Онлайн газет



Батырлар аллеясы “Халық қаһарманының” мемориалдық тақтасымен толықты

Қ.Шотбасов,
«Ауыл жаңалығы».

Ел ешқашан өз ерлерін ұмытпақ емес. Өйткені «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан болмақ». Осындай ел есінен шықпайтын ерлердің бірі – «Халық қаһарманы»

Ғ.Байтасов. Осы бір батыр жігіттің бейбіт күнде жасаған ерлігін елдің ешқашан ұмытуы мүмкін емес.
Естеріңізге сала кеткен артық болмас өткен жылы теріс пиғылдағы жанкештінің қатарынан бірнеше адамды өлтіріп, елді есеңгіреткені бар. Оның қолынан қаза тапқандар арасында құқық қорғау органының қызметкерлері де, бейбіт тұрғындар да болған. Жанкештінің жолына тосқауыл қою керек болғанда жауызды тоқтатқан облыстық жол полициясы патрульдік  қызметінің взвод  командирі, полиция капитаны  Ғ.Байтасов еді. Қолға түскен сәтте жанкешті жауыз «сайранның» біткенін түсініп, өзін жарып жіберуді көздеген. Осы кезде батыр Байтасов жан-жақтағы бейбіт тұрғындарды және серігін аман алып қалу үшін жауызды жерге жығып, денесін көкірегімен жапты. Жарылыстан жанкештімен бірге жанын қиғанымен басқаларды аман алып қалды. Осындай көзсіз ерлік  жасаған жол полициясының қызметкері Ғ.Байтасов Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын алған болатын.
Ер ұлының есімін мәңгілік есте қалдыруды ойлаған байзақтықтар осыған орай жүйелі шаралар жүргізуде. Жуықта батыр Байтасов оқыған «Түймекент» мектебіне оның есімін беру туралы жерлестері ұсыныс жасап, облыстық ономастикалық комиссияда қолдау тауып, жоғарғы органдарға жөнелтілді. Кеше « Халық қаһарманының» суреті мен аты-жөні жазылған мемориалдық тақтаны аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы “Батырлар аллеясына” орнатуға арналған салтанатты жиын болып өтті.
Мемориалдық  тақтаның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі М.Шүкеев батыр Байтасовтың өмір жолы мен ерлігі жайлы еске алып, оның жарқын бейнесі ұрпақтар жадынан шықпайтынын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов батыр бабалардың, асыл аталардың ерлігін қайталаған Ғазиз Байтасовтың ерлігі жас ұрпақ үшін өнеге екенін айтып, жанының жанатта болуына тілек білдірді. Осы бір жиында айрықша сезімде болған батырдың анасы Гүлзат Шеркеева болса керек. Сөз реті келгенде айрықша толқып, аз сойлеп, осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтудан әріге бара алмаған асыл ананың жантолқынысын жиналғандардың бәрі айқын аңғарды. Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі М.Қырғызбаев пен облыстық  ішкі істер  органдары мен ішкі әскер ардагерлер  кеңесінің төрағасы Ө.Смайылов халықтың қаһарман ұлы Ғ.Байтасовтың қызмет дәуіріндегі ерлік істерінен естеліктер келтіріп, оның батырлығы өңірдің ішкі істер құрамына өшпес өнеге болатынын айтты, батыр перзентін есте қалдыру шараларын ұйымдастырып жатқан байзақтықтарға ризалық білдірді.
Жиналғандар «Халық қаһарманы» Ғ.Байтасовтың жарқын бейнесін бір минут үнсіздік сақтап еске алды. «Байзақ баба» мешітінің бас имамы міндетін уақытша атқарушы Р.Абиров батыр Байтасовтың рухына құран бағыштады.
«Батырлар аллеясында» ержүрек жерлесіміз Ғ. Байтасовқа қойылған мемориалдық тақтаның пердесін аудан әкімі М. Шүкеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов және батырдың анасы Г.Шеркеева ашты. Мемориалдық тақта алдына гүл шоғы қойылды.
Батыр Байтасовтың ерлігіне тағзымды танытқан сазгер-ақын Қ.Нарбатырдың «Тағзым» әні шырқалды. Аудан әкімі М.Шүкеев батырдың анасы Гүлзат Шеркеева мен жары Гүлжамал Тәжиеваға құрмет көрсетіп, иықтарына камзол кигізіп, орамал жапты.
Ел тыныштығы, адамдардың амандығы үшін жанын қиған «Халық қаһарманы» Ғ.Байтасовқа «Батырлар аллеясында» қойылған мемориалдық тақта ер есімі ешқашан ел жадынан шықпайтынын дәлелдеп тұрды.

 

Обновлено 01.11.2012 16:11
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1416
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7433
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда33000
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203730

Серіктестер