов,
«Ауыл жаңалығы».

Байзақ өңірі өнерпаздарға бай екенін айтар болсақ  ұлттық болмысты ұлықтап, айтыс өнерінде алдыңғы лектен көрінген ақындардың бірі

Әзімбек Жанқұлиев болатын. Ауданымыздың Шахан ауылында туылған ол ақындық  дарынын ерте танытқан. Кейін Ауғанстанда интернационалдық жауынгерлік борышын өтеп келгеннен кейін айтыс өнеріне етене ден қойды. Өзіміздің өңірдегі айтыстарды былай қойғанда республикалық, халықаралық  сайыстарда топ жарып жүрді. Жыр жарысында талай сайыпқырандарды тізе бүктірген Әзімбектің даңқы қазақ қауымына кең тарағаны мәлім. Әттең ақынның өмірі қысқа болды. Қырықтың қырқасынан енді асып, кемелдену кезеңіне аяқ басқан шағында бақиға жол алды. Өзі бақилық болғанымен ел есінде өшпес өнері қалды. Ақиық ақын тірі болғанда биыл елу жасқа толар еді.
Осыған орай өнер майталманына арналып өңірде айтулы іс шаралар өткізілуде. Солардың қатарында өткен жұма күні әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде айтыскер ақынға арналып облыстық ақындар айтысы өтті.
«Алты Алашқа танылған ақын еді…» атты облыстық ақындар айтысының басты мақсаты ақынның өлмес өнерін, өшпес өлеңдерін айтыс өнері арқылы халыққа жеткізу, Әзімбектің суырып салма айтыскерлігін үлгі ете отырып, ел ішінен жас айтыскер ақындардың өсіп, жетілуіне ықпал ету, ұлттық өнер-айтыстың өрісін кеңейту болып табылады.
Өнер додасы ақындарды сахна төріне шақырып, таныстырумен басталды. Сайысқа 14 ақын келіпті. Жартысына жуығы Байзақ ауданының ақындары болса, қалғандары Тараз қаласы, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу ауданынан келгендер. Арасында айтыстың ақтаңгер тарландары да, сахнаға соңғы кезде шығып жүрген жас талапкерлер де бар.
Сөз сайысының бастауы аудан әкімі М.Шүкеевтің құттықтау сөзімен басталды. Айтыстың киелі өнер екенін, сол ұлттық өнерімізді өрістетуде Әзімбек Жанқұлиевтің өзіндік өрнек қалдырғанын айта келе ол айтыскерлерге сәт сапар тіледі. Сахна төріне ақынның қайын енесі Күлан Сапарәлиева шақырылып, құрмет көрсетілді. Ол жауынгер ақынның жандүниесі туралы толқи тұрып, толғана сөйледі. Ақын Ә. Жанқұлиев өскен ауылдың келіні Перизат Оспанова сазы мен сөзін өзі шығарған «Әзімбекке арнау» әнін орындап, жиналған қауымды риза етті.
Айтысты бірінші болып байзақтық Әсет Дүйсебаев пен Тараз қаласынан келген Мұса Күзембай бастады. Екеуі де бастаудан-ақ сан доданы көрген тарлан екенін таныта білді. Сәлемдесуден кейін-ақ Әзімбектің айтыс өнеріндегі өзіндік орнын жырға арқау етіп, арасында сөз қағыстыруға түсіп қалып жатты. Осылайша біріне бірі ілесе шығып, жеті жұп тақырыпты өз өресіне сай ашып, жеткізе айта білді. Тарланбоздармен қатар шапқан байзақтық Кеңесбек Шалқар, тараздық Дидар Апбасов сияқты оқушылар да талантты талапкерлер екендіктерін көрсете білді. Ақындар арасындағы жалғыз қыз Т.Рысқұлов ауданынан келген Аруна Керімбек болашағынан үлкен үміт күттіретін жас айтыскер екенін танытты. Орынды ой толғап, толымды сөз айтқан жас қыз тісқаққан айтыскерлер алдында тайсақтап тартынып қалғаны жоқ. Қалай дегенде де жыр додасына қатысқандардың бәрі де бірінен бірі асып түсіп, дарындылықтарымен дараланып көрініп жатты.
Айтыстың бірінші айналымында суырылып шыққан алты ақын екінші кезеңге жіберілді. Олар бұл кезеңде де өздерінің өрелерін танытты. Ақын Әзімбектің өнердегі өрнекті жолын ашып көрсете отырып, ол көтерген тақырыптарды одан әрі толғады.
Айтыс мәресінде осы алты ақын өзара жүлделі орындарды бөлісті. Нәтижеде бірінші орынды байзақтық Бақытжан Әкімбаев иеленіп, теледидарды сыйға алды. Осы ақынның жерлесі Әсет Дүйсебаев пен Дидар Басықараев екінші орынды еншіледі. Бұл күйшілігімен көзге түсіп жүрген Дидардың айтыс өнерінде де төселіп келе жатқанын аңғартты. Үшінші орынды Сарысу ауданынан келген Алик Бекмұсаев, Т.Рысқұлов ауданынан келген Аруна Керімбек және тараздық  Нұрлыбек Құрмановтар қанжығаларына байлады. Қалған айтыскерлер де арнаулы, ынталандыру сыйлықтарын  алды. Сондай-ақ, айтыскер ақынға арнау ән шығарып, өзі орындаған П. Оспановаға да арнаулы сыйлық тапсырылды. Сыйлықтарды аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов және қазылар алқасының төрайымы А.Қасымбекова табыс етті.
Айта кетерлік бір жәйт, айтыскерлердің кейбіреуі облысымызда айтыс ақындарының мектебі жоқ екенін тілге тиек етіп жатса, біздің ауданда осындай мектептің болуы сүйсіндірді. Айтысқа қатысқандардың алтауы ақын А. Қасымбекованың мектебінен шыққандар болып және олардың үшеуі алдыңғы жүлделерді жеңіп алды. Бұл қалайда мақтануға  лайықты іс еді.


 

Обновлено 07.11.2012 16:09
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін112
mod_vvisit_counterКеше601
mod_vvisit_counterОсы аптада1834
mod_vvisit_counterӨткен аптада4952
mod_vvisit_counterОсы айда7348
mod_vvisit_counterӨткен айда18846
mod_vvisit_counterБәрі1090885

Серіктестер