Онлайн газет



Ақпараттар ағыны

Ғашықтар күні аталып өтілді

Әулие Валентин күнін мерекелеудің орнына өзіміздің лиро-эпостық жырлардағы кейіпкерлеріміздің махаббатын дәріптеу туралы әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Құр сөз етілмей, биыл соны іс жүзіне асыру ретінде жуырда әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде

аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  бастамасымен «Бозбала мен бойжеткен» атты ойын-сауық сайысы болып өтті. Аудандағы білім ошақтары, атап айтар болсақ - Сарыкемер, Қазақстанның 40 жылдығы, Ю.Гагарин, Н.Киікбаев орта мектептері мен Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясы және «Байзақ» колледжі қатысқан сайыста оқушылар «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Қалқаман мен Мамыр», «Ақан сері мен Ақтоты» кейіпіне еніп, бес кезең бойынша бақ сынады. Осы есімдермен өздерін таныстырып, өнер көрсетті, сұрақ сынынан өтті. Сайыста қыз-жігіттердің киім кию үлгілері де ерекше болды. Осыған орай барлық сынақтардың қорытындысы шығарылып, «Байзақ» колледжінің «Қалқаман мен Мамыр» жұбы бас жүлдені иемденді. Осы және өзгеде жүлделі орындарға ие болған білім ошақтарының оқушылары бағы сыйлықтарға ие болды.

 

Өз тілшіміз.


Жүлдемен оралды

Қ. Турежанова,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынабсары.

Қылқаламға жан бітіріп, өнерімен  дүйім жұртты тәнті етіп жүрген  балғын суретшілер арасында өткен жарыста аудан орталығындағы балалар және жасөспірімдер  орталығының  тәрбиеленушілері топ жарып, ауданымыздың мәртебесін  биіктетіп тастады.
Жақында Тараз қаласында Жамбыл облысындағы көркемсурет мектептері және БЖО жанындағы көркемсурет студиялары арасында “Графиттер шеберлігі”  атты облыстық академиялық суреттер байқауы өтті.
Аталмыш сайысқа Тараз қаласынан, барлық аудандардан, жалпы 150 оқушы қатысып,  үміткерлер  12- 13  және 14-16 жас аралықтарында сайысқа түсті. Екі кезеңнен тұратын сайыста аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының түлектері  Фариза Рахымбердиева (ұстазы А. Ерханова)    бірінші орынды, Жақсылық Исламов (ұстазы Қ. Бердалы)  екінші орынды иемденді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен қоса Мақтау қағаздары тапсырылды.

Әжелер ән айтып,
би биледі

“Әже” десе кимешегін киіп алып, құрақ құрап, тоқыма тоқып отырған абыз ананы көз алдымызға елестетеміз. Немересіне ертегі айтып, жетектеп жүретін апа-әжелеріміз өнерге де бай. Мұны Үлгілі ауылдық мәдениет үйінде өткен аймақтық «Ал, қанекей әжелер!» байқауында байқадық. Үлгілі, Бурыл, Көктал, Қостөбе елдімекендерінен келген ақжаулықтылар байқау барысында ән айтып, би биледі. Қолөнер бұйымдарын көрсетіп, сұрақтарға жауап берді. Өткеннің өнегелері іспеттес әжелеріміз тарапынан ата-бабаларымыздан қалған салт-сана, дәстүр паш етілген қызғылықты сайыста көпшілік абыз аналардың өнеріне тәнті болды. «Ал, қанекей әжелер!» байқауының бас жүлдесін үлгілілік Роза Макенова қанжығасына байлады. І орынды Бурыл ауылынан келген Қалдыкүл Төлендиева әжеміз, ІІ орынды Үлгілі ауылынан  Мамаева Бархыт, ІІІ орынды Көктал елдімекенінің намысын қорғаған Қыпшақбаева Қанымкүл әжелеріміз иемденді. Қостөбе ауылдық округінен келген Сағынбекова Написахан әжеміз ынталандыру сыйлығын жеңіп алды. Жеңімпаздардың барлығы ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған бағалы сыйлықтармен марапатталып, Грамоталармен мадақталды. Байқаудың өз дәрежесінде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Үлгілі ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Г.Молдақалықова және ауылдағы «Жастар орталығының» ұйымдастырушысы Ә.Құдайбергеновтың еңбегін ерекше атап өткен ләзім.

Топ жарған  спортшылар

«Спорт патшайымы» аталатын жеңіл атлетиканы жанына серік етіп, ауданымыздың атын шығарып жүрген спортшылар  аз емес. Жеңіл атлетиканың негізгі түрі — жүгіруден облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған Жаңатұрмыс орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Өмірәлиевтің тәрбиелеген шәкірттері бүгінде ауданның мерейін үстем етіп келеді.  Желаяқтың   ізбасарлары: Жанерке Нұрбайқызы 2011 және 2012 жылдары, ҚР-ның  екі дүркін жеңімпазы атанса,   аталмыш мектептің 10 – сынып оқушысы Руслан Сейтқан Қызылорда қаласында өткен «Алтын күз» республикалық кросста  нағыз желаяқ екендігін танытқан болатын.
Таяуда Тараз қаласының орталық стадионында Шымкент қаласында өтетін жеңіл атлетикадан жазғы спартакиадаға облыстық іріктеу жарысы өтті.1997-98 жылдары туылған жасөспірімдер арасында 1500-3000 метрге жүгіруден алдына жан салмай,  мәре сызығына бірінші боп жеткен Руслан Сейтқан алдыңғы үштіктің қатарынан көрінсе,  10 – сынып оқушысы Алмас Тоқтасын ядро және найза лақтырудан шашасына шаң жұқтырмай,  бірінші орынды иеленіп, Жамбыл облысының жеңімпазы атанды. Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры Е.Қалменов  жеңімпаз спортшылар Р.Сейтқан мен  А.Тоқтасынды және   жаттықтырушы Н.Өмірәлиевті  құттықтап, құрмет көрсетті. Қос  жеңімпаз  Руслан мен Алмас жақында Шымкент   қаласында   өтетін дүбірлі   жарыста  облыс    намысын      қорғайтын  болады.

Өз тілшіміз.

Обновлено 28.04.2014 11:07
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін621
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6638
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32205
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202935

Серіктестер