Онлайн газет



Отты жылдың куәгері

Жетпіс Кембайұлы Жалғызтөбе ауылдық округінде тұрады

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Біз ерлік дегенде ең алдымен елін, жерін жаудан қорғаған баһадүр батырларымызбен қатар неміс басқыншыларының Кеңес Одағына қарсы Екінші дүниежүзілік соғысында қолына қару алып, фашизмге тойтарыс берген жауынгер солдаттарды ауызға аламыз. Ел басына күн туған шақта жастығына қарамай «жаным арымның садақасы» деп атойлаған ата-бабамыздың ерлігі бізді бүгінгі бейбіт күнге жеткізді.
Тарихи деректерге жүгінер болсақ, 1939-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 61 мемлекет, дүниежүзі халқының 80 пайызы қатысыпты. Соғыс қимылдары 40 мемлекетте жүріп, 110 млн. адам әскерге алынған. Соның 55 млн. адамы қаза тауып, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен. Ал, фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарған екен.
Ұлы шайқастағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі де  ұшан-теңіз. Сол кезеңдердегі отты жылдардың куәгері Жетпіс Кембайұлы бүгінде Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Аққия ауылында тұрмыс кешіп жатыр. Тоқсанның екісінен асқан қазыналы қария өткен өміріне өкінішпен қарағанымен, қазіргі тыныш, тәуелсіз заманға тәубе дейді.
- Мен 1922 жылы Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының Фрунзе (қазіргі Жетібай) ауылында дүниеге келдім. Ол кезең Кеңес өкіметінің енді келіп орныға бастаған шағы еді.  Халық ұжымдастыру, колхоздастыру саясатының қиыншылығын көріп, артынша аштыққа тап болды. Қуғын-сүргін де көптеген келеңсіздіктерге душар етсе, оның соңы сұрапыл соғысқа ұласты. Ауылдан орта білім алып, Жамбылдағы статистикалық техникумның бухгалтерлік факультетіне түсіп, оқи бастадым. 1942 жылдың басы. Жас жігіттердің барлығын соғысқа алып жатты. Мен де оқуымды тастап, 19 жасымда Отан қорғауға аттандым. Әуелі Солтүстік Қазақстанның Петропавл қаласына барып, 6 ай әскери дайындықтан өттік. Менімен бірге тағы да Жамбыл облысынан барған 300-дей өрімдей бозбала осы жерде шыңдалып, ұрыс тактикасын үйрендік. Содан пулеметші-минометші бөлімшесінде қажетті дағдыларды меңгеріп, Калинин қаласындағы майданға кіріп кеттік. Жан-жақтан атқылаған оқ, бомбалардан іштей қорқыныш-үрей болғанымен, артымызда қалған ата-ана, бауырларымыз бен туған жер үшін «Алға!» деп жауға қарсы шабуыл жасайсың. Әсіресе, ұрыс даласында Кеңес әскерлерінің ішіндегі немістерге бетпе-бет келуден тайсалмайтын қайсар қазақ ұл-қыздарының ерлігін бір сөзбен айтып жеткізу қиын.  Мұнан кейін Ржев қаласын азат етуге бағытталған айқас бүкіл күз бойы жалғасып, жеңіспен аяқталды. Осы ұрыста оң аяғымнан жарақаттанып, госпитальде ем алдым. Ол кезде толық айығып шығу деген жоқ. Жағдайың сәл тәуір бола бастады ма, қайта соғысқа жібереді.  Бұдан кейінгі айқас Оңтүстік, нақтырақ айтсақ Воронеж қаласын жаудан азат ету, одан кейін Новочеркасск, Дондағы Ростов, Кубань, Краснодар, Тихорецк, Коневск, Тамань қалаларын құтқару жолындағы майдандармен жалғасты.  47-ші армияның 31-ші дивизиясының құрамында пулеметші ретінде Қара теңіз флотымен бірге «Теңіз» операциясына қатыстым. Әрине, ол күндердің оңай болмағаны белгілі. От пен оқтың ортасы, қаншама қан, төгілген тер мен адамдардың көз жасы бір ғана «соғыс» ұғымына сыйып жатыр.  Отан үшін от кешу – басты парызымыз. Жауға қарсы тұрып, аман шыққаныңа қуанасың. Фашизммен арпалысып жүргенде 1944 жылдың жазында қайта жарақат алып, Ростов қаласындағы әскери госпитальге жіберілдім. Бұл жолғы жарақатым аса ауыр болып, майданға жарақсыз деп табылып, сол жылдың күзіне қарай елге оралдым, - дейді кешегі күндерінен естелік айтып қарт майдангер.
Ардагер  жауынгердің бұдан кейінгі өмірі де өнегеге толы. Елге оралған соң соғыстан келдім деп қарап жатпай, аяқтай алмаған оқуын бітірді. Шаруашылықта бухгалтерлік кәсіппен айналысты.  Өзі өскен Фрунзе атындағы және «Ровное» ұжымшарында 40 жыл бухгалтер болып, 5 жыл пошта бөлімшесінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Отау тігіп, түтінін түтетті. Ұрпақ өсірді, оларды жетілдірді. Ұрпақ демекші, Жетпісбай атаның жары Мұраткүл Сырғабайқызымен бірге тәрбиелеген 10 баланың барлығы да  оқыған, қазіргі таңда әр салада жемісті жұмыс істеуде. Тұңғышы Серік – аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы болса,  кенжесі Ахмет  – жеке шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. Осылайша қалған ұл-қыздары да бірі мұғалім, бірі денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Әттең, сол Мұраткүлі бүгінде тірі болғанда ұрпақтарынан өрбіген 31 немере, 12 шөберенің ортасында қос жұп бірге отырар еді... 
Қош, қаншама қиыншылықты басынан өткізгенімен еш мойымаған қазыналы қарт кейінгі ұрпақтардың аман-есен жетіліп келе жатқанына риза.  Кейде қолына домбырасын алып “Балқадиша”, “Жезкиік” әндерін әуелететін Жетпісбай ата өткен күндерін еске түсіріп, көзіне  жас алады.  Кеудесінде ерлігі еленгенін байқататын түрлі медаль, ордендері жарқыраған қарт майдангердің батылдығы мен батырлығына біз де бас иіп, деніне саулық тілейміз.

Обновлено 30.04.2014 11:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін156
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6173
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31740
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202470

Серіктестер