Онлайн газет



Ұстаз туралы ой

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  кафедра меңгерушісі, профессор, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Пайғамбар жасынан асқан сәтімізде өткенге көз жүгіртіп, өмір жолымыз туралы ой толғап жүретін болдық. Көпті көрген  және кезінде тірі  тарих болған ағаларымыз өздерінің  тағдырларына  қатысты естеліктерін жазып кейінгі ұрпаққа тағылымдық  әңгімелер мен пікірлер қалдырып кетті. Кейде осындай игі істі қолға алмай жүрміз-ау деген ойлар мазалайды бізді.
Өткенімізге назар  аударсақ, екі нәрсенің аса қадірлі де қастерлі екеніне еріксіз бас иеміз. Оның алғашқысы әрине, бізді өсірген ата-ана, екіншісі біздерге білім беріп, азамат ретінде қалыптасуымызға, болашақ тағдырымызға, бүгінде игерген мамандығымызға негіз және бастау болған қасиетті ұстаздарымыз. Осы тұрғыдан алғанда бұл айтылып отырғандар жеке-жеке тұжырымды әңгіме боларлықтай, өзімізді де басқаларды да ойландыралықтай келелі де ауқымды естеліктерге алып барады.
Олардың бәрін үлкен әңгіменің  айшықты негізгі ретінде асықпай,  толғана баяндамасақ бір ғана шағын мақалаға айтылғандарды сыйғызу  әрине мүмкін емес. Бүгінде тарихи тақырыпқа біраз зерттеулер жазсақ та, жазу жұмысын қолға алғанда ең алдымен бізді тарихтың жолына салған, тарихты ана тілімізде жаза және айта білуге баулыған ұстаздар еске түседі. Әлі есімізде, 5 класта алғаш рет дүниежүзінің ежелгі тарихымен таныстық. Бұл пәннен бізге қазақ тіліндегі оқулық табыла қоймады. Қайдан алғанын білмейміз, оқытушымыз Мұхаш Ахметов ағай бізге ежелгі Египет пирамидаларынан басталатын осы пәннің мазмұнын тәптіштеп айтып жаздыратын еді. Сабаққа дайындығы нашар оқушылар Мұхаш ағамыздың қолындағы картаны көрсетуге арналған ауыр да салмақты көрсеткіш таяғынан  қатты қаймығатын.
Жоғары кластарда бізге тарихтан Тұрар Сапаров ағамыз тағылым берді. Ол кісі әрбір тақырыпты жанын салып, терлеп-тепшіп барынша беріліп түсіндіретін еді. Әлі күнге дейін есімізде көрші сыныпта басқа пәннен сабақ оқып жатқанымызда қалың қабырғаның ар жағындағы басқа класта сабақ түсіндіріп жатқан Тұрар ағамыздың дауысы саңқылдап естіліп тұратын.  Осындай кісілердің арқасында тарихтан жүйелі білім алдық. Пәнді біліп қана қоймай, осы пәнге деген сүйіспеншілігіміз артты. Сондықтан да болар кейініректе шағын ғана бір сыныптан үш  бірдей тарихшы шықты. Олардың бірі менің досым өмір бойы біз білім алған Байзақ ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы мектебінде тарих пәнінен ұстаздық жасаған және директорлық қызметтерін атқарған, қазір зейнеткер Айтмұқан Тышқанбайұлы болса, екіншісі бүгінде Алматыдағы жоғарғы оқу орындарында дәріс беріп жүрген құрдасымыз Әбдірахман Әбдірәсілұлы және мен едім.
Бүгінде біздің жақсы түсінгеніміз – қалыптасқан тарихшы маман болу үшін көп оқу, үздіксіз  іздену керек. Ал енді, ғалым болу  үшін жалғыз тарихты меңгеру аз. Оған қоса қазақ тілі мен әдебиетін жан-жақты, терең білу керек. Тарихшы – ғалым болатын адам ол қазақша жақсы сөйлеп қана қоймай, ана тілімізде аса сауатты жаза да білуі керек. Онсыз ол, өзінің ғылыми ой-тұжырымдарын іргелі еңбектерде кестелі де, айшықты түрде бере алмас еді. Сондықтан да болар, тарихшы – маман ретінде және ғалым ретінде қалай қалыптасқанымыз туралы ойланғанда есімізге бізге қазақ тілінен және қазақ әдебиетінен орта мектептерде дәріс беріп, осы ана тіліміздің құнарлы мәйегін санамызға сіңіріп, қазақ тілінің қасиетті қадір-қасиетін бағалауға баулыған және осыған үйреткен ұстаздар да еріксіз еске түседі.
Солардың қатарында  бізге жоғарыда аталған мектепте (ол кезде бұл мектеп сегіз жылдық болатын) қазақ тілінен сабақ берген Пәрмеш Жақсымбетұлы ағамыз және кейіннен жоғары сыныптарда қазіргі Түймекент ауылындағы Ақжар орта мектебінде қазақ әдебиетінен дәріс берген Әбдірайымов ағамыз еске түседі. Осы ұстаздар бізді ана тілімізде ойлап қана қоймай, сол тұстағы қазақ әдебиетінің үздік туындыларымен терең танысуға және қазақ тілінің шұрайлы да бай, құнарлы да өрісті тіл екендігін түсінуімізге ықпал жасады.
Менің өзімнің өмірімде қазақ тілін терең игеруге және оны ғылыми әрі әдеби тіл ретінде бағалай білуімізге  байланысты алғашқы  қадамдар жасауыма айтарлықтай терең және шешуші әсер қалдырған Пәрмеш Жақсымбетұлы ағамыз еді. Ол кісі бізге 8 класқа дейін қазақ тілі пәнінен дәріс берді. Ол кезде біздің оқулығымыз әйгілі профессор Сәрсен Аманжоловтың авторлығымен жазылған қазақ тілі оқулығы болатын. Осы Пәрмеш ағамыздың бізге ұсынған оқулығы біздің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімізді арттырып, қазақ тілін, яғни ана тілімізді ең басты тіл ретінде қастерлеуімізге шешуші ықпалдар жасады. Қазақ тілінің аса күрделі және салыстырмалы диалектілерін, шығарманың сауатты жазылуын, қазақ классикалық әдебиетінің үлгілерін алғаш осы Пәрмеш ағамыздан естіп, қабылдадық. Пәрмеш ағай бойында әрқашан күш-қуаты тасып тұратын өте жігерлі, белсенді, жылдам іс-қимылдың адамы болатын. Сабақты түсіндірген кезде оның осы мінез-құлқы бізді ерекше баурап алатын еді. Қазақ тілінің құпия, тылсым сырларын ұғындырғанда екі көзі оттай жайнап, барынша беріле сөйлеп, жан-тәнімен, сергек көңілмен, терлеп-тепшіп түсіндіретін еді сабақты. Әртүрлі қазақ тілінің жұрнақтары мен жалғауларын қалай қолдануды сол кісіден үйрене отырып, Пәрмеш ағайдың сабағында барлық сыртқы дүниені ұмытып, бүкіл зейін қабілетіміз қазақ тілі сабағында айтылып жатқан тақырыпқа ауатын.
Соның арқасында Ақжар деген кішкентай ауылдың 8 жылдық мектебін бітірген көптеген азаматтар жоғары білім алуға талпынды. Орта мектептегі білімді  Түймекент ауылындағы 10 жылдық мектепте жалғастырған біз, оны бітірген соң Алматыға тартып отырдық. Қатарымызда  ұстазымыздан дәріс алған Қылышбай Ахметов, Айтмахан Тышқанбайұлы, Сайлау Жаманбайұлы, Әбдірахман Әбдірасылұлы, Нұрстан Нұрғалашұлы, Жаздықбай Сейдомарұлы, Құттымбет Тойшыбекұлы және т.б. бар еді. Осы кластастарымыз Алматыдағы әртүрлі жоғарғы оқу орындарының түлектері болып, біразы кейініректе ел басқарып, мектеп директоры болып ұстаздарымыздың сенімін ақтады. Пәрмеш ағамыздың сол бір қоғамда орыс тілі айқын басымдыққа ие болған заманда ана тілімізге деген сүйіспеншілігімізді оята білген, шәкірттеріне деген құштар да шынайы көңілі бізді қазақ тілін жан-жақты меңгерген, сол тілде өзінің ой-пікірлерін емін-еркін айта алатын, тіптен ғылыми тілде  еңбектер жаза алатын азамат етіп қалыптастырды.
Біразымыз сол жылдары Пәрмеш ағамыздың ықпалымен ауылдағы шағын кітапханадағы көркем әдебиеттердің соңына түсіп оқып қана қоймай, сырт көзден тасаланып өлең де жазатын болып алдық. Ұстаздың құдіретін кейін Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі ҚазҰПТ) тарих факультетіне оқуға түскенде айқын аңғардым. Қазақ тілін жақсы меңгергенім және осы тілде сауатты жаза алатыным жоғарғы оқу орындағы ұстаздарымның көзіне бірден шалынды және менің ғылым жолына түсуіме алғышарттар жасады. Пәрмеш ағамызбен студент болған соң да, ұстаздың жолын  қуып жоғарғы оқу орнын бітіріп өзіміз де орта мектепте оқытушы болған жылдары да, Свердлов (қазір Байзақ) аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған кездерде де, аспирантурада оқып жүрген жылдарда да, кейін Алматыда жұмысқа қалған соң да байланысымды үзген жоқпын.
Ол кісі кейініректе өзі туған көрші ауылға ұстаздық жұмысын жалғастырды. Азамат ретінде рухани тазалығы, білім берудегі зор жауапкершілігі, қазақ тіліне деген жеке басының орасан зор ынтасы мен құмарлығы және құштарлығы күні бүгінге дейін бізге ұстаздықтың шынайы үлгісіндей бағдар беріп отырады. Пәрмеш ағамыздың жеке басын, жанұясын жақсы білмесек те кейінгі жылдары ол кісімен  рухани жақындасқанда ағамыздың шыншылдыққа, ақиқатқа ғана емес, әзілдесуге бейім дархан да аққөңіл мінезі бірден көзге ұрып тұратын.
Бүгінде Пәрмеш ағамыздың кіндігінен тараған ұрпақтар ел сенімін ақтаған азаматтарға айналды. Төртінші сайланған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болған оның ұлы Бақытжанды көрген сайын ұстаздың өзін көргендей терең ойға кетемін. Бақытжанда әкесінің көптеген тамаша қасиеттері - әзілқойлығы, қарапайымдылығы, адамды жатсынбайтын, ақ ниет бауырмал мінезі жалғасын тапқан. Соған іштей разы болып, шүкірлік етеміз.
Бүгінде өзіміз де көптеген шәкірттер дайындап, ғылым жолында белсенді қызмет жасап жүрсек те, осы абырой-дәрежеге ұстаздарымыздың арқасында қол жеткізгенімізді әрқашан есте ұстаймыз. Осылай болуы табиғи да ғой.
Қазақтың қазақ болғаны өзінің бұрынғы бабаларын, ұстаздарын, бауырлас туыстарын әрқашан да жадында сақтап, олардан алған тәлім-тәрбиені қастерлеп, солардың қасиетті жолдарын жалғастырып отырғандығында емес пе?
Өзіміз осындай ұстанымды басшылыққа алғандықтан осы бір ұстаз туралы мөлтек сырды кейінгілерге ой салар деген ізгілікті ниетпен естелік ретінде басылымға ұсынып отырмыз.

Обновлено 19.12.2014 10:30
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін412
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1601
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40602
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247988

Серіктестер